Балалар бақыты – басты назарда

Алматы облысында соңғы жылдары әлеуметтік бағыттағы бастамаларға ерекше көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау, олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау – өңір басшылығының басты назарындағы мәселелердің бірі.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қатысуымен өткен Талғар ауданындағы оңалту орталығындағы тұсаукесер рәсімі осының жарқын дәлелі болды. Бұл тек салт-дәстүрге негізделген символдық шара ғана емес, өмір үшін күрескен балалардың жаңа кезеңге аяқ басқанын айғақтайтын ерекше сәт ретінде есте қалды.
Талғар ауданындағы «Ақжол-М» оңалту орталығында ем қабылдап жүрген бүлдіршіндердің алғашқы қадамдарын жасауына куә болған жұртшылық бұл күнді ерекше толқыныспен қарсы алды. Орталықта ем алып жүрген балалар ұзақ уақыт бойы үздіксіз терапия, массаж, логопедиялық және психологиялық қолдаудың нәтижесінде алғашқы қадамдарын жасап, өмірдің жаңа кезеңіне өтті. Бұл – тек дәрігерлер мен мамандардың еңбегі ғана емес, ата-аналардың сабыры мен балалардың өмірге деген құштарлығының нәтижесі.
Шараға мемлекет және қоғам қайраткері Болат Жәмішев, «Қазақстан халқына» қорының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева және өзге де қоғамдық қор өкілдері қатысып, бүлдіршіндердің қадамының нық болуын тілеп, болашағына ақ тілектерін арнады. Сондай-ақ тілашар дәстүрінің куәсі болып, балалардың өнерін тамашалады. Балалардың өнер көрсетуі, олардың қуанышты жүздері жиынға келген көпшіліктің жүрегін елжіретті. Тұсаукесер рәсімі – қазақ халқы үшін ерекше маңызы бар дәстүр. Бұл – бала өміріндегі жаңа қадамның басталуын білдіретін, болашаққа ақ жол тілейтін игі жоралғы. Осындай рухани мәні терең дәстүрдің ерекше балалар үшін ұйымдастырылуы – қоғамның ізгілікті бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді.
Аймақ басшысы өз сөзінде бұл кездесудің жөні де, мәні де бөлек екенін атап өтті.
«Бүгінгі тілашар – ұзақ уақыт бойғы қажырлы еңбектің жемісі. Бабалардың шешендік қасиеті балаларымыздың бойына дарып, келешекте елінің мақтанышына айналатын қадірлі азамат болуын тілеймін. Тұсаукесер рәсімі – бала қадамының оң болуын тілеп, жолының ашық болуына ниет ететін маңызды жоралғы. Орталық жәрдем сұрап келген әр баланың өміріне сенім ұялатып, үміт отын жағуда. Алдағы жоспарларында қызмет сапасын бұдан да жоғары деңгейге көтеру міндеттері тұр. Біз өз тарапымыздан осы бағыттағы кез келген игі бастаманы әрдайым қолдауға дайынбыз», – деген аймақ басшысы орталық мамандарына ризашылығын білдіріп, тәрбиеленушілерге ізгі тілегін арнады.
Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар орталықта дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Қазіргі таңда 275 балаға көмек көрсетілуде. 2014 жылдан бері мұнда 1000-нан астам бала тегін ем қабылдаған.
Өмір жолында кездескен қиын жағдайға мойымай, өмірге құштарлықтың үлгісін көрсеткен жандарға қолдау көрсету облыс әкімдігінің негізгі міндеттерінің бірі болып қала береді. Оның айтуынша, әр баланың өмірге толыққанды араласуы – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Ерекше балаларға жасалған әрбір қолдау олардың болашағына салынған инвестиция. Сондықтан өңірде инклюзивті қоғам қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.
Оңалту орталығы бүгінгі таңда жүздеген балаға көмек көрсетіп отыр. 2014 жылдан бері мыңнан астам бала тегін ем қабылдаған. Бұл – өңірдегі әлеуметтік саясаттың нақты нәтижесі. Орталық мамандарының айтуынша, мұнда әр балаға жеке бағдарлама жасалып, кешенді ем жүргізіледі. Нәтижесінде көптеген балалар қозғалыс қабілетін қалпына келтіріп, өздігінен жүріп-тұруға мүмкіндік алған.
Алматы облысында ерекше балаларға арналған осындай орталықтардың санын арттыру жоспарланып отыр. Себебі мұндай мекемелер тек медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, балалардың қоғамға бейімделуіне ықпал етеді. Сонымен қатар ата-аналарға психологиялық қолдау көрсетіліп, олардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасалады.
Облыс әкімдігі әлеуметтік қолдау шараларын күшейту мақсатында бірқатар бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы жабдықтар алу, оңалту қызметтерін кеңейту, инклюзивті білім беруді дамыту бағыттары бар. Бұл бастамалар болашақ ұрпақтың тең мүмкіндіктерге ие болуына жол ашады.
