Ұрпақ ұлттың болашағы

Балаларға қамқорлық – болашаққа инвестиция
Балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада өсіп-жетілуі – қоғамның басты міндеттерінің бірі. Мемлекет тарапынан балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың денсаулығын нығайтуға және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы игі бастамалардың бірі – елді мекендер мен қалаларда заманауи балалар алаңдары мен қоғамдық кеңістіктердің ашылуы.
Балаларды қорғау күні қарсаңында Астана қаласының Сарыарқа, Сарайшық, Алматы, Байқоңыр аудандарында жаңа аула пайдалануға берілді. Бұл жоба тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, балалардың қауіпсіз демалуына және отбасылардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылған. Жаңа ауланың ашылу салтанатына аудан тұрғындары, ардагерлер, ата-аналар мен балалар қатысты. Мерекелік шара ерекше көңіл күйде өтті. Алаң мерекелік безендіріліп, қатысушылар үшін қызықты бағдарламалар ұйымдастырылды.
Балаларға арналған мереке
Іс-шара барысында балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары өткізілді. Аниматорлар түрлі кейіпкерлердің бейнесінде өнер көрсетіп, балалармен бірге ойындар ұйымдастырды. Бүлдіршіндер ән айтып, би билеп, түрлі сайыстарға белсенді қатысты.
Спорттық жарыстар да мерекенің маңызды бөлігіне айналды. Балалар эстафеталық жарыстарға қатысып, өздерінің шапшаңдығы мен ептілігін көрсетті. Сонымен қатар логикалық тапсырмалар мен танымдық ойындар ұйымдастырылып, балалардың білімін дамытуға мүмкіндік жасалды. Мерекелік шара барысында тұрғындар арасында да викториналар өткізіліп, белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Бұл өз кезегінде көршілер арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, қоғамдық бірлікті арттыруға ықпал етті.

Заманауи үлгідегі аула
Жаңа аула заманауи талаптарға сай жабдықталған. Жобаны әзірлеу кезінде тұрғындардың ұсыныстары мен қажеттіліктері ескерілген.
Аулада балаларға арналған бірнеше ойын аймағы орналасқан. Мұнда әртүрлі жастағы балаларға арналған ойын құрылғылары қойылған. Ойын элементтері халықаралық қауіпсіздік талаптарына сәйкес орнатылған. Сондай-ақ демалыс аймақтары қарастырылған. Ата-аналар мен қарт адамдардың жайлы отыруына арналған орындықтар қойылып, көлеңкелі демалыс орындары жасалған.
Ауланың ерекшелігі – оның экологиялық таза материалдармен жабдықталуы. Мұнда ағаштан жасалған түрлі әткеншектер, ойын құрылғылары мен сәндік элементтер орнатылған. Ұлттық нақыштағы алтыбақан үлгісіндегі демалыс нысандары тұрғындардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру
Қазіргі таңда экологиялық мәдениетті қалыптастыру маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Осыған байланысты жаңа ауланы абаттандыру кезінде табиғи материалдарды пайдалану мен жасыл аймақтарды көбейтуге басымдық берілген.
Аула аумағында ағаштар мен бұталар отырғызылып, гүлзарлар жасалған. Бұл аумақтың көркін арттырып қана қоймай, тұрғындардың таза ауада серуендеуіне мүмкіндік береді. Көгалдандырылған аумақтар қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуға және жаз мезгілінде қолайлы микроклимат қалыптастыруға ықпал етеді.

Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда
Балалар алаңдарын салу кезінде қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Жаңа аулада жұмсақ жабындар төселіп, ойын құрылғылары қауіпсіздік талаптарына сай орналастырылған. Жарықтандыру жүйесі жаңартылып, кешкі уақытта да тұрғындардың қауіпсіз жүруіне жағдай жасалған. Жаяу жүргіншілер жолдары ретке келтіріліп, аумақтың қолжетімділігі арттырылған. Балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру олардың денсаулығын сақтауға және жарақат алу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
Қазіргі урбанизация жағдайында қоғамдық кеңістіктердің рөлі артып келеді. Мұндай орындар адамдардың бір-бірімен араласуына, балалардың ойнап, дамуына және тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Жаңа аула балалар үшін ғана емес, барлық тұрғындарға арналған ортақ демалыс орны болып табылады. Мұнда әртүрлі жастағы адамдар уақыт өткізіп, серуендеп, спортпен шұғылдана алады.
Қоғамдық кеңістіктер көршілер арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, аудан тұрғындарының белсенділігін арттырады. Аула ашылғаннан кейін тұрғындар жаңа нысанға жоғары баға берді. Олардың айтуынша, балалар үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасалған.
Көпбалалы аналар балалардың енді бос уақыттарын пайдалы өткізе алатынын айтып, ризашылықтарын білдірді. Ал зейнеткерлер демалыс орындарының көбейгенін оң өзгеріс ретінде бағалады. Жастар жаңа спорттық және ойын элементтерінің орнатылуын ауданның дамуының көрінісі деп атап өтті.
Салтанатты шара барысында Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Ержан Жұмағұлов тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Ол өз сөзінде балалардың қауіпсіздігі мен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту аудан әкімдігінің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
«Бүгін ауданымызда Балаларды қорғау күні мерекесі аясында осындай қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды ашып жатырмыз. Бұл экологиялық таза ойын алаңдары балалар мен жалпы тұрғындардың демалуы үшін жасалған. Біздің ауданда барлығы 600-ден астам аула бар. Соның ішінде биыл 25-30 ауланы жаңартып, пайдалануға беру жоспарда тұр. Мұның бәрі де тұрғындар игілігі үшін», – деді Ержан Жұмағұлов. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, аудан инфрақұрылымын дамытуға бағытталмақ.
Балаларға қолайлы орта қалыптастыру – елдің болашағына салынған инвестиция. Заманауи ойын алаңдары мен демалыс орындары балалардың денсаулығын нығайтып, олардың белсенді өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді. Балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада өсуі олардың тұлға болып қалыптасуына, шығармашылық қабілеттерінің дамуына және қоғамның белсенді мүшесі болуына мүмкіндік береді. Сондықтан балаларға арналған әлеуметтік нысандардың саны жыл сайын артып келеді.
Балаларды қорғау күні қарсаңында ашылған жаңа аула тұрғындар үшін тамаша тарту болды. Бұл жоба балалардың қауіпсіз әрі қызықты демалуына, ата-аналардың бос уақытын тиімді өткізуіне және көршілер арасындағы қарым-қатынастың нығаюына ықпал етеді. Балалардың күлкісі мен шаттығы – қоғамның әл-ауқатының көрсеткіші. Сондықтан балаларға арналған осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, еліміздің әр өңірінде жүзеге аса береді.
Гауһар Тұрсынқожа