Спорттағы сұлу қыз

Каратэ – жапондық жауынгерлік өнердің бір түрі, жапонша — 空手 яғни «бос қол» қарусыз төбелесу мен қорғану деген мағынаны білдіреді. Аталған термин XVIII ғасырда айналымға енгізілген, зорлық-зомбылық тұжырымдамасына негізделген. Жапонияда Қарулы Күштер мүшелері мен полиция қызметкерлері каратэ өнерін меңгерген болуы шарт.  Каратэ – ерекше спорт түрі. Көп адам оны тек төбелесу деп түсінеді екен. Бірақ сырттай қарап, бақылап отырсаңыз бұл спорт түрінің өте әдемі екенін байқайсыз. Өзім солай есептеймін. Сондай-ақ каратэмен айналысу өзіңді қорғау үшін қажет. Жалпы мен есейе келе өзімді сенімді ұстап, ештеңеден қорықпайтын, тайсалмайтын адам ретінде көргім келеді. Сол үшін мен спортпен айналысуды мақсат еттім, — дейді кейіпкеріміз Ақбота Ерболқызы.

2025 жылы  наурыз айының басында  Қызылорда қаласында Каратэден Қазақстан чемпионаты өтті. Қызу тартыспен өткен бұл чемпионатқа мықты спортшылар қатысты. Жарыстың барысы туралы жүрек жұтқан жұдырықтай қыз Ақбота Ерболқызының өз аузынан естиік.

Ақбота, елдің атын ғана емес, аядай ауылыңның да атын асқақтатып, чемпион атандың. Жеңісіңмен қуанышыңа ортақпын. Құтты болсын! Биіктей бер! Алдымен өзің туралы айтып өтсең?

– Мен Райымбек ауданы,Көмірші ауылынында туып-өскенмін. Талғар ауданы Жалқамыс ауылындағы  №15 жалпы білім беретін орта мектептің 11 сынып оқушысымын.

–Бұған дейінгі жетістіктерің туралы аз-кем ақпар берсең. Қай жерде, қандай жарыстарға қатысып, қандай жеңістерге жеттің?

– Біраз жылдан бері каратэ спортымен айналысамын. Осы аралықта жеткен жетістіктерім көп. Аталмыш спорт түрі бойынша республикалық және халықаралық турнирлердің жүлделерін иелендім. Қазақстан чемпионы болдым, спорт шеберлігіне үміткермін. –2023 жылы 23 қырқүйекте  Франция елінде Marseille Open чемпионатында чемпион болдым. 2023 жылы 6 қараша Алматыда КАРАТЭ (WKF) түрінен Азия жүлдері атандым. 2024 жылы 29 қараша Сингапур елінде КАРАТЭ (шито-рю)-ден Азия чемпионы болдым. 2024 жылы 16 ақпан Талдықорған қаласында Каратэден Қазақстан чемпионы атандым.  Нәтиже жаман емес. Бұл да мен үшін үлкен жетістіктерімнің бірі.

 

Жеңіске жетуде тәжірибе маңызды ма, әлде сәттілік пе?
–Бұл – жарыс, сондықтан жеңгендер мен жеңілгендердің болуы қалыпты жағдай. Алайда, айта кету керек, әлем чемпионатына барған барлық спортшыларымызды өте мықты дайындықтан өткен, үздіктердің үздігі деуге болады. Жеңіске жету үшін ұзақ жаттығу өте қажет. Тәжірибе маңыздырақ.

– Сендердің буын нағыз тәуелсіз кезеңнің ұрпағы ғой. Сен үшін еркіндік пен тәуелсіздіктің, жеңістің өлшемі қандай? Кейбір спортшылар әлем чемпионатына қатысқанның өзі мәртебе деп жатады. Жеңіске жету міндетті деп ойлайсың ба?

– Мен үшін еркіндік деген адам баласының өз қалауын еш қысылмастан жасауы. Көптің айтуынша әлем чемпионатына қатысқанның өзі мәртебе дейді, бірақ менің ойымша, жеңіске жетуге талпыну қажет, физикалық және моралдық тұрғыда адам өзін дайындау қажет.

– Меніңше, жаны нәзік қыз бала үшін спорттың мұндай ауыр түрін таңдау оның өмірдегі миссиясын өзгертіп, мінезін қатайтып жіберетін сияқты… Осы саланың ыстығы мен суығын қатар көріп өсіп келе жатырсың ғой. Өзге қыздардың осы спортты таңдауын құптайсың ба?

– Бұл спорт қыз бала үшін спорт­тың аса ауыр түрі деп айта алмаймын. Рас, өз басым спортпен айналысып, жеңістерге жеткеннен кейін алға қойған кейбір жоспарларым өзгеріп кетті. Қай спорттың түрі болмасын, адамды мықты болуға үйретеді, сананы тәрбиелеп, ақылды жетілдіреді. Сондықтан міндетті түрде чемпион болып кетпесе де, адамдар спорттың бір түрімен айналысу керек деп есептеймін. Сондықтан бұл спортпен қыздардың айналысуын да құптаймын және кейбіреулер айтқандай, олардың дене пішімдері де ұл баланікі сияқты өзгеріп кетпейді.

