Төртеу түгел болса…

Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіруде. Елімізде қазақтың салт-дәстүрін ұстанатын өзге ұлт өкілдері өте көп. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Қазақстан олар үшін туып-өскен, ержеткен, білім алған, отбасын құрған қастерлі мекені, Отаны болып саналады. Бұл – табиғи үрдіс.
Дәстүрлердің осылайша бітеқайнасуы, этносаралық және конфессияаралық келісім, өзге мәдениетке толерантты болу – біздің баға жетпес байлығымыз, қазіргі тілмен айтсақ, ұлттық брендіміз.

ҚР Президенті Қ. К.Тоқаев

 

Астана қаласындағы Достық үйінде 2 қазанда Қазақстан Халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы ұйымдастырылды. ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың төрағалығымен өткен кеңейтілген кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қа-зақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру контексіндегі ҚР Парламентінің «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының қызметі мен Қ. Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында берген тапсырмаларын орындау мәселелері талқыланды. Кеңес мүшелері ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбектің, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қ.Ысқақовтың, сондай-ақ Парламент Сенатының депутаттары Н.Жүсіп пен З.Кузиевтің баяндамалары бойынша пікір алмасты.


«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деп өсиет еткен дана қазақтың ұрпағы үшін бүгінгі күні елі ішінің тыныштығы мен бейбітшілік және көп этносты мемлекетімізде өмір сүріп жатқан адамдар арасындағы өзара сыйластық, құрмет пен түсінушілік, толеранттылықтың маңызы зор. Осы орайда ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов кеңейтілген кеңестің маңыздылығын айта келіп, – Біз «Адал азамат» тұжырымын тек идеологиялық конструктор ретінде емес, қоғамның негізі және қозғаушы күші деп танытуымыз керек. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің халқымызды біріктіруші фактор ретіндегі рөлін күшейту – уақыт талабы. Елімізде барлық ұлттың мүддесін көздейтін салиқалы тіл саясаты жүргізіліп келеді. Бұл – бәріміздің құндылығымыз, жетістіктеріміздің кілті. Қазақ тілін дамыту басқа тілдерге нұқсан келтіру арқылы жүргізіліп жатпағанын ұмытпау керек. Ол – біздің азаматтық бірегейлігіміздің символы. ҚХА-ның осы бағыттағы еңбегі өз жемісін беріп келеді, — деді.
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздің білім саласында атқарылып жатқан нақты бағдарламаларға тоқталып, оқушылар мен студенттерге мемлекеттік тілді үйрету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып берді. – Мектепке дейінгі, орта, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде «Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз», «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаттарына негізделген ауқымды іс-шаралар ұдайы ұйымдастырылып отыр. Осы бағыттағы нақты іс-шараның бірі – «Қазақша ойлау» жобасы. Балабақшадан басталып, одан әрі бастауыш сыныптарда жалғасатын бұл жоба арнайы әдістеме негізінде барлық оқушының ерте жастан мемлекеттік тілді меңгеруіне жол ашады. Бүгінгі таңда жоба мектептерде апробациядан өтіп, жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Жобаны биылғы оқу жылынан бастап ел мектептеріне кезең-кезеңмен енгізу көзделген, — деді министр.
Ал Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Парламенттегі өзі жетекшілік ететін «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының мақсаты мен міндеті туралы әңгімеледі. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА-ның XXXII сессиясында «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобын құру туралы бастама көтерген болатын. Сенат бюросы осы топты құрды. Еліміздегі қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету мәселесін келісу – топтың басты міндеті. Жұмыстың бұл түрі Парламент пен ҚХА-ның өзара тиімді іс-қимылына және азаматтық қоғам институттары арасындағы этносаралық қатынастарды үйлестіруге ықпал етеді. Топтың құрамында Парламенттің 30 депутаты бар, — деді сенатор. Сонымен қатар Нұртөре Жүсіп кеңес басында көтерілген негізгі мәселе – мемлекеттік тілдің еліміздегі ұлтаралық тілге айналуына қатысты да ойын білдірді. – Қазіргі күні ақпараттық жүйе қарқынды дамып келеді. Соның ішінде жасанды интеллекттің орны ерекше. Оқу-ағарту министрі мен Ғылым және жоғары білім министрі бұл бағытта ойлары мен бастамаларын ортаға салды. Оның бәрін депутаттар қолдайды. Расында, біз тілімізді заман көшінен қалдырмаймыз десек, осы бағытқа көңіл бөлуіміз керек. Бұл жерде ІТ мамандарымен бірлесіп жұмыс жүргізуіміз қажет. Сонымен қатар ассамблея жастары қолға алып отырған «Үйде сөйле» жобасын ерекше айтқым келеді. Біз Парламент депутаттары тарапынан оған қызу қолдау көрсетуге дайынбыз, — деді Нұртөре Жүсіп.
