«Ерекше» фильмі прокатқа шығады

Бұл – махаббат пен адалдық, сатқындық, рухтың беріктігі, жеңіске деген ерік-жігер туралы және әлемді өзгерту әркімнің өзінен басталатынын көрсететін картина.
Қазақстандық толықметражды «Ерекше» фильмі 19 наурыздан бастап кинотеатрлар желісінде прокатқа шығады.
Фильм Арман есімді жас жігіттің өміржолын баяндайды. Ол – алаңсыз күн кешуге үйренген классикалық «мажор». Бір күні мас күйінде көлік жүргізіп, мүлікке зиян келтіргені үшін қоғамдық жұмыстарға тартылады. Осылайша ол спорт кешеніне келіп, Әйгерім және оның БЦС диагнозы бар інісі Дидармен танысады.
Фильмдегі басты рөлдерді Жасұлан Көпберген, Ақерке Назарбекова және Расул Бауыржан сомдаған. Сценарий авторы – Сержан Серікбай. Режиссері – көрерменге «Алға» спорттық драмасы, «Келінжан» франшизасы, сондай-ақ «Жаным, ты не поверишь» және «Менің папам – тигр» фильмдері арқылы таныс Ернар Нұрғалиев.
Картина Қазақстан бочча федерациясының қолдауымен және серіктестердің демеуімен түсірілген. Жоба ерекше спортшылардың қалай өмір сүріп, немен айналысатынын көрсету мақсатында жүзеге асқан.
Kinopark кинотеатрлар желісіндегі фильм прокатынан түскен барлық қаражат мүгедектігі бар балаларды қолдауға бағытталады.