Жол мәселесі қашан шешіледі?

Қазіргі қоғамның маңызды мәселелерінің бірі жол қозғалысы мен көлік инфрақұрылымының жағдайы десек қателеспейміз. Жол – адамның күнделікті өмірімен тығыз байланысты, өйткені әрбір азамат жұмысқа, оқуға, саяхатқа немесе демалысқа шыққанда жолды пайдаланады. Дегенмен, соңғы жылдары жол ережелерінің жиі бұзылуы, көлік апаттарының көбеюі және самокат, электроскутер сияқты жаңа көлік түрлерінің реттелмеуі бұл саланы өзекті проблемаға айналдырды. Қалада мектеп пен үйдің арасында он мыңдаған бала жүргіншілердің бар екенін ескерсек, қаладағы бей-берекеттік пен тәртіпсіздік бізді қатты алаңдатады. Сондықтан жол мәдениетін қалыптастыру, қауіпсіздік шараларын күшейту және заманауи шешімдер енгізу бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі болып отыр.

Бүгінде елімізде жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, кейбір аймақтарда жолдардың сапасы әлі де төмен. Әсіресе, ауылдық  жерлер мен қала шетіндегі жолдарда шұңқырлар мен кедергілер жиі кездеседі. Мұндай жағдай жүргізушілер үшін ыңғайсыздық туғызып қана қоймай, көліктің тез тозуына және апат қаупінің артуына себеп болады. Сонымен қатар көлік санының жыл сайын көбеюі жол инфрақұрылымына қосымша салмақ түсіреді. Қала көшелерінде көлік кептелісі жиілеп, қозғалыс баяулайды. Бұл-уақыт жоғалтуға, экологиялық жағдайдың нашарлауына және халықтың жүйкесіне қатты әсер етеді.

Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын «жол жөндеу жұмыстары басталды», «бюджеттен қаражат бөлінді» деген мәлімдемелер жасайды. Бірақ, іс жүзінде сол жолдардың сапасы жыл уақытына жетпей қайта бұзылады. Себеп белгілі: сапасыз материал, бақылаудың әлсіздігі, тендерді ұтып алған компаниялардың жауапкерсіздігі. Көлеңкелі жолдар арқылы комисияны айналып өтеді.  Нәтижесінде, мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржы тиімсіз жұмсалады, ал тұрғындар үшін мәселе сол күйі шешілмей қала береді.

Жол мәселесін шешу үшін бірнеше бағытта жұмыс жүргізу қажет. Біріншіден, жол құрылысы мен жөндеу сапасы қатаң бақылауға алынуы керек. Мемлекеттік тапсырыстар бойынша салынған жолдардың сапасы нақты тексеріліп, талапқа сай болуы тиіс. Екіншіден, жол ережесін сақтауға қатысты түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Мектептер мен жоғары оқу орындарында жол қауіпсіздігі сабағын өткізу, бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау жұмыстарын жүргізу керек.Үшіншіден, заманауи технологияларды енгізу арқылы жол қозғалысын реттеу тиімді болады. Мысалы, бейнебақылау камераларын көбейту, ақылды бағдаршам жүйелерін орнату және онлайн айыппұл төлеу жүйесін жетілдіру жол қозғалысының тәртібін түзете алады.

Қорытындылай келе, жол мәселесі – қоғамның әлеуметтік және экономикалық дамуына әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Сапалы жол-қауіпсіз қозғалыстың, уақыт үнемдеудің және халықтың өмір сүру деңгейін арттырудың кепілі. Сондықтан әр азамат жол ережесін  қатаң сақтап, мемлекет жол сапасына және қауіпсіздік жүйесіне ерекше мән беруі тиіс. Сонда ғана еліміздегі жол мәлениеті жаңа деңгейге көтеріледі.

 

Сабит Аружан, студент

 

ПІКІР ЖАЗУ