Жақсы өмірге бетбұрыс «Бетбұрастан» басталады

Көпбалалы аналарды, өмірлік қиын жағдайға тап болған және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарға қолдау көрсету – еліміздегі әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Соның ішінде ана мен балаға өмірде кездесетін түрлі қиындықтарды жеңіп, мемлекет ұсынған қолдаулар туралы білуіне, оларды мүмкіндігінше пайдалануына бағытталған бағдарламаларды, жобаларды көбірек насихаттау қажет.

Ақтөбеде осындай ерекше жоба бар. «Бетбұрыс» деп аталады. Жобаның ерекшелігі сол, ол көпбалалы және жалғызбасты, ерекше бала тәрбиелеп отырған аналардың, аз қамтылған отбасылардан шыққан әйелдердің психологиялық кедергілерді жеңіп, өз ісін бастауына, яғни, қандай да бір кәсіп ашуына қолдау көрсетуге бағытталған. Олар әрдайым басына түскен қиыншылықпен күресе жүріп, жеңе жүріп, кәсіп ашады, нәсібін арттырады. Бұл ерекше жобаның Ақтөбеде жүзеге асырылып жатқанына үш жыл болды. Демек, мұндай бастама сұраныста бар деген сөз.
Бұл жобаның негізін қалаушы – қалалық мәслихат хатшысы Анар Даржанованың айтуынша, бастама бүгінде өз жемісін беріп, Ақтөбеде кәсіпкер аналар көбейіп келе жатыр.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында әлеуметтік бағыттарға – отбасы бизнесін құруға, ең алдымен, көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән бере отырып, бизнеске қолдау көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізуді тапсырған болатын. Ел Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында ұйымдастырылған жобаға әйелдер белсенді қатысып жатыр. Оларға өз жұмысын жүргізуге менторлар, яғни мықты бизнес-жаттықтырушылар дәріс беріп, кәсіпкерліктің қыр-сырын түсіндіреді, — дейді Анар Даржанова.


«Бетбұрыс» жобасына қатысушылар жаңа дағдыларды игеріп, аспаздық ісі, кондитер, киім пішу, тігу, SMM-маман болу секілді тегін курстарға, өздерінің шағын кәсіптерін одан әрі кеңейту үшін практикалық тренингтерге, шеберлік сабақтарына қатысады. «Бетбұрыс» жобасының бірінші, екінші кезеңдеріне қатысып, кәсібін ашып, дамытып жатыр. Екінші кезеңінде курстан өткен 20 ананың 18-і өз кәсібін ашып, бүгінде ісін сәтті ұйымдастырып отыр.
Үшінші кезеңі биыл тамыз айында басталып, қыркүйек айының аяғында қорытындыланды.
– Әлеуметтік жобаның үшінші кезеңіне қатысуға көпбалалы, жалғызбасты, ерекше бала тәрбиелеп отырған аналардан 80 өтініш түсті. Оның 21-і іріктеуден өтті, олар тігінші, кондитер, бухгалтер, сұлулық салонының шебері, SMM секілді 5 бағыт бойынша кәсіпке бейімделді. Курс бір айға созылды. Осы уақыт аралығында тәлімгерлер психологиялық тренингтер мен шығармашылық сабақтар өткізді. Тәжірибе алмасу мақсатында кәсібін дамытып отырған аналардың жұмыс орындарына да барды, — дейді «Іскер ханым» қоғамдық қорының директоры Әсия Мұхсинова.
Әлеуметтік жобаның үшінші кезеңінің қорытындылануы Ақтөбе қаласындағы «Анаға тағзым» ғимаратында орналасқан «Бақытты отбасы» орталығында өткізілді. Осы жерде «Бетбұрыс» жобасының бірінші, екінші, үшінші кезеңдерінің қатысушылары әзірлеген көрме-жәрмеңке ұйымдастырылды: тәтті бәліштер де, әдемі безендірілген торттар да, жартылай өнімдер де, тіпті тігінші келіншектердің қолынан шыққан киімдер де болды.
–Бүгінде қалалық кәсіпкерлік бөлімі жүргізіп отырған «Бетбұрыс» әлеуметтік жобасы маған өте ыстық. 2021 жылы осы жобаны қолға алып, жүзеге асыруда маған ментор Мирхат Серікбаев көмектесті. Үшінші жыл қатарынан қаншама түлек ұшты. Жоба түлектерінің «қоғамның бір кетігіне кірпіш боп қаланып» жатқанына қуаныштымын, — дейді жоба авторы Анар Даржанова.


Аталған іс-шараға қатысқан Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінованың айтуынша, «Бетбұрыс» жобасы қолдауға, көмекке мұқтаж осындай аналар үшін таптырмас олжа болып отыр. – Бүгінде еліміздің қыз-келіншектері түрлі салада қызмет етіп, табысқа жетіп жүр. Бұл – еңбекқорлық пен іскерліктің айқын көрінісі. Әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттерінің бірі. Сіздердің бәріңіз де балаларыңызды бақытым деп білесіздер және солар үшін осы жерде тұрсыздар. Сіздердің қолдарыңыздан бәрі де келеді. Балаларыңыздың болашағының іргетасын қалау үшін тау қопарардай қайрат-жігер әрбіріңіздің бойларыңызда бар. Бір ай бойы алған білімдеріңіз, үйренген дағдыларыңыз кәсіптеріңіздің ілгері дамуына оң әсер ететініне кәміл сенемін. Адам өмір бойы оқып-іздене бергені жөн. Алдағы жоспарларыңыз өрге бассын, сәттілік тілеймін, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Жобаға қатысушы көп балалы, жалғызбасты, ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар түрлі жобаларды іске асыруға кірісіп кетіпті. Мәселен, төрт баласын өзі тәрбиелеп отырған келіншек Махаббат Жаңабергенова үйден жартылай дайын өнімдер әзірлеп, несібесін айырып отыр. Негізгі мамандығы болғанымен, әрі жұмыс істеп, әрі балаларын көзден таса қылмай бағудын қиындығын түсінген келіншек не болса да кәсібін үйден бастауды жөн көріпті. Бүгінде ол қамыр илеп, жартылай дайын өнімдерді жасап, сатады.
– Сұраныс жоғары. Өнімдерді әлеуметтік желі арқылы насихаттап, сатамын. Мәнті, түшпара, етке салатын жайма нан, кеспе лапша бәрі бар. Болашақта осы істі әрі қарай дамытып, шағын цех ашқым келеді. Ол үшін мұздатқыш, қамыр илейтін машина алу керек, — дейді ол.


Көпбалалы аналардың тағы бірі Жадыра Жұмағалиева күздегі жиын-терін уақытында бақшадағы көкөністерді жинап алып, қысқы азық әзірлейді. Онысы өзіне де жетеді, сатуға да жетеді. Алты баланың анасы Әсел Райымбек те «Бетбұрыс» жобасында оқып, қызықты идеясын кәсіпке айналдыра бастапты. Ол мал сүйегін қайнатып, сорпасын құтыға құйып, ақтөбеліктерге ұсынып отыр. Осы өнімге «Sorpa shipa» деген атау беріп, бренд қалыптастыруға ниетті. Сұраныс бар дейді ол. Төрт баланың анасы Жанар Нағыметованың бір перзенті ерекше бала екен. Ол баласын массаж емін алу үшін мамандарға тасудың қиындығын түсінгеннен кейін өзі де осы кәсіпті үйреніп алуға бел буады. «Баламыз үшін «Bala massage» атты массаж курсына жазылып, оқып, куәлігін алдым. Қазір балама массажды өзім жасаймын. Бұл қызметке сұраныс көп, балаларын әкеліп массаж курсын алып жатқандар баршылық. Мақсатым – массаж ісін әрі қарай дамытып, кабинет ашып, әлсіз балаларды массаж арқылы қатайту», — дейді Жанар Нағыметова.
Облыстық іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі Күлпаршын Айдарханованың айтуынша, кәсіпкерлікке қадам басқан келіншектерге «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесі де барынша қолдау көрсетіп отырғанын айтады. Жоба қатысушылары іскер әйелдер кеңесіне барып, кәсіп ашуға қажетті ақпараттар ала алады. Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Көкеевтің айтуынша, «Бетбұрыс» жобасының төртінші кезеңі келесі жылы жалғасатын болады.

 

М.ТАБЫН

ПІКІР ЖАЗУ