Өңір басшысы жас домбырашы Ұлжан Шүренді қабылдады

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Қазанғап атындағы өнер мектебінің оқушысы, жас домбырашы Ұлжан Шүренмен кездесті.
Ұлжан — домбыраны жанына серік етіп, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген жас өнерпаз. Ол түрлі байқауларға қатысумен қатар, қоғамдық орындарда халық әндерін орындап, ұлттық өнерді кеңінен насихаттап келеді.
Кездесуде аймақ басшысы Ұлжанның өнеріне қолдау білдіріп, мәдени мұраны сақтау мен дәріптеудің маңызына тоқталды.
Сондай-ақ биыл туғанына 100 жыл толған Бәкір Тәжібаевтың шығармашылығын насихаттағаны үшін ерекше ризашылығын жеткізді.
«Ұлттық өнер – халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан асыл мұрасы. Кішкентай болсаң да, ұлттық өнерге деген құрметің мен талпынысың мені қуантты. Өнер жолында талмай ізденіп, биік белестерді бағындыра беруіңе тілектеспін», – деді Асхат Шахаров.
Облыс әкімі басқосуда бала қабілетін дамытудағы отбасы мен ұстаз еңбегін де атап өтіп, Ұлжанның шығармашылық дамуына үлес қосып жүрген анасы мен ұстазын «Алғыс хатпен» марапаттады. Ал Ұлжанға атаулы домбыра мен кітап толы сөмке сыйлады.
Жас әнші кездесуде «Ақбұлақ» әнін тамылжыта шырқады.

ПІКІР ЖАЗУ