Дүйсеннің дана таңдауы

Дүйсен 11 жастағы зерек әрі алғыр бала еді. Ол ауылдағы мектептің бесінші сыныбында оқитын. Достары ойыншық пен тәттіге қызықса, Дүйсен ақшаны дұрыс жұмсаудың жолын ойлайтын. Әкесі мен анасы оған кішкентайынан еңбектің қадірін, ақшаның оңай келмейтінін үнемі айтып отыратын.
Бір күні әкесі Дүйсенге:
— Балам, ақшаны табудан бұрын оны дұрыс жұмсауды үйрену керек. Қаржылық сауаттылық – өмірдегі ең маңызды білімнің бірі, – деді.
Бұл сөз Дүйсеннің есінде мәңгі сақталып қалды. Содан бері ол қалта ақшасын қалай болса солай жұмсамайтын болды. Аптасына берілетін ақшасының бір бөлігін қажетті заттарға жұмсап, қалғанын арнайы жинақ сандығына салып жүрді. Ол әр шығынын шағын дәптерге жазып отыратын. Бір күні сыныптағы достары жаңа ойыншық сатып алуға шақырды.
— Жүр, бәріміз бірдей ойыншық алайық! – деді Ермек.
Дүйсен күлімсіреп:
— Маған ол дәл қазір аса қажет емес. Бұл ақшамды кейін керек болатын затқа сақтағым келеді, – деп жауап берді. Достары алғашында таңғалғанымен, кейін оның шешіміне құрметпен қарады. Арада бірнеше ай өтті. Мектепте ғылыми жобалар байқауы өтетіні хабарланды. Оқушыларға тәжірибе жасау үшін түрлі кеңсе тауарлары қажет болды. Кейбір балалар ата-анасынан қосымша ақша сұрады. Ал Дүйсен өз жинаған қаражатына қажетті құралдардың бәрін сатып алды.
Мұғалімі:
— Дүйсен, сен алдын ала жоспарлағаныңның арқасында ешкімнен көмек сұрамадың. Бұл – қаржылық сауаттылықтың жақсы үлгісі, – деп мақтады. Сол күні Дүйсен қаржыны жоспарлаудың қаншалықты маңызды екенін тағы бір рет түсінді.
*********************
Жазғы демалыс басталғанда Дүйсен бос уақытын тиімді өткізуді ойлады. Ол атасына бақшада көмектесіп, көкөністерді күтіп-баптады. Күзде өнім мол шықты. Атасы:
— Еңбегіңе рахмет, балам. Енді осы өнімнің бір бөлігін базарға апарып сатайық, – деді.
Базарда Дүйсен сатып алушылармен сыпайы сөйлесіп, көкөністерді ұқыпты өлшеп берді. Кешке қарай барлық өнім сатылып бітті. Атасы түскен ақшаны үш бөлікке бөлді.
— Бірінші бөлігі – еңбегіңнің ақысы. Екіншісі – келесі жылғы тұқым мен құрал-жабдыққа жұмсалады. Үшіншісі – күтпеген жағдайларға арналған қор, – деді.
Дүйсен бұл тәсілдің өте дұрыс екенін түсінді. Егер барлық ақшаны бірден жұмсап жіберсе, келесі жылы жұмысын жалғастыру қиын болар еді.
*****************
Бір күні сынып жетекшісі оқушыларға «Менің алғашқы бюджетім» атты тапсырма берді. Әркім бір айдағы кірісі мен шығысын есептеп келуі керек болатын.
Көпшілік балалар нақты жауап бере алмады. Ал Дүйсен өзінің дәптерін ашып, әр теңгенің қайда жұмсалғанын көрсетті. Мұғалім оның ұқыптылығына риза болды.
— Балалар, қаржылық сауаттылық дегеніміз – көп ақша табу ғана емес. Ол – табысты жоспарлау, артық шығыннан сақтану, үнемдей білу және болашақты ойлау, – деді.
Осы сөздерден кейін сыныптастары да қалта ақшаларын есептеп, жинақ жасауды бастады.
******************
Жаңа оқу жылы қарсаңында Дүйсен жинаған қаражатына өзіне қажетті мектеп сөмкесін, дәптерлер мен оқу құралдарын сатып алды. Артық ақшасын тағы да жинаққа қалдырды.
Әкесі баласының ісіне риза болып:
— Сен ақшаның құнын түсіндің. Бұл қасиет саған өмір бойы көмектеседі. Ақылды адам тапқанын ғана емес, оны дұрыс басқара да біледі, – деді.
Дүйсен күлімдеп:
— Мен енді үлкен армандарыма да ақша жинаймын. Болашақта инженер болып, елімізге пайдалы жаңалықтар жасағым келеді, – деді.
Сол күннен бастап оның достары да шығындарын жоспарлап, қажетсіз заттарды сатып алмауға тырысты. Олар ақшаны үнемдеу сараңдық емес, болашаққа жауапкершілікпен қарау екенін түсінді.
Қаржылық сауаттылық адамның жасына қарамайды. Ол – бала кезден қалыптасатын пайдалы әдет. Ақшаны дұрыс жоспарлап, үнемдеп, орынды жұмсай білген адам өз мақсатына сенімді қадам басады. Ал Дүйсеннің өмірі соның жарқын дәлелі болды.
Г.Тұрсынқожа
