Қаржы секторы – ел экономикасының маңызды бөлігі

Қаржы секторы – ақшаның дұрыс айналымын қамтамасыз ететін жүйе. Қаржы секторына банктер, сақтандыру компаниялары, қор биржасы, төлем жүйелері кіреді. Банк – адамдардың ақшасын сақтайтын сенімді орын. Банкте ақша жинауға, карта ашуға, басқа адамға ақша аударуға болады. Кейде адамдар үй немесе кәсіп ашу үшін банктен несие алады.

Кейде өмірде күтпеген жағдайлар болады. Мысалы, көлік бұзылуы немесе үйге зиян келуі мүмкін. Осындай кезде сақтандыру компаниялары көмектеседі.

Ірі компаниялар өз кәсіптерін дамыту үшін арнайы бағалы қағаздарын сатады. Оны сатып алған адамдар кейін табыс табуы мүмкін. Бұл жұмыс қор биржасында жүзеге асады.

Қазір дүкенде қолма-қол ақша ұстамай-ақ, банк картасымен немесе телефон арқылы төлем жасауға болады. Мұның бәрі төлем жүйелерінің арқасында іске асады. Қаржы саласында әртүрлі мамандар еңбек етеді.  Банкир – клиенттерге қызмет көрсетеді. Экономист – елдің экономикасын зерттейді. Қаржыгер – ақшаны тиімді басқаруды жоспарлайды. Бухгалтер – мекеменің кірісі мен шығысын есептейді. Кассир – ақша қабылдап, береді. Аудитор – қаржылық құжаттардың дұрыс жүргізілгенін тексереді.

Бұл мамандардың бәрі адамдардың ақшасының қауіпсіз әрі дұрыс пайдаланылуына үлес қосады. Қаржылық сауатты адам ақшасын жоспарлап жұмсайды. Қажетсіз заттарға ақша шашпайды, ақша жинай біледі, болашағын ойлайды. Сонымен қатар қарызды жауапкершілікпен алады, алаяқтардың арбауына түспейді. Осындай қасиеттер адамның өмірін жеңілдетіп, армандарына жетуге көмектеседі.

Балалар ақша туралы нені білуі керек?

Егер саған ата-анаң қалта ақшасын берсе, оның бәрін бір күнде жұмсаудың қажеті жоқ. Ақшаны үш бөлікке бөлуге болады:

  1. Қажетті заттарға жұмсау.
  2. Болашаққа жинақтау.
  3. Жақсылық жасауға немесе күтпеген жағдайға сақтау. Бұл – ақшаны дұрыс басқарудың қарапайым жолы.

Қызықты дерек

Ежелгі заманда адамдар ақша орнына тұзды, малды, аң терісін және түрлі бұйымдарды айырбастаған. Кейін металл тиындар пайда болды. Ал бүгінгі күні адамдар банк картасы, телефон және тіпті интернет арқылы төлем жасай алады.

Ол адамдардың ақшасын сақтауға, төлем жасауға, ақша жинауға және кәсіпті дамытуға көмектеседі. Ал қаржылық сауаттылық – әр адамның өмірінде қажет маңызды білім. Ақшаны дұрыс жоспарлап, үнемдеп және орынды жұмсай білген бала болашақта жауапты әрі табысты азамат болып өседі.

Г.Тұрлыбекова

ПІКІР ЖАЗУ