Жарық пен жылудың достары

Бір күні жазғы демалыста Айару, Нұрсұлтан және Әли ауылдағы атасына қонаққа барды. Таңертең олар аулада ойнап жүргенде кенет жарық сөніп қалды.
– Ата, жарық неге өшіп қалды? – деп сұрады Айару.
Атасы күлімсіреп:
– Балаларым, кейде электр желілерін жөндеу немесе жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Өйткені адамдарға жарық, жылу және таза су үздіксіз жетуі үшін ескі жүйелерді уақытында жаңартып отыру қажет, – деді.
– Ол қалай аталады? – деп қызыға сұрады Әли.
– Бұл – энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту деп аталады, – деді атасы.
– Бұл өте қиын сөз екен, – деді Нұрсұлтан.
– Онда мен сендерге қарапайым тілмен түсіндіріп берейін.
Энергетика дегеніміз не?
Атасы балаларды далаға алып шықты.
– Анау алыстағы электр бағандарын көріп тұрсыңдар ма? Солар арқылы үйлерге электр энергиясы жеткізіледі. Ал электр стансаларында өндірілген қуат сымдармен мектептерге, ауруханаларға, дүкендерге және әр үйге барады.
– Егер электр болмаса не болады? – деп сұрады Айару.
– Онда шам жанбайды, тоңазытқыш жұмыс істемейді, теледидар қосылмайды, телефон зарядталмайды. Сондықтан электр энергиясы біздің өміріміздің маңызды бөлігі.
Коммуналдық сектор дегеніміз не?
– Ал коммуналдық сектор дегеніміз – адамдарға күн сайын қажет қызметтердің барлығы. Ауыз су жеткізу, кәріз жүйесі, жылу беру, газбен қамтамасыз ету, көшелерді жарықтандыру, қоқысты шығару.
– Сонда мұның бәрі бір-бірімен байланысты ма? – деді Әли.
– Әрине. Егер су құбыры ескірсе, су ысырап болады. Егер жылу жүйесі тозса, үйлер дұрыс жылынбайды. Сондықтан мұндай жүйелерді уақытында жөндеп, жаңарту өте маңызды.
Жаңғырту дегеніміз не?
Балалар атасының шеберханасына кірді. Бұрышта ескі велосипед тұр екен.
– Мына велосипедті көріп тұрсыңдар ма? Оның дөңгелегі тозған, тежегіші де дұрыс жұмыс істемейді.
– Оны жөндеу керек, – деді Нұрсұлтан.
– Дұрыс айтасың. Егер мен оған жаңа бөлшектер орнатсам, ол қайтадан жақсы жүреді. Міне, осыны жаңғырту дейді. Сол сияқты еліміздегі электр желілері, су құбырлары мен жылу жүйелері де уақыт өте келе ескіреді. Оларды жаңасына ауыстыру арқылы халыққа сапалы қызмет көрсетіледі.
Неліктен жаңғырту қажет?
Келесі күні балалар ауылдағы су мұнарасына барды.
– Бұрын кейбір құбырлар ескіргендіктен су ағып кететін. Ал қазір жаңартылған құбырлардың арқасында су үнемделеді, – деді атасы.
– Сонда жаңғыртудың пайдасы көп екен ғой?
– Әрине.
Жаңғырту арқылы электр қуаты тұрақты беріледі. Аауыз су ысырап болмайды. Үйлер жылы болады, апаттар азаяды, табиғат қорғалады, халықтың өмір сүру сапасы жақсарады.
Атасы балаларды күн батареясы орнатылған шағын үйге алып барды. Табиғатты қорғау – бәріміздің міндетіміз, деді.
– Мынау күннің жарығынан электр өндіреді.
– Сонда көмір жақпай ма? – деп таңғалды Айару.
– Жоқ. Мұндай энергия көздері табиғатқа зияны аз болғандықтан «жасыл энергия» деп аталады.
Қазақстанда жел және күн электр стансаларының саны көбейіп келеді. Бұл табиғатты қорғауға және электр энергиясын тиімді өндіруге көмектеседі. Кешке балалар өзара әңгімелесті.
– Біз де елімізге көмектесе аламыз ба? – деді Әли.
– Әрине, – деді атасы.
– Қалай?
– Егер сендер бөлмеден шыққанда жарықты өшірсеңдер, суды босқа ағызбасаңдар, электр құралдарын қажетсіз қоспасаңдар, табиғатты таза ұстасаңдар, онда сендер де энергетикалық және коммуналдық саланың дамуына өз үлестеріңді қосасыңдар. Балалар сол күннен бастап электр қуатын үнемдеуге, суды босқа төкпеуге және қоршаған ортаны таза ұстауға уәде берді.
Жазғы демалыс аяқталған соң мұғалім балалардан демалыста не үйренгендерін сұрады.
Айару:
– Мен электр энергиясының қаншалықты маңызды екенін білдім, – деді.
Әли:
– Мен ауыз судың әр тамшысын бағалау керек екенін түсіндім.
Нұрсұлтан:
– Ал мен жаңғырту дегеніміз – ескіні жаңартып, халыққа жақсы жағдай жасау екенін үйрендім.
Мұғалім қуанып: – Дұрыс айтасыңдар! Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту – еліміздің болашағы үшін маңызды іс. Ал сендер сияқты білімді, табиғатты сүйетін балалар ертең осы саланың маманы болып, Қазақстанның одан әрі дамуына үлес қоса аласыңдар, – деді.
Балалар болашақта инженер, энергетик, құрылысшы немесе эколог болуды армандай бастады. Өйткені олар елдің әр үйіне жарық, жылу мен таза су жеткізу – үлкен жауапкершілік әрі абыройлы еңбек екенін түсінді.
Г.Тұрлыбекова
