БІЛІМГЕ ҰМТЫЛҒАН БАЛА – ЕЛ БОЛАШАҒЫ!

Құрметті жас достар!
Білім – адамға жол көрсететін жарық шам. Ал сол білімнің қадірін бала жүрегіне сіңіріп, қазақ даласында мектеп ашып, ұрпақты оқу-білімге үндеген ұлы тұлғалардың бірі – халқымыздың алғашқы ағартушы ұстазы, педагог, этнограф, жазушы Ыбырай Алтынсарин.
Биыл ұлт ұстазының туғанына 185 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай республикалық «Мөлдір бұлақ» журналы «Оқысаңыз балалар, шамнан шырақ жағылар» тақырыбында эссе байқауын жариялайды. Байқауға еліміздің барлық өңіріндегі 5-11 сынып оқушылары қатыса алады.
Қымбатты оқушылар!
Бұл байқау – жай ғана эссе жазу сайысы емес. Бұл – Ыбырай атамыздың тағылымды өмірі мен өнегелі шығармашылығын танып, оның білім мен тәрбие туралы ойларын зерделеп, өз көзқарастарыңды білдіруге берілген үлкен мүмкіндік. Ыбырай Алтынсарин қазақ баласына білім берудің маңызын ерте түсінді. Ол өз өмірін ағартушылыққа арнап, мектептер ашты, балаларға арналған оқу құралдарын жазды. Оның «Кел, балалар, оқылық!» деген жалынды үндеуі бүгінгі ұрпақ үшін де өз маңызын жойған жоқ. Ұстаздың әрбір шығармасында бала тәрбиесіне қатысты терең ой бар. «Таза бұлақ», «Бақша ағаштары», «Әке мен бала» сияқты әңгімелері еңбекке, адалдыққа, мейірімділікке, білімге және жақсы мінезге үндейді. Ал Ыбырайдың «Қазақ хрестоматиясы» қазақ балаларына арналған алғашқы оқу құралдарының бірі ретінде халқымыздың білім тарихында ерекше орын алады.
Құрметті жас қаламгерлер!
Сіздер эсселеріңде Ыбырай атамыздың ағартушылық жолы, оның білімге деген көзқарасы, «Кел, балалар, оқылық!» идеясының бүгінгі күндегі маңызы туралы ой қозғай аласыздар.
«Білімді ұрпақ қандай болуы керек?»
«Ыбырайдың арманы бүгін орындалып жатыр ма?»
«Ұлт ұстазының өнегесі қазіргі оқушыға не береді?»
«Білім – ел болашағының негізі» деген сауалдарға өз ойларыңмен жауап беріп көріңдер.
Ең бастысы – дайын пікірді қайталамай, өз ойларыңды, өз көзқарастарыңды, өз жүректеріңдегі толғанысты қағазға түсіріңдер.
Эссе жазу арқылы сендер Ыбырай Алтынсариннің мұрасын тереңірек танып қана қоймай, өз ойларыңды жүйелеуге, сауатты жазуға, шығармашылық қабілеттеріңді дамытуға мүмкіндік аласыңдар.
Ыбырай атамыздың «Кел, балалар, оқылық!» деген үндеуі – барша жас ұрпаққа арналған мәңгілік шақыру.
Ал «Мөлдір бұлақ» журналының атауы да Ыбырайдың «Таза бұлақ» әңгімесімен сабақтасып жатыр. Бұл – біз үшін үлкен жауапкершілік әрі ұлы ұстаздың рухани мұрасын жалғастыруға деген құрмет.
Сондықтан, қымбатты оқушылар, байқауға белсенді қатысыңдар!
Өздерің оқыған Ыбырай шығармалары туралы ойларыңды ортаға салыңдар. Ұлт ұстазының өнегесін бүгінгі өмірмен байланыстырыңдар. Білім, ғылым, еңбек, тәрбие, отансүйгіштік туралы өз пікірлеріңді еркін жеткізіңдер. Бәлкім, сенің эссеңнен бір оқушы білімге деген жаңа құштарлық табар. Бәлкім, сенің бір ауыз сөзің біреуді кітап оқуға, ізденуге, жақсы адам болуға жетелер.
Сөздің қуаты осында!
Біздің байқауымызға қатысу арқылы сендер Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына өз үлестеріңді қосасыңдар. Ұлт ұстазының «білімді, тәрбиелі, еңбекқор ұрпақ» туралы арманын бірге дәріптейік! Қаламдарың ұшқыр, ойларың терең, сөздерің мағыналы болсын!
«Мөлдір бұлақ» журналының шығармашылық ұжымы сендердің қызықты эсселеріңді асыға күтеді!
Ізгі тілекпен,
«Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Гауһар Тұрсынқожақызы


