Кітапхана – қазыналы бір әлем

x`Кітапхана — білім ордасы. Бұл жерде әр адам өзінің жеке дамуына көңіл бөліп, білімін арттырады. Кітапхана халқымыздың әдеби, мәдени және рухани дамуына өзіндік үлес қосып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде өткізген кеңесте кітапханалардың тым аз екенін атап өткен. «Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында кітап оқу мәдениеті жайлы айттым. Алайда қалада кітапханалар желісі дамымай тұр. Астанада небәрі 18 кітапхана бар. Оның кейбіреуі 40 шаршы метрден аспайтын бөлмеде отыр. Кітапханалар заман талабына бейімделіп, коворкинг орталығы сияқты жұмыс істеуі керек. Бұл салада ақпараттық технологияны кеңінен қолданған жөн. Әр ауданда заман талабына сай кітапхана ашу қажет», деді Президент. Қазіргі уақытта Астана қаласында 22 кітапхана жұмыс істейді. Астана қаласы әкімдігінің Орталықтандырылған кітапхана жүйесін жаңғырту нәтижесінде 2023 жылы 4 кітапханаға, 2024 жылы 8 кітапханаға жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы қаланың кітапхана желісі тағы 4 кітапханаға ұлғайды (осылайша кітапханалардың жалпы саны 22 кітапхананы құрады). 2025 жылдың IV тоқсанында елордамыздағы кітапханалар саны 25 кітапханаға жетеді. Биылғы жылы елордамызда 3 кітапхана жаңғыртылып, 3 жаңа кітапхана қала тұрғындарына ашылуда.
Конституция күні қарсаңында Астана қаласында № 12 көпшілік кітапханасының салтанатты ашылуы өтті. Кітапхананың салтанатты ашылуына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы Фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Сабыржанұлы, «Аманат» партиясы Астана қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мухаммед Болысбек Әбдіәшімұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Астана қаласы мәслихатының депутаттары, сондай-ақ мәдениет саласының өкілдері мен кітапхана қызметкерлері қатысты. Шара қонақтары кітапхана залдарына экскурсия жасап, кітап қорымен танысты, оқу залына барып, бірден кітапханаға жазылып, үйде оқуға арналған жаңа кітаптарды алды. Шара барысында Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Айбары асқақ Ата Заң» атты кітап көрмесінің тұсаукесері өтті. № 12 көпшілік кітапханасында абонементтік, мультимедиялық және оқу залдары бар. Ал кітап қоры 3 мыңнан асады.
Гүлбадан Мәдибаева, Астана қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы:
Біз жыл сайын 2-3 мың оқырман қабылдаймыз деген жоспарымыз бар. Бір мезетте бұл кітапхананың ішіне 20-30 адам келіп, қызмет алуға болады. Бұл жерде көрсететін қызметтің бәрі тегін. Сондықтан жастарға өзінің дамуына, өсуіне, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға жалпы қала тұрғындарына өте үлкен мүмкіндік. 2025 жылдың соңына дейін елордадағы кітапханалар саны 25-ке жетеді деп жоспаралуда. Басты мақсат қолжетімді әрі сапалы инфрақұрылым құрып, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру.
Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір. Ал, кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы – кітапханашылар. «Кітап – білім бұлағы» демекші, мектеп кітапханасы кішкентай болғанымен атқарар қызметі үлкен. Бұл орын – оқушылардың шығармашылық жұмыстармен шұғылдануына көп ықпалын тигізеді. Кітапхана оқырманның талап-тілектерін қанағаттандырып, оқумен тәрбиелеп, қажет болған жағдайда тиімді шешімдерді қабылдауды үйретеді. Кітапхананың құр санын көбейтіп қана қоймай, сапалы қызмет көрсету – басты міндет. Бұл, ең бірінші, инфрақұрылымға байланысты болса, екінші, осы жердің жағдайына байланысты. Яғни, тұрғындарға кітапхананың жақын болуына, интернеттің қосулы тұруына, оқырмандардың кофе-шайын ішіп, қажетті кітабын оқи алуына, кітапханашылардың оқырмандарға сапалы қызмет көрсетуіне байланысты.
Кітап күнделікті өміріңіздің ажырамас бөлігіне айналуы керек. Ата-анасы 10-15 минут бос уақыты пайда болған кезде балаларына дауыстап оқып беретін бірнеше кітаптың болғаны дұрыс. Жергілікті кітапханада оқырман билетін аштырыңыз. Балаңызды ертіп, кітапханаға барыңыз. Бірге уақыт өткізу, бірлесіп кітап таңдау сіздерді жақындатып қана қоймай, балаңыздың қандай тақырыптарға көбірек қызығатынын білуге мүмкіндік береді. Балаңызға оған қызықты тақырыптар аясында жазылған кітаптарды табуға көмектесіңіз. Проза болса да, журнал немесе комикстер болса да оқуға рұқсат етіңіз, себебі қазір не оқитыны емес, оқығысы келетіндігі маңызды. Балаңызға дауыстап оқу кезінде ыңғайлы орын таңдаңыз, себебі ыңғайлы орын – баланың алаңдамай, оқығаныңызды мұқият тыңдайтындығының кепілі. Оқу барысында балаңызға келесідей сұрақтар қойыңыз: Ары қарай не болады деп ойлайсың? Кеше оқиғаның қай жеріне дейін оқыдық? Басты кейіпкерлердің аттары кім? Саған кейіпкерлердің қайсысы ұнайды? Неге? т.б. Бір бос минутыңыз бола қалса, балаңызға дауыстап оқыңыз. Өзіңізбен үнемі кітап алып жүріңіз. Мысалы, дәрігерге кезекті күтіп тұрғанда, басқа да жағдайларда балаңызға кітап оқып бере аласыз. Балаңыз жақсы көретін кітапты, кітаптың қызықты, есте қалған, ұнататын бөліктерін қайта-қайта оқудан жалықпаңыз. Бірнеше рет оқығаннан кейін баланың тілі жаттығып, бала тез оқи бастайды. Ал ол өз кезегінде баланың өзіне дегесенімділігін арттырады. Балаңызға ұйықтар алдында, кез келген уақытта ертегілер мен басқа кітаптарды дауыстап оқыңыз. Дауыстап кітап оқу – баланың демалып, ұйқыға дайындалуының ең жақсы жолы.
Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА




