Өңдеу секторын дамыту – экономиканың маңызды бағыты

Мұнай-газ саласындағы өңдеу секторы ел экономикасының тұрақты дамуына тікелей әсер ететін стратегиялық маңызды бағыттардың бірі болып саналады. Шикі мұнайды тек өндіру ғана емес, оны терең өңдеу арқылы қосымша құнды өнімдер алу – қазіргі заманғы өндірістің басты мақсаты. Осы тұрғыдан алғанда мұнай өңдеу зауыттарының тиімді жұмыс істеуі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, өнеркәсіптің басқа салаларының дамуына да серпін береді.

Өңдеу секторында шикі мұнай физикалық және химиялық әдістер арқылы бірнеше кезеңмен өңделеді. Алғашқы кезең – мұнайды айдау процесі. Бұл кезеңде шикі мұнай әртүрлі температурада қайнайтын фракцияларға бөлінеді. Нәтижесінде бензин, керосин, дизель отыны, мазут секілді негізгі өнімдер алынады. Кейінгі кезеңдерде крекинг, гидрлеу, реформинг және араластыру процестері жүзеге асырылады. Бұл әдістер мұнай өнімдерінің сапасын арттырып, олардың қолдану аясын кеңейтеді.

Мұнай өңдеу секторын дамыту елдің ішкі нарығын сапалы жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұнай-химия өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту арқылы импортқа тәуелділікті азайтуға жол ашады. Өңдеу кәсіпорындарында сұйытылған газ, мотор майлары, битум, авиациялық отын, дизель және басқа да көптеген өнімдер шығарылады. Бұл өнімдер көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және энергетика салаларында кеңінен қолданылады.

Қазіргі таңда өңдеу секторында жаңа технологияларды енгізу ерекше маңызға ие. Терең өңдеу деңгейін арттыру арқылы жеңіл мұнай өнімдерінің үлесін көбейтуге болады. Сонымен қатар, экологиялық талаптарға сәйкес келетін отын түрлерін өндіру де басты міндеттердің бірі болып отыр. Заманауи мұнай өңдеу зауыттары қоршаған ортаға әсерді азайту үшін тазарту жүйелерімен жабдықталып, энергия үнемдейтін технологияларды қолдануда.

Мұнай-газ өңдеу секторында тәуекелдерді басқару да маңызды орын алады. Шикізат бағасының өзгеруі, логистикалық қиындықтар, технологиялық қауіпсіздік және экологиялық талаптар өндіріс тұрақтылығына әсер етеді. Сондықтан бұл салада жұмыс істейтін кәсіпорындар тиімді басқару жүйесін енгізіп, өндірістік процестерді үздіксіз жетілдіруге назар аударады.

Мұнай-газ саласындағы өңдеу секторын дамыту – экономиканы әртараптандырудың маңызды тетігі. Шикізатты терең өңдеу арқылы жоғары қосылған құны бар өнімдер шығару, жаңа жұмыс орындарын ашу және өнеркәсіптік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.

Г.Тұрсынқожа

ПІКІР ЖАЗУ