Абай Құнанбайұлының туғанына – 181 жыл

АБАЙ – ДАРА, АБАЙ – ДАНА
Абай Құнанбайұлы – қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы, қазақтың жазба әдебиеті мен әдеби тілінің негізін қалаушы. Ол қазақ поэзиясына жаңа түр мен мазмұн әкеліп, халықтың санасын оятуға өлшеусіз үлес қосты.
Осы орайда Орал қалалық кітапханалар жүйесінің №3, №12 кітапхана филиалдары «Деркөл» мәдени-демалыс орталығы, «Жұлдыз», «Өркен» комьюнити орталықтарымен бірлесіп, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының мол мұрасын насихаттау мақсатында «Абай – дара, Абай – дана» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты – Абайдың өмірі мен шығармашылығын кеңінен таныту, ақынның өлеңдері мен қара сөздерінің тәрбиелік мәнін түсіндіру, жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру және ұлы ойшылдың рухани мұрасын дәріптеу.
Абай – қазақ халқының ғана емес, адамзат руханиятына өзіндік үлесін қосқан дара тұлға. Оның шығармалары уақыт сынынан өтіп, бүгінгі күнге дейін өзінің маңызын жоғалтқан жоқ. Ақынның әрбір өлеңі – өнеге, әрбір қара сөзі – тағылым. Абай шығармаларында білім мен ғылымға ұмтылу, еңбекқорлық, адамгершілік, әділеттілік, талап пен жақсы мінез секілді құндылықтар кеңінен көрініс тапқан.
Әдеби-сазды кеш барысында қатысушылар Абай шығармаларын мәнерлеп оқып, ақынның терең ойлы туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Аяужан Досболатова Абайдың Екінші қара сөзін оқыса, Інжу Жолдығали «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін мәнерлеп орындады. Ал Аружан Асқарова «Өлсе, өлер табиғат, адам өлмес», Айлана Сұлтанияр «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңдерін оқып, көрермендерге ақын шығармаларының терең мазмұнын жеткізді.
Кеш барысында Абайдың шығармашылығы, оның қазақ әдебиеті мен қоғамдық ойдың дамуына қосқан үлесі туралы тағылымды әңгімелер айтылды. Қатысушылар ақын мұрасындағы білім, ғылым, еңбек, адамгершілік және елдік мәселелердің бүгінгі қоғам үшін де өзекті екенін атап өтті.
Іс-шара соңында «Дана ақын, дара ақын» атты кітап көрмесі таныстырылып, Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған әдебиеттерге шолу жасалды. Көрмеге қойылған кітаптар арқылы оқырмандар ұлы ақынның шығармашылық жолымен, философиялық ойларымен және қазақ әдебиетіндегі қайталанбас мұрасымен жақынырақ танысты.
Абай Құнанбайұлының шығармалары – ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор рухани мұра. Ақынның «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі білімге, еңбекке, талапқа үндеген ойлары бүгінгі жас ұрпақ үшін де аса маңызды.
Ұлы ақынның: «Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой» деген тағылымды сөзі адамды үнемі ізденуге, жақсы қасиеттерді бойға сіңіруге үндейді.
Абай мұрасы – ұлттың рухани қазынасы. Ұлы ақынның шығармаларын насихаттап, жас ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет. Себебі Абайдың асыл мұрасы уақыт өткен сайын өз маңызын арттыра түсетін, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын рухани құндылық.

Абайдың асыл мұрасы – ұрпаққа аманат, елге ортақ рухани қазына!

Нұрзия САРИЕВА,
Орал қалалық кітапханалар жүйесінің
№3 кітапхана филиалының меңгерушісі

ПІКІР ЖАЗУ