Биыл сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» тақырыбында өткен ҚХА-ның ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы этносаралық қатынас, татулық, бірлік, тұрақтлық, тәуелсіздік, қазақ тілі мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталған болатын. – Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек. Бұл – тек салалық министрліктердің ғана емес, бүкіл қоғам болып шешетін тарихи міндет. Осы ретте асыра сілтеушілік пен даңғазалыққа жол бермей, парасатты әрі дәйекті түрде әрекет еткен жөн,- деп атап өткен еді Президент.
Қ.Тоқаевтың айтуынша, қоғамда мемлекеттік тілді үйрену, оны білуге ұмтылу қалыпты жағдайға айналуы қажет. Сонымен қатар қазақ тіліне сұраныс артқанда ғана ол көпшілік кең қолданатын тіл болады. Жалпы, бірнеше тіл білу – әр адамның мәдениеттілігінің белгісі. Ал мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу – қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді.
Шынында да бүгінгі күні ХХІ ғасырдың ғылыми-технологиялық жетістіктері – ғаламның бір нейронды жүйеде тоғысып, жасанды зерде, диджитал әлем уысында түймедей ғана тетікке тәуелді болып отырғанына куәміз. Әлем жаһандану үрдістеріне жұтылып кетпеудің қамын жасап, әр халықтың, әрбір ұлттың өзіне ғана тән құндылықтарына құрметпен қарап, бейбітшілік пен татулық туын биік ұстауға мүдделі. Қазақ үшін де, қазақ жерін мекен етіп отырған түрлі этнос өкілдері үшін де ортақ Отанымыз – Қазақстанның іргесі бүтін, аспаны ашық, бейбітшлік пен тұрақтылықтың азат мекені болғаны маңызды. Қазіргідей геосаяси жағдайлар ушығып, экономикалық-әлеуметтік тұрақсыздық пен соғыс өрті тұтанып кетіп жатқан, сын-қатерлерге толы уақытта ел ішінің, халқымыздың ырыс-ынтымағы мен береке-бірлігі ауадай қажет. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі мен қазақтың руханиятына, мәдениетіне, тарихына құрметпен қараумен қатар, басқа да жүрегі бір, тілегі ортақ этностардың ұлттық құндылығы мен бірегейлігіне құрметпен қарау барша Қазақстан халқының қасиетті борышы.
Ата Заңымыз – ҚР Конституциясында «Біз, Қазақстан халқы, дүниежүзілік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі бола отырып, қазақ мемлекеттілігінің бұлжымастығын негізге ала отырып, адам құқығы мен бостандығының басымдығын тани отырып, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруға бекем бел байлап, азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді, өзіміз үшін және өз ұрпақтарымыз үшін лайықты өмірді қамтамасыз етуді қалай отырып…» деп жазылғанындай, әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам, зайырлы орта құру мақсатына жұдырықтай жұмылуды көздейміз. «Бірлік болмай, тірлік болмайды» дейді халық даналығы. Татулық пен бірлік бар жерде қоғам өркендейді, әл-ауқаты артады. Мейірім мен қайырым, достық, ынтымақтастық ел іргесінің бүтіндігінің кепілі. Мемлекет басшысының «Көп мәдениетті ортаны дамытып, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасау қажет. Жалпыұлттық азаматтық бірегейлік этникалық ерекшеліктерді жоққа шығармайды. Ол азаматтық қоғамның жаңа моделінің негізін қалыптастыруды көздейді. Қазақстандағы әрбір этностың өз дәстүрін, мәдениеті мен тілін дамытуға мүмкіндігі болды және бола береді» деген сөзі де бар. Сондықтан қасиетті қазақ даласында, қазақтың туған топырағында тағдыр тоғыстырған барша халықтың еркіндігі, тең құқылылығы бәрінен қымбат. Біздің мемлекетіміз – ортақ идеалар мен құндылықтар біріктірген адал ниетті, ақ тілекті, абзал жүректі адамдардың мекені.
Адам баласын бөле-жармай туғанындай бауырына басықан қазақ халқының бауырмалдығы, мейірімі елімізде ұлттар бірлігінің орнығуына себеп болды. Ұлтаралық татулық пен келісім – ұлттық идеяның негізгі өзегіне айналды. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белестерге бастайтын да халықтың ауызбіршілігі мен татулығы. «Ырыс қайда барасың, ынтымағы жарасқан елге барамын» дегендей, бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырыс-несібесі артпақ. Иә, ұшқан құстың қанаты талатын, шетсіз-шексіз дархан даласындай кең, құзар шыңдарындай асқақ, өзен-көлдеріндей тұңғиық, көгілдір аспанындай мөп-мөлдір қазақ халқының ақ пейілі, жылы құшағы қазақ топырағын басқан әрбір адамға, әрбір ұлтқа әрқашан ашық. Осы бауырмалдық пен достық мейірім Отанымыздың бейбітшілік пен тыныштығының кепілі болғай…
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