Су — тіршілік көзі

Ауыз су – адам өмірінің негізі. Онсыз адам да, жануар да, өсімдік те өмір сүре алмайды. Әр күніміз таза ауыз судан басталады: таңертеңгі шайдан бастап, жуыну мен тамақ пісіруге дейін. Бірақ бүгінде әлемде таза ауыз су тапшылығы күшейіп бара жатыр. Қазіргі кезде кейбір жерлерде адамдарға таза су жетіспейді. Бұл – өте үлкен мәселе. Бұл мәселе Қазақстанда да байқалады. Елімізде су тапшылығы мәселесі жыл өткен сайын күрделеніп келеді. БҰҰ мәліметтері бойынша, 2030 жылға қарай Қазақстан су тапшылығына тап болуы мүмкін. Мемлекет басшысының пайымдауынша, еліміз 2050 жылға қарай тіпті «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін. Мен оқушы ретінде ауыз су тапшылығы болмауы үшін не істеу керек деп ойланамын. Болашақта халықты таза сумен қамтамасыз ету — өте маңызды міндет. Инженер мамандар арнайы су тазарту құрылғыларын ойлап тауып, ауыл-аймақтарды таза сумен қамтамасыз етсе су тапшылығының алдын алуға болады. Қазірдің өзінде үйдегі кранды бекер ашып қоймауға, достарыма суды үнемдеу туралы айтуға тырысамын. Егер әр адам осылай ойланса, болашақта су тапшылығы болмайды.
Бүгінгі таңда кейбір ауылдарда адамдар әлі де құдықтан немесе өзеннен су ішеді. Ал кей жерлерде су мүлде тапшы. Таза су болмағандықтан адамдар түрлі ауруларға шалдығады. Бұндай жағдай болмауы үшін мемлекет пен әрбір азамат су мәселесіне жауапкершілікпен қарауы керек. Қазақстан су ресурсы тапшы елдер санатына жатады. Географиялық тұрғыдан алғанда, бізде табиғи су қоры өте аз және негізгі су ресурсының көзі шекаралас мемлекеттер аумағында орналасқан. Соған қарамастан, біз барлық қолжетімді су ресурсын бейберекет және үнемсіз пайдаланып отырмыз.
Болашақта халықты ауыз сумен қамтамасыз етудің жолдары
- Су көздерін қорғау
Өзендер мен көлдерді ластамай, айналасын таза ұстау – басты қадам. Зауыттар мен фабрикалар қалдықтарын суға төкпеуі керек. Табиғатты қорғау – таза судың кепілі.
- Су тазарту технологияларын дамыту
Ғалымдар суды тазартатын заманауи құрылғылар ойлап тауып жатыр. Болашақта әр үйде немесе ауылда су тазалайтын арнайы қондырғылар болуы керек.
- Жер асты суын тиімді пайдалану
Қазақстанда жерасты су қоры мол. Бірақ оны орнымен пайдалану қажет. Құдықтар мен арнайы скважиналар көбейтіліп, ол жерден алынған су тазартылып берілуі тиіс.
- Тазартылған теңіз суын қолдану
Мысалы, Атырау жақта Каспий теңізі бар. Ғылыми жолмен сол теңіз суын тұщы суға айналдырып, елді мекендерге жеткізуге болады. Әлемнің кейбір елдері бұл әдісті қолдануда.
- Су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру
Әр адам суды босқа ағызбай, үнемдеуді үйренуі керек. Үйде тісті жуғанда, ыдыс жуған кезде суды өшіріп отыру – кішкентай іс, бірақ үлкен көмегі бар.
Көп адамдар суды босқа ағыза береді. Тісті жуған кезде немесе ыдыс жуғанда кранды жауып қою – кішкентай, бірақ маңызды әрекет. Егер әр адам суды үнемдесе, көп су сақталады. Өзен-көлдерге қоқыс тастамауымыз керек. Ластанған су ішуге жарамсыз болады. Сондықтан табиғатты таза ұстау – су қорын сақтау деген сөз. Ағаштар мен ормандар жер астындағы суды сақтауға көмектеседі. Егер ағаш көп болса, жердің ылғалы сақталады, су да мол болады. Суды тазартатын құрылғыларды көбейтіп, жаңбыр суын жинап, оны пайдалану сияқты жаңа әдістерді қолдану керек. Болашақта мен осындай құрылғы ойлап тапқым келеді. Мектепте, үйде, қоғамдық орындарда адамдарға судың маңызы туралы айту керек. Егер бәрі түсінсе, суды да бағалайды. Менің ойымша, ауыз су тапшылығы болмауы үшін әр адам өзінен бастауы керек. Суды үнемдеп, табиғатты қорғап, жаңа технологияларды қолдансақ, болашақта бәріміз таза ауыз су ішеміз. Су – өмір, ал өмірді сақтау – бәріміздің қолымызда. Ауыз су – табиғаттың бізге берген ең қымбат сыйы. Оны сақтау – баршамыздың міндетіміз. Болашақта елімізде әрбір ауыл мен қалада таза су болатынына сенемін. Ол үшін ғылым дамып, адамдардың экологиялық мәдениеті артуы керек. Біз – болашақ иесіміз. Сондықтан бүгіннен бастап суға ұқыппен қарап, ертеңімізді бірге қорғайық!
Әділет Қабиденұлы




