Мейірімді кірпі

Орманда бір кірпі тұратын еді. Бүкіл жануарлар кірпімен дос болғылары келмейтін. Қасына жақындап кетсек жарақаттанып қаламыз деп қорқатын. Сол себептен онымен ойнауды жөн көрмейтін. Мұңайған кірпі күндерін жалғыздықпен өткізетін.
Күз келді. Ормандағы жан-жануар қысқа дайындықты бастады. Суық күндерден аман шығу үшін азық жинауға кірісті. Солардың бірі – сұр қоян еді. Орман жақта бір егістікте сәбіздер өсетін. Сұр қоянның сол егістіктен сәбіз жинағанына бірнеше күн болды. Күніне екі рет сәбіз жинауға шығып жүрген қоян ініне бір күнде төрт сәбізден әкелетін. Аптаның әр сенбі күні кешке сұр қоян жинаған сәбіздерін санайтын. Жиналған сәбіздердің жалпы саны жиырма төрт болу керек еді. Санаса, он сегізі ғана бар екен. Қалған алтауы қайда екенін таппай уайымға кірді. Сұр қоян ұйқыға кетті. Келесі күні сәбіз жинап келген соң тағы да санаймын ғой деп ойлады. Таң ата сұр қоян сәбіз жинауға тағы шықты. Барлық санаған сәбіздерінің саны жиырма сегіз болды. Сұр қоян бұған таңғалып қалды. Сәбіздерінің бәрі орнында тұр екен. Бұл қалай болғаны?, -деп ойланды. Осылайша әр апта сайын қайталанып отырды.
Күндердің бір күні сұр қоян туған күнін жасау үшін барлық жан-жануарды қонаққа шақырды. Басқа да ормандардан көптеген аң-құстар, жәндіктер жинала бастады. Сұр қоянның туған күніне тек кірпі шақырылмаған екен. Мұны естіген кірпі сұр қоянға тосынсый жасамақшы болды. Оған арнап жаңа үлгідегі кеудеше сатып алды. Осылайша кірпі сұр қоянның есігін қақты. Оны көрген сұр қоян:
– Сені кім шақырды? Елге тиер пайдаң жоқ, сен бізбен қалай дос болмақшысың? – деп есікті жауып алды..
Көзіне жас толған кірпі еңсесі түсіп үйіне қайтты. Оның бар арманы дос табу еді. Кірпіге енді бұл арманы орындалмастай болып көрінді. Күндер өтті, апталар өтті. Сұр қоянның сәбіздері одан ары жоғала берді. Бір қызығы жоғалған сәбіздер қайтадан өз орнына келіп отырды.
Сұр қоян демалу үшін достарымен серуенге шықты. Алдарынан сәбіз көтеріп жүгіріп келе жатқан кірпіні кездестірді. Сонда сұр қоян:
– А-а, бәлем, сен екенсің ғой, менің сәбіздерімді ұрлап жүрген? Қалайша білмегенмін? – деп кірпіден сәбіздерін тартып алды.
Мұны естіген кірпі не дерін білмеді. Осылайша жылап қалған кірпі тікенегінің қоянның достарының біріне тиіп кеткенін байқамай қалды.
Не деген сұмдық, осыдан кейін сенімен қалай дос боламыз? – деп айқай салды қояндар.
Кірпі көз жасымен үйіне қарай жүгіре жөнелді. Сұр қоян достарын ініне шақырды. Інге жақындап қалған кезде олар алаяқ түлкіні көрді. Оның қолында сұр қоянның жинап жүрген сәбіздері бар екен. Алаяқ түлкі қаша жөнелді. Сол кезде ғана сұр қоян кірпінің керісінше көмектесіп жүргенін түсінді. Ол істеген қылығы үшін қатты қынжылды. Осылайша кірпінің үйіне кешірім сұрап келді. Кірпіге болған жайттың бәрін түсіндірді. Онымен достасу үшін қол алысты. Осы күннен бастап кірпіге «мейірімді кірпі» деген есім берілді. Кірпі «орман сақшысы» деген атақ алды. Жаңадан достар тапты. Кірпінің қуанышында шек болмады.

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