Марат Сұлтанғазиевтің басқаруындағы өңірде білім беру саласына да ерекше көңіл бөлінуде. Былтыр облыс әкімі Қонаев қаласында 2024–2025 оқу жылын табысты аяқтаған дарынды оқушылармен кездескен болатын. Үздік нәтижеге қол жеткізген оқушыларды марапаттап, олардың білім мен шығармашылықтағы жетістіктерін атап өту мақсатында ұйымдастырылған шарада өңір басшысы Алматы облысының жастарын ерекше бағалап, сенім артқын болатын.
«Алматы облысы – дарынды жастардың ордасы. Мұны тек облыс орталығы ғана емес, шалғай ауыл оқушылары да дәлелдеп келеді. Астана қаласында өткен ауыл мектептеріне арналған олимпиадада облыс командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» атанып, І және ІІ орындарға ие болды», – деді өңір басшысы.
Алматы облысында жаңа мектептер салу, балабақша орындарын көбейту, ауылдық жерлердегі білім сапасын арттыру – басым бағыттардың бірі. Әсіресе ерекше балаларды біліммен қамту мәселесі назардан тыс қалған жоқ. Инклюзивті сыныптар саны артып, педагогтарға арнайы дайындық курстары ұйымдастырылуда.
Денсаулық сақтау саласында да маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Ауылдық жерлерде жаңа медициналық нысандар ашылып, тұрғындардың сапалы қызметке қолжетімділігі артуда. Ерекше балаларға арналған оңалту қызметтері облыстың түрлі аудандарында енгізілуде. Бұл ата-аналардың уақыт пен қаржы шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік бағыттағы жұмыстардың тағы бір маңызды бөлігі – қайырымдылық қорларымен әріптестік. Қоғамдық ұйымдар мен демеушілердің қолдауы арқылы көптеген жобалар жүзеге асуда. Бұл мемлекеттік және азаматтық қоғамның бірлескен жұмысының нәтижесін көрсетеді.
Алматы облысында балаларға арналған мәдени және спорттық іс-шаралар да жиі ұйымдастырылуда. Мұндай шаралар олардың әлеуметтік бейімделуіне оң әсер етеді.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай кең ауқымды мерекелік шаралар өтті. Тұрғындар мен қонақтар үшін театрландырылған қойылымдар, ұлттық ойындар, концерттер мен ерекше мәдени шаралар ұйымдастырылды. Наурыз – бұл тек халықтық мереке ғана емес, бұл – жаңару мен бірліктің, ұрпақтар сабақтастығының символы. Биыл өңірде Наурыз мерекесі он күнге созылған ерекше марафон форматында ерекше әсерлі өтті. Әр күннің өзіндік тақырыбы мен мазмұны болды. Б. Соқпақбаев атындағы қалалық парк – мұнда қазақша күрес, асық ату, гір тасын көтеру сияқты ұлттық ойындар өтеді. Сондай-ақ, қонақтар үшін арнайы фотозоналар, аниматорлар мен балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы әзірленді.
Аймақ басшысы балалардың болашағына ерекше мән беретінін әрбір кездесуде атап өтеді. Ерекше балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға арналған үйірмелер ашылып, жарыстар өткізіліп келеді. Бұл олардың өздеріне деген сенімін арттырып, қоғамда белсенді болуына ықпал етеді.Оның айтуынша, балаларға жасалған әрбір қамқорлық – ел болашағына салынған берік негіз. Сондықтан облыстағы әлеуметтік саясаттың басты мақсаты – әр баланың толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау.
Оңалту орталығындағы тұсаукесер рәсімі – тек бір күндік шара емес, үлкен жұмыстың нәтижесі. Бұл – қоғамның ерекше балаларға деген көзқарасының өзгеріп келе жатқанын көрсететін маңызды белгі. Балалардың алғашқы қадамы – олардың өміріндегі үлкен жеңіс. Ал осы жеңіске жетуге қолдау көрсеткен мамандар мен ата-аналардың еңбегі зор. Ерекше балалардың тұсауын кесу рәсімі – мейірім мен қамқорлықтың көрінісі. Бұл шара қоғамды жақсылыққа үндеп, адамдарды бір-біріне қолдау көрсетуге шақырады.
Алматы облысында алдағы уақытта осындай жобалар саны арта түседі. Жаңа оңалту орталықтарын ашу, қызмет сапасын арттыру, инновациялық әдістерді енгізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстардың барлығы болашақ ұрпақтың дені сау, бақытты болып өсуіне бағытталған.
Алматы облысында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда. Бұл бастама тек елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға, жасыл желектерді көбейтуге және халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ғана бағытталмаған. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жас ұрпақтың денсаулығы мен салауатты өмір сүруін қамтамасыз ету үшін де аса маңызды. Өңірдің барлық аудандарында тұрғындар сенбіліктерге, ағаш отырғызуға және қоғамдық аумақтарды абаттандыруға белсене қатысуда.
Болашақ ұрпаққа жанашырлық танытқан әкім ретінде Марат Сұлтанғазиевтің бастамалары өңірдің әлеуметтік дамуына тың серпін беріп отыр. Балалардың жарқын болашағы үшін жасалып жатқан игі істер жалғасын таба беретіні анық.

ПІКІР ЖАЗУ