Әр тамшының қадірі

Күндердің күнінде Айбек, Әсел және олардың досы Нұрдәулет жазғы демалыста ауылға қонаққа келді. Ауылдың таза ауасы, құстардың әсем үні, бұлақтың сылдыры балалардың көңілін көтеріп, ерекше әсер сыйлады.
Таңертең олар аулаға шығып ойнап жүргенде, Айбек шлангіні қосып қойып, велосипедін жуып жатты. Су тоқтаусыз ағып, жол бойымен сайға қарай кетіп жатты.
– Айбек, суды неге жаппайсың? – деді Әсел.
– Ештеңе етпейді. Су көп қой, – деп жауап берді Айбек.
Осы кезде аулада гүл суарып жүрген атасы балалардың әңгімесін естіп қалды.
– Балалар, бір сәтке бері келіңдерші, – деді атасы.
Балалар атасының жанына келді.
– Сендер таза су ешқашан таусылмайды деп ойлайсыңдар ма?
– Иә, өзендер мен көлдер көп емес пе? – деді Нұрдәулет.
Атасы күлімсіреп:– Жер бетінің көп бөлігін су алып жатыр. Бірақ оның басым бөлігі – тұзды теңіз суы. Ал адамдар ішуге пайдаланатын таза су өте аз. Сондықтан әрбір тамшы судың қадірін білуіміз керек, – деді.
Балалар ойланып қалды.
– Бір краннан тамшылап тұрған суның өзі бір тәулікте бірнеше литр суды босқа ағызады. Ал мыңдаған үйде осындай жағдай болса, қаншама таза су рәсуа болады.
Балалар алғаш рет судың соншалықты маңызды екенін түсіне бастады.
Келесі күні атасы оларды ауыл шетіндегі бұлаққа алып барды. Бұлақтың суы мөлдір еді. Су түбіндегі тастар анық көрініп тұрды.– Осы бұлақтың арқасында ауыл адамдары бұрын ауыз су ішкен. Табиғатты таза ұстасаң, су да таза болады. Егер адамдар қоқыс тастап, өзен-көлдерді ластаса, су жарамсыз болып қалады, – деді атасы.
Балалар бұлақтың жанында жатқан пластик бөтелке мен қағаздарды көрді.
– Мұны кім тастаған? – деп таңғалды Әсел.
– Өкінішке қарай, табиғатты ойламайтын адамдар болады. Бірақ табиғатты қорғау – бәріміздің міндетіміз, – деді атасы. Балалар қоқыстарды жинап, арнайы қапқа салды. Бұлақтың айналасы бұрынғыдан да көрікті болып қалды.
Сол күні кешке жаңбыр жауды. Таңертең дала тап-таза болып, гүлдер ерекше жайнап тұрды.
– Жаңбыр болмаса не болар еді? – деп сұрады атасы.
– Егін шықпас еді.
– Ағаштар қурайтын еді.
– Адамдар мен жануарларға қиын болар еді, – деп жауап берді балалар.
– Дұрыс айтасыңдар. Су – тіршіліктің көзі. Су болмаса, өмір де болмайды.
Балалар судың тек адамдарға ғана емес, барлық тіршілік иесіне қажет екенін түсінді. Демалыс аяқталған соң олар қалаға қайтты. Бірақ ауылда алған сабақтары естерінен шықпады. Айбек ең алдымен үйдегі ағып тұрған кранды әкесіне көрсетіп, жөндетті. Әсел тісін жуғанда суды босқа ағызбайтын болды.
Нұрдәулет ыдыс жуар алдында суды ретімен пайдаланып, анасына көмектесті.
Бір күні мұғалім:
– «Таза суды қалай үнемдейміз?» деген тақырыпта сынып сағатын өткізетін боламыз, – деді.
Балалар өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.
Айбек:
– Бұрын суды көп жұмсайтынмын. Енді әр тамшының қадірін білемін, – деді.
Әсел:
– Қол жуған кезде немесе тіс тазалағанда суды қажетсіз ағызбаймын.
Нұрдәулет:
– Табиғатқа қоқыс тастамаймын. Себебі таза табиғат – таза судың кепілі. Мұғалім олардың жауаптарына риза болды.
– Өте жақсы! Табиғатты қорғау үлкен істерден емес, осындай кішкентай әдеттерден басталады, – деді.
Сынып оқушылары «Суды қорғайық!» атты шағын жоба ұйымдастырды. Олар қабырға газетін шығарып, суреттер салды, мақал-мәтелдер жазды.
«Судың да сұрауы бар».
«Бұлақ көрсең, көзін аш».
«Таза су – денсаулық кепілі».
Бұл сөздер балалардың жүрегінде сақталып қалды.
Көп ұзамай мектепте экологиялық сенбілік өтті. Оқушылар мектеп ауласын тазалап, ағаштарға су құйды. Олар жаңбыр суын гүлдерді суаруға пайдалануға болатынын да білді.
Мектеп директоры:
– Сендер табиғатты сүйетін, қоршаған ортаға жанашыр балаларсыңдар. Осындай жақсы істерің өзгелерге үлгі болады, – деп алғыс айтты.
Балалардың еңбегі зая кеткен жоқ. Көп ұзамай басқа сыныптар да суды үнемдеу туралы акцияларға қатыса бастады.
Айбек бір күні үйіне келген қонақтың кранды ашық қалдырғанын байқап:
– Аға, суды жапсаңыз болады. Әр тамшы – табиғаттың сыйы, – деді.
Қонақ күлімсіреп:
– Дұрыс айтасың, жарайсың! – деп суды жауып қойды.
Осылайша бір баланың жақсы әдеті екінші адамға үлгі болды.
Уақыт өте келе балалар табиғатты қорғаудың әркімнің өзінен басталатынын түсінді. Егер әр адам суды үнемдеп, өзен-көлдерді таза ұстап, қоқысты кез келген жерге тастамаса, болашақ ұрпақ та мөлдір судың игілігін көреді.
Таза су – баға жетпес байлық. Оны жасау мүмкін емес, бірақ қорғауға болады. Әрбір тамшы – өмірдің белгісі. Сондықтан суды қадірлейік, үнемдейік және табиғатты бірге қорғайық! Балалар, су – өмірдің негізі. Оны босқа ағызбау, су көздерін ластамау, табиғатты қорғау – әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз. Бүгіннен бастап суды үнемдеуді әдетке айналдырайық. Өйткені бүгін үнемделген әр тамшы – ертеңгі ұрпақтың жарқын болашағына қосылған үлес.
Г.Тұрсынқожа
