Зообақтың құрылғанына 88 жыл

Алматы хайуанаттар бағы — Қазақстанның ең алғашқы хайуанаттар бағы. Біздің еліміз – әртүрлі табиғи ресурстарға бай. Сондықтан да Қазақстанның жануарлар әлемі өте ерекше. Алматы хайуанаттар бағы 1937 жылы құрылған. Көлемі — 22 гектар. Бақтағы жануарлар 6 секцияда орналастырылған: жыртқыш сүт қоректілер, тұяқтылар, приматтар, құстар, экзотариум мен аквариум. Тарихы толымды отбасылық бақта бүгінде 3 800-ден астам аң-құс мекендейді. Ал бұл жануарларға 280-ге жуық маман күтім жасайды. Аң-құстардың 28 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына, ал 71 түрі табиғатты қорғау Министрлігінің Қызыл кітабына енгізілген. Экзотариумда тасбақаның бірнеше түрі бар. Олар: қызыл құлақты, дала, қызыл аяқты, бабырлы, тырнақты және т.б. Бауырымен жорғалаушылардың ішінде жолбарысты және торлы питондар, су айдаһары, хамелеондар, ысылдағыш улы жыландар, египет улы жыланы және тағы басқалар келушілерді аса қызықтырады. Сонымен қатар мұнда куба қолтырауыны, сиам қолтырауыны және қолтырауын кайманы да көруге болады.
Алматы хайуанаттар бағы – барлық жыртқыш құстар тұқым беретін Еуропа мен ТМД елдерінің хайуанаттар бақтарының ішіндегі жалғыз бақ. Құстардың сирек түрлерінің тұқымын беру бойынша ЕЕР бағдарламасымен қарастырылған үлкен күмбез тәрізді темір қораларда дала бүркіті, қозықұмайлар, құмайлар, субүркіттер мекендейді. Көлдер мен тоғандарда аққулардың, үйректердің, қаздардың тырналардың әр түрлері мекендейді. Барлық құстардың ең ірілері де бар, олар – эму мен казуар.
Хайуанаттар секциясының мақтанышы оңтүстік-африка керіктері, ала құландар, азия пілдері, мүйізтұмсықтар мен сусиырлар болып табылады. Бұғылардың ішіндегі ең ірілері – бұқар бұғысы мен марал. Мұнда дақты бұғылар, кербұғылар, еліктер, арқарлар, сібір ешкімүйіздер, мүйіздері бұралған текелер, жабайы қойлар, жабайы ешкілер, қойлар және Пржеваль аты да бар. Алматы хайуанаттар бағында мысық тұқымдастар жыртқыш аңдар: арыстандар, амур және бенгал жалбарыстары, қарлы барыстар, парсы және қиыр шығыс қабыландары, қара бабырлар, ягуарлар мен сервалдар мекен етеді. Жер жүзінде мекендейтін аюлардың жеті түрінен хайуанаттар бағында екі түрі бар: ақ аю және гималай аюы. Маймылдар тұратын темір торлардың жанында үнемі адам көп. Мұнда мартышка мен макакалар, гамадрилдер, аққолды және күміс гиббондар, шимпанзе, шығыс колобус пен қызыл лемур вари бар. Алматы хайуанаттар бағында жыртқыш құстар, африка керіктері жыл сайын бір-бір тұқымнан береді, сонымен қатар, ала құландар, еуропа кербұғысы, түйелер, Пржеваль аты, аласа жылқы тұқымы (пони), дақты бұғылар, арқарлар, мүйіздері бұралған текелер, жабайы қойлар мен ешкілер, арыстандар, амур жолбарыстары, қабыландар, қара бабырлар, қасқырлар, шимпанзе, макакалар, аққулар, қаздар, тырналар, тоты құстар, түрлі бауырмен жорғалаушылар, аквариум балықтары мен тағы басқалар тұқым береді. Абақта жануарлар ойдағыдай тұқым беретіні – біздің асырандыларға жақсы жағдай жасалып, олар уақытында тамақтандырылып, жақсы күтіммен қамтамасыз етілгенін негізгі көрсеткіші. Алматы хайуанаттар бағы сирек жануарлар коллекциясын кеңейтіп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда.
Қараша айының басында Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты Алматы хайуанаттар бағында Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз туры өтті. Журналистер мен блогерлер зообақтың жаңа тұрғындарымен және даму жоспарларымен танысты.