–  Ата-анаң қарсы болған жоқ па?


–Ата-анам әрдайым тек қана қолдайды. Әкем Ербол Аққұлақов маған арнап «ЖАНЫМ ҚЫЗЫМ» деген өлең шығарған.

Дүлділдер шыққан бізден де,

Намысын қолдан бермеген.

Байрағың тұрсын ғарышта,

Ұраның рух боп дем берген.

 

Айналайын, жан қызым,

Бақыттың қонсын басыңа.

Намысын қорғап еліңнің,

Самғағын биік көгінде.

 

Қырандай ұшып самғағын,

Әлемді өзіңе қаратып.

Бір Аллам жар боп қолдасын,

Қанатың көкте талмасын.

 

Көк туымыз желбіреп,

Әнұраның жаңғырып.

Жете бер мәңгі биікке,

Жолың болсын әрдайым!

Еліңнің үміт шамы боп,

Атыңды тарих жаза берсін!

– Спортшыға жеңіске жету үшін жаттығудан бөлек, өжет мінез бен ақыл, қайрат, жігер керек екені анық. Егер олар ұштаспаса спортшының жеңіске жетуі неғайбыл. Бұл туралы пікірің қандай?
– Иә, каратэ спортында тек күш пен тәсіл ғана емес, сондай-ақ ойлай білу қажет. Шахмат секілді. Ойлау арқылы жеңіске жетесің. Сонымен қатар спортта жеңісті де, жеңілісті де бірдей көтере білу қажет.
– Келбетіңе қарасам нәзік, жібектей мінездің иесі сияқтысың. Сай­­ыс барысында ішкі арпалыс мен жеңіске деген құлшыныстың салдарынан мінезде өзгеше бұлқыныс пайда бола ма, әлде салқын сабырға жүгінесің бе?
– Спортта бәріміздің ойымызда жеңіске жету деген мақсат болады. Ол үшін бар күшіңді салып, ақылыңды барынша іске қосып, асып-саспай, білетін айла-тәсіліңді салқынқандылықпен іске асыру керек. Жеңген, жеңілген жағдайда да қарсыласыңды сыйлау қажет. Қай-қайсысын да сабырмен көтере білу маңызды.
Спортшы екеніңді мақтан тұтып, басқаларға күш көрсеткен кезің болды ма, қорғану мақсатында болса да? Әлде оған мүлде рұқсат жоқ па?
– Спортшымын, чемпионмын деп ешқашан мақтанбаймын. Қоғамдық өмірде ешкімге күш көрсетпегенмін. Спортшы болғандықтан ұрыс төбелеске қатысуды қате деп есептеймін.
– Телефоннан бас алмайтын, сабақты да оқып қарық қылмайтын, ал спорт­та мүлде шаруасы жоқ қатарластарыңа не айтар едің?
– Ондай қатарластарыма қандай да бір спортпен шұғылдануға кеңес берер едім. Бірақ әркімнің өз қалауы бар. Сондықтан ол біреуге ұнаса, біреуге ұнамасы анық. Бірақ уақытты босқа кетіріп, еш пайдасы жоқ нәрсемен айналысатындарды мен де түсінбеймін…

– Сабаққа да, жаттығу мен чемпионаттарға да қатысуға уақытыңды қалай жеткізесің?
– Күнделікті танертең басқа оқушылар секілді сабаққа барамын. Жаттығуға қатысамын. Жарыс кездері рұқсат бойынша сабақтан босатыламын.

– Қазір нанотехнологияның дамыған заманында білім мен білікке баса назар аудармаған ел дамымайды, бір сөзбен айтқанда көштен қалады. Алдағы мақсатың қандай? Оқу оқып, білікті маман боласың ба, әлде білекті, жүректі спортшы болып қаласың ба?
– Иә, оқу-білімнің артығы болмайды ғой. Сондықтан екеуін де қатар алып жүруге тырысамын. Бұйыртса, басты мақсатым – жоғары оқу орнына түсу.

– Қай спорттты алсаң да онымен айналысатын жас мөлшерінің белгілі бір шегі бар. Бұл спортпен қанша жасқа дейін айналысуға болады? Өзің қашанға дейін жасқа дейін осы салада жүрмексің?
– Бұл спортпен 4 жастан бастап айналысуға болады. 40-50 жастағы спортшылар да бар. Ал өзім қанша жасқа дейін айналысатынымды білмеймін, оны уақыт көрсетеді.

– Жеңіс тұғырынан көріне беруіңе тілектеспіз, Ақбота!

 

ПІКІР ЖАЗУ