Акция аясында


«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы өтті

Ұлттық әдебиетімізді насихаттауды мақсат еткен «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Қостанай облысы,Амангелді ауданы, Амангелді аудандық орталық кітапханасының балалар бөлімінде ерекше кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрменің қонақтары қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Қабдеш Жұмаділовтің шығармаларымен танысты. Балалар бөлімінің кітапханашысы оқырмандарға жазушының өмірі мен еңбегі туралы баяндап, көрмедегі кітаптарға шолу жасады.
Көрмеге жазушының халық арасында кең танымал «Сайжайлау» повесі мен «Дарабоз» тарихи дилогиясының 1-2 томдары қойылды.
«Дарабоз» романында XVIII ғасырдағы қазақ халқының тарихы, елін жауға бермеген батырларымыздың ерлігі шебер суреттелген. Ал «Сайжайлау» туындысы арқылы оқырман туған жердің иісі мен ауыл адамдарының тағдырын терең сезінетін болады.


Көрмені тамашалаған мектеп оқушылары мен кітап сүйер қауым жазушы шығармаларының тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.
Біздің мақсатымыз – жас ұрпақты кітап оқуға баулып, Қабдеш Жұмаділов сияқты қаламгерлердің шығармалары арқылы ұлттық тарихымызды жадымызға жаңғырту. Кітап көрмесі бір жыл бойы оқырмандарға қызмет көрсетеді.

Ақдаулетова Шынар Қайыржанқызы, Амангелді аудандық орталық балалар кітапханасының кітапханашысы

 

ПІКІР ЖАЗУ