Балалары – оның талантының жалғасы

Адам туралы ерекше ықыласпен айтқың келетін сәттер болады. Өйткені ондай жандар – елдің мерейі, ұлттың мақтанышы. Сондай тұлғалардың бірі – қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі, әдебиет пен өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, Қазақстанның халық суретшісі Амандос Атибекұлы Ақанаев.

Егер сіз әйгілі суретші Ақанаев туралы естіп, оның шығармашылығымен таныс болсаңыз, өзіңізді бақытты жан санай аласыз. Ал егер оның шеберханасына барып, қылқалам шеберінің қайталанбас туындыларын өз көзіңізбен көрген болсаңыз, онда сіздің жолыңыз болғаны.

Алайда бұл мақала Амандос Ақанаевтың өзі туралы емес. Жуырда маған Талғар ауданының Бесағаш ауылындағы оның балаларының шаңырағында қонақта болудың сәті түсті. Бұл – Ақанаевтар әулетінің басын қосатын, отбасының жылуы мен шығармашылық рухы тоғысқан қасиетті мекен. Шаңырақтың шырайын келтіріп отырған – суретшінің сүйікті қызы, белгілі қылқалам шебері Ботагөз Ақанаева.

Ақанаевтар әулетінің шығармашылық болмысын тану үшін олардың шежіресіне үңілген жөн. Бұл әулеттің тамыры өткен ғасырдың басына барып тіреледі. Амандос Ақанаевтың әкесі Атибек пен анасы Бубихан елге қолөнер шеберлері ретінде танылған жандар болған. Сондықтан осындай өнерлі отбасында қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті тұлғасының дүниеге келуі заңдылық еді.

«Тектіден текті туады» дейді халқымыз. Адамның шыққан тегі мен отбасындағы тәлім-тәрбие оның өмір жолына үлкен ықпал етеді. Мұның айқын дәлелі – Амандос Ақанаев пен жары Нелли Бубэ тәрбиелеп өсірген перзенттері. Студенттік жылдары шаңырақ көтерген жұп үш бала тәрбиелеп өсірді. Олар – Руслан, Ботагөз және Ескендір Ақанаевтар. Үшеуі де көркем білім алып, кескіндеме, графика, мүсін және инсталляция өнерінде өз қолтаңбасын қалыптастырған танымал суретшілерге айналды.

Отбасындағы жалғыз қыз Ботагөз әке-шешесінің ерекше ықыласына бөленген. Ол ата-анасының берген тәрбиесін әрдайым үлкен алғыспен еске алады.

– Әкем мені ең алдымен еңбекқорлыққа тәрбиеледі. Еңбекті қадірлеуді, ұқыптылықты үйретті. Тіпті үйдің жұмысынан бастап, еден жуудың өзіне дейін баулыды, – дейді Ботагөз күлімсіреп. – Кейін мұның бәрі отбасылық өмірімде көп көмегін тигізді. Мен белгілі қазақ ақыны Қадыр Мырза Әлидің әулетіне келін болып түстім. Әкемнің маған сіңірген қазақы тәрбиесіне әрдайым ризамын. Ол: «Өмір – еңбек. Егер бойыңда талант болса, оны тек еңбек қана шыңдайды», – деп жиі айтатын. Осы сөздер менің бүкіл өміріме бағыт-бағдар болды. Әкем бойымдағы өнерге деген қабілетті алғаш болып байқап, соны дамытуыма жол ашты.

Г.Тұрлыбекова

ПІКІР ЖАЗУ