Бір-бірімізге қамқор болсақ – қоғамымыз мықты болады

Біз күн сайын мектепке барып, достарымызбен ойнап, білім алып, арманымызға қадам басамыз. Бірақ әр адамның өмірі әрдайым бірқалыпты бола бермейді. Кейде адамдар сырқаттанып қалады, жұмысынан айырылуы мүмкін немесе күтпеген қиындықтарға тап болады. Осындай кезде мемлекет адамдарға қолдау көрсетеді. Бұл – әлеуметтік қорғау деп аталады. Әлеуметтік қорғау – адамдардың өмірдегі қиындықтарды еңсеруіне көмектесетін мемлекеттік қолдау жүйесі. Оның мақсаты – әрбір азаматтың қауіпсіз әрі лайықты өмір сүруіне жағдай жасау.
Мысалы көпбалалы отбасыларға жәрдемақы беріледі, зейнеткерлерге зейнетақы төленеді. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы көмек көрсетіледі, аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік қолдау жасалады, жұмысынан айырылған азаматтарға уақытша көмек беріледі. Осындай көмектердің бәрі әлеуметтік қорғау жүйесінің бір бөлігі.
Балалар – еліміздің болашағы. Сондықтан олардың денсаулығы, білімі мен қауіпсіздігі ерекше қорғалады. Қазақстанда әр баланың білім алуға, медициналық көмек алуға, қауіпсіз ортада өмір сүруге, демалуға, ойын айтуға, өз құқықтарының қорғалуына құқығы бар. Егер бала қиын жағдайға тап болса, мемлекет пен арнайы мамандар оған міндетті түрде қолдау көрсетеді.
Әлеуметтік қорғау тек ақшалай көмек қана емес. Ол балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасайды.
Мектепте тегін оқулықтар беріледі. Кейбір оқушылар тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Мектеп формасы мен оқу құралдарына көмек көрсетіледі. Ерекше білімді қажет ететін балаларға арнайы мамандар көмектеседі. Балаларға арналған оңалту орталықтары жұмыс істейді. Жазғы лагерьлерге жолдамалар беріледі. Мұның бәрі балалардың дені сау, білімді әрі бақытты болып өсуіне бағытталған. Егер балаға көмек қажет болса, оған көптеген мамандар қолдау көрсете алады. Олар әлеуметтік қызметкер, психолог, мұғалім, дәрігер, қамқоршылық органдарының қызметкерлері, полицияның ювеналды бөлімінің мамандары. Олардың міндеті – баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қажетті көмекті ұйымдастыру.
Әлеуметтік қызметкер – адамдарға қамқорлық көрсететін маман. Ол жалғызбасты қарттарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, аз қамтылған отбасыларға және балаларға көмек көрсетеді. Әлеуметтік қызметкер қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектеседі. Түрлі әлеуметтік қызметтер туралы ақпарат береді. Қиын жағдайдағы отбасылармен жұмыс жүргізеді. Балалардың құқықтарының сақталуын бақылайды. Әлеуметтік қызметкердің жұмысы – мейірімділік пен жауапкершілікті талап ететін маңызды мамандық. Әр адамның құқығымен бірге міндеттері болады. Балалар үлкендерді құрметтеуі, ата-анасына көмектесуі, жақсы оқуы, мектеп тәртібін сақтауы, табиғатты қорғауы, достарына қамқор болуы керек. Қоғамдағы әр адам бір-біріне сыйластықпен қараса, әлеуметтік қорғау жүйесі де тиімді жұмыс істейді.
Қамқорлық – үлкен күш
Бір күні Айдос есімді бала мектептен келе жатып, көрші үйдегі жалғыз тұратын әжейдің ауласын қар басып қалғанын көреді. Ол достарын ертіп келіп, ауланы тазалап береді. Әжей балаларға алғысын айтып:
– Сендердің жасаған көмектерің мен үшін өте қымбат, – дейді.
Балалар сол күні бір нәрсені түсінді. Әлеуметтік қорғау тек мемлекеттің ғана міндеті емес. Бір-біріне жанашырлық танытып, қол ұшын созатын адамдар да қоғамды мейірімді етеді.
Әлеуметтік қорғау – адамдарға қиын кезеңде демеу болатын маңызды жүйе. Ол балалардың білім алып, денсаулығын сақтап, қауіпсіз өмір сүруіне көмектеседі. Ал біз өз кезегімізде мейірімді, қамқор, жауапты болып өссек, еліміз одан әрі дамып, қоғамымыз берік болады. Қамқорлық – адамның ең асыл қасиеттерінің бірі. Біреуге жасаған кішкентай жақсылығың үлкен қуаныш сыйлауы мүмкін.
Г.Тұрсынқожа
