Ұстазым — өнер жолындағы алғашқы бағыт берушім

Мен бүгін өзімнің сүйікті ұстазым — Эмреева Ақмарал Еруланқызын Ұстаздар күнімен шын жүрегімнен құттықтағым келеді.
Ақмарал апай — мен үшін тек виолончель аспабын үйрететін ұстаз ғана емес, өнер жолындағы бағыт берушім, әр қадамымды қолдап, алға ұмтылуыма күш беретін жан. Ол кісі маған виолончельде дұрыс ойнауды үйретіп қана қоймай, музыканы жүрекпен сезінуді, әр шығарманы түсініп орындауды, еңбектенуді және өзіме сенуді үйретіп келеді.
Ақмарал Еруланқызы — мәдениет саласының үздігі, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының түлегі. Өзі білім алған қасиетті өнер ордасына ұстаз болып қайта оралып, бүгінде жас музыканттарға өз тәжірибесі мен білімін беріп жүргені — мен үшін үлкен үлгі.
Мен ұстазымның әр сабағын асыға күтемін. Кейде шығарма орындау қиын болып, бір жерін түсінбей қалсам, Ақмарал апай сабырмен түсіндіріп, қайта үйретеді. Әрбір жетістігіме қуанып, қателігімді түзетуге көмектеседі. Осындай қамқорлығы мен еңбегі үшін ұстазыма алғысым шексіз.
Ақмарал апай, сізді Ұстаздар күнімен құттықтаймын! Сізге зор денсаулық, шығармашылық табыс, шәкірттеріңіздің биік жетістіктерін көруді тілеймін. Маған берген біліміңіз, сеніміңіз, қолдауыңыз бен еңбегіңіз үшін үлкен рақмет! Болашақта сіздің үмітіңізді ақтап, жақсы музыкант болуға тырысамын.
Үлкен Дәнекер Біржанұлы, А.Жұбанов атындағы дарынды балалар арналған РҚМММИ-ның 3 А сынып оқушысы




