БАҚ-тағы ақпарат сапасы мен жауапкершілік қай деңгейде?

Бүгінгі қоғамда ақпарат–ең қуатты құрал. Кім ақпаратты басқарады, сол қоғамдық пікірге әсер етеді. Бірақ соңғы жылдары БАҚ-қа деген сенім төмендеп, ақпарат сапасы мен шынайылығы жиі сынға ұшырауда. Бұл тек журналистердің кәсіби мәселесі ғана емес, қоғамдық тұрақтылық пен демократиялық мәдениеттің де өлшемі.
Бұқаралық ақпарат құралдарының басты миссиясы – шындықты жеткізу. Алайда бүгінде шындық пен пайда, жылдамдық пен дәлдік арасындағы тепе-теңдік жиі бұзылады. Ақпарат жарысы мен әлеуметтік желілердегі бәсеке журналистерді деректі тексермей жариялауға итермелеп отыр. 2024 жылы Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми дерегі бойынша, жалған ақпарат таратқаны үшін 130дан астам медиа ресурс әкімшілік жазаға тартылған. Бұл көрсеткіш саланың кәсіби жауапкершілігі әлсірегенінің нақты дәлелі.
Сарапшылардың айтуынша, сенім дағдарысының басты себебі-ақпарат жылдам таратылады, бірақ тексерілмейді Медиасарапшы Қайрат Сақ бұл туралы былай дейді: «Қазіргі журналистикада “жылдам болу” ұраны шындықтың сапасын төмендетіп жіберді. Әрбір журналист ең алдымен фактіге адал болуға тиіс». Ал поэзия тарланы Әмірхан Балқыбек кезінде: «Қоғамның кеселі – ақпараттағы әділетсіздік. Жалған дерек тараған сайын қоғамның санасы улануы мүмкін», – деп атап өткен. Осы пікірлер бүгінгі жағдаймен үндес. Себебі сенім жоғалған жерде ақпарат құны нөлге тең. Мәселені шешудің нақты жолдары бар. Біріншіден, медиасауаттылықты арттыру қажет. Халық ақпаратты сын көзбен қабылдауды үйренуі тиіс. Мектеп пен жоғары оқу орындарында медиасауат сабақтарын енгізу уақыт талабына сай келеді. Екіншіден, редакциялар мен журналистер дереккөзге жауапкершілікпен қарауы тиіс. Материалды тексерудің этикалық стандарттарын ұстануы да маңызды болып отыр. Үшіншіден, әлеуметтік желілердегі «азаматтық журналистика» мен кәсіби БАҚ арасындағы шекараны айқындаудың тиімділігі зор деп білеміз. БАҚ-тағы сенім мәселесі тек кәсіби дағдарыс емес, бұл адамгершілік дағдарысын айқындап береді.
Журналистің басты қаруы сөз болса, басты жауапкершілігі– шындық. Қоғам журналистерге сенуі үшін БАҚ өкілдері ашықтық пен әділдікті ұстануы тиіс. Ал аудитория да тек ақпарат тұтынушы емес, ақпаратты талдай білетін азаматқа айналуы қажет. Ақпарат дәуірінде ең қымбат нәрсе – сенім. Сенім дағдарысын еңсерудің жолдары айқын: журналист өз материалын тексеруі, редакция ашық жұмыс істеуі, аудитория медиасауатты болуы қажет. Ақпараттық мәдениет қоғамда орныққанда ғана жалған дерек, манипуляция, асығыс жарияланған мәліметтер өз күшін жояды. Шынайылық пен әділдік– журналистиканың мәңгілік қағидалары. Сенім орнаған ортада ғана шынайы пікір алмасу мен әділет салтанат құрады. Ақпарат дәуіріндегі ең басты міндет – шындықты қорғау. Шындық қорғалған жерде журналистиканың да, қоғамның да болашағы берік.
БАҚ шынайылық пен әділдік қағидаларын ұстанса, қоғам оған қайта сенеді. Сонда ғана шындық айтылған жерде әділет салтанат құрады. Ал әділетсіз ақпарат – өз салдарын ертелі-кеш көрсетеді. БАҚ-тың болашағы тек технологияда емес, сенім мен жауапкершілікте. Журналистика шындықтың айнасы болып қалу үшін әрбір қалам иесі «алдымен адам, сосын журналист» екенін ұмытпауы тиіс.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Журналистика факультетінің 2-курс студенті
Рахметилда Улдана