Биыл зообақ жануарларды көбейту бағытында үлкен жетістікке жетті — 31 түрден 87 төл дүниеге келген. Олардың қатарында амур жолбарыстары, ақ қасқырлар, кенгурулар, лемурлар және бұғылар бар. Ең басты қуаныш — Айя мен Бентли атты амур жолбарыстарының екі баласы дүниеге келген. Алдағы уақытта коллекция АҚШ-тан әкелінетін тамандуа мен сауыттылар, сондай-ақ канадалық сілеусіндермен толықпақ. Алматы хайуанаттар бағы жыртқыш құстарды, ақ иықты және ақ басты бүркіттерді, құзғындарды табысты өсіруімен әлемге танымал. Қазір вольерлерді жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Ақ аю Пургаға жаңа кең үй дайындалуда, әрі оған халықаралық бағдарлама аясында серік таңдалмақ. Алматы хайуанаттар бағы еліміздегі жетекші табиғатты қорғау орталықтарының бірі болып қала береді және шетелдік зообақтармен ынтымақтастықты жалғастыруда.
Биыл зообақтың құрылғанына 88 жыл толуына орай мекемеде талай жыл қызмет еткен мамандардың еңбегі еленді.
«Мен зообақта 2016 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Өзіме қатты ұнайды. Жануарлармен тілдесіп, оларға көмек беремін. Жаныма жайлылық сыйлайды. Өте керемет! Әріптестерімді де құттықтаймын», – деді Алматы хайуанаттар бағының ветеринар дәрігері Алина Чимирук
Мерейтойға орай жыл басынан түрлі іс-шара ұйымдастырылып келеді. Бірі, зообақ әкімшілігі қаладағы жоғары оқу орындарының бірімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Екі жақты келісімнің нәтижесінде студенттер жануарларға күтім жасаумен айналысып, саябақ маңын жүйелі түрде тазалау жұмыстарына қатысады. Мұнымен қоса, «Жануарларға сыйлық сыйла» атты қайырымдылық акциясы өткізілді. Оның аясында қала тұрғындары мен қонақтары хайуанаттар бағының жануарларына сыйлықтар мен азық-түлік әкеліп, өз қамқорлығын көрсетті.
«Кішкентай жасөспірімдерімізді де назардан тыс қалдырған жоқпыз. Суреттер байқауы да жарияланған болатын. Байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Еліміздің ертең жастарды экологиялық мәдениетін арттыру, олардың жануарларға деген махаббатын, сүйіспеншлігін, мейірімділікке баулу болып табылады»,– деді Алматы хайуанаттар бағы Даму және қоғамдық байланыс бөлімінің басшысы Камшат Тұрманова.
Әлемдік фаунаны сақтау қажеттілігі-бүгінгі таңда ең өзекті мәселелердің бірі. Хайуанаттар бағдары табиғатты қорғау жүйесіндегі маңызды буын болып табылады. Хайуанаттар бағының негізгі және басты мақсаты — жасанды жағдайда қазақстандық және әлемдік фаунаның жабайы аңдарының (әсіресе сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлердің) гендік қорын сақтау және молайту, сондай-ақ оқушылар мен студенттер, қала тұрғындары мен қонақтары арасында жаратылыстану-ғылыми білімді насихаттау.
Алматы хайуанаттар бағы әлемнің көптеген хайуанаттар бағын біріктіретін көптеген беделді ұйымдардың мүшесі болып табылады: EAZA (Еуро-Азия аймақтық хайуанаттар мен аквариумдар қауымдастығы) – 1994 жылдан бастап, EAZA (еуропалық хайуанаттар мен аквариумдар қауымдастығы) – 2017 жылдан бастап (мүшелікке үміткер), SEAZA (Оңтүстік-Шығыс Азия хайуанаттар мен аквариумдар қауымдастығы) және WAZA (Дүниежүзілік хайуанаттар мен аквариумдар қауымдастығы) – 2003 жылдан бастап. Сонымен қатар, Алматы хайуанаттар бағы халықаралық ағарту және білім беру қауымдастығының (IZE), халықаралық түрлерді сәйкестендіру жүйесінің (ISIS) мүшесі болып табылады.
Хайуанаттар бағының мақсаты-жануарлардың қызықты коллекциясын жинау ғана емес, сонымен бірге халықты ағарту. Ағарту қызметі-хайуанаттар бағының жұмысындағы ең маңыздыларының бірі. Алматы хайуанаттар паркінің миссиясы-өсіп келе жатқан ұрпақ пен ересектерде жануарларға деген сүйіспеншілікті, қоршаған ортаға ұқыпты және құрметпен қарауды қалыптастыру.
Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА




