Талпыныс табысқа жетелейді

Арман — арзан емес, ал еңбек — тегін емес. Бұл сөздердің мағынасын 13 жастағы Айдос өз тәжірибесінен білді. Ол бала кезінен арманындағы велосипедті сатып алғысы келетін. Бірақ ата-анасы оны бірден алып беруге мүмкіндігі болмағандықтан, Айдос өз бетімен ақша жинауға бел буды. Айдос жазғы демалыста бос уақытын тиімді пайдалануға шешім қабылдады. Көп ойланбай-ақ, ол үй маңындағы көршілерге ауланы тазалап беру, суару, қоқыс шығару, мысық пен иттерге қарау сияқты ұсақ жұмыстарды ұсынды. Алғашқы тапқан ақшасы аз болса да, бұл оны шабыттандырды.

Айдос тапқан табысын жұмсамай, дәптерге жазып, банкаға жинап отырды. Ол өзін өзі бақылауды үйренді – тәттіге немесе ойыншыққа емес, тек мақсатына ақша жинады. Бірнеше айда ол велосипедке жетерлік қаражат жинап қана қоймай, ақшаның қадірін, еңбектің мәнін түсінді. Айдос жазғы демалысында еңбек еткен адам ғана табысқа жететінін, ақшаны дұрыс басқару – табысқа жетудің жолы екендігін түсінді. Жинақ – болашаққа салынған инвестиция. Кішкентай жасқа қарамастан, адам өз арманын орындай алады.

Ата-анасы Айдостың табандылығына таң қалды. Ол тек ақша жинап қойған жоқ, өзін тәрбиеледі. Еңбектің арқасында жеткен табыс — әрқашан тәтті болады.

Айдос сияқты балалар – болашақтың нағыз еңбекқор, табанды азаматтары. Олар ақша табудың да, оны дұрыс пайдаланудың да маңызын ерте түсінеді. Мұндай мысалдар — замандастары үшін үлкен мотивация. Себебі арманға жетудің ең сенімді жолы – еңбек пен төзімділік.

Әділет Қабиденұлы

ПІКІР ЖАЗУ