Нүрия салған суреттер


Сәби бойынан байқалған талантты ұштауға, қанаттандыруға тиіспіз. Бұған әр ата-ананың мұқият көңіл бөлуі бұлжымас борыш. Сонда ғана ол өзі қызығатын өнердің жолына түсе алады. Алматы қаласына қарасты №14 балабақшасының 6 жастағы тәрбиеленушісі Мұхаметқалиқызы Нүрия 3 жасынан бастап нағашы атасының қолына қалам ұстатып, сурет салдырып бейнелеу өнеріне жетелеп қызықтырғанының нәтижесінде, тынбай шимайлап сурет сала беретін болған. Ол бақшаға барғаннан соң да сол әуесін тастамады. Ата-анасы ақ көрпесін жамылған Алатау қойнауындағы Медеу мұз алаңына, Шымбұлаққа шығарып, көз сүріндіретін әсем көріністер мен шаңғы тепкен ұл-қыздардың қарлы беттен құлдилай зырлаған ғаламат әсерлі сәттерін тамашалатып қайтады. Ол сол шаңғышыларды көз алдына елестете отырып суреттер салып, айналасын қуандырып мәз еткені бар-ды.
Оның ерекше әуестігін жоғары бағалаған жетекшісі Жылқыбай Гүлзада Барзубекқызы ата-анасына: «Нүрияны Ә. Қастейев атындағы суретке тәрбиелеу орталығына міндетті түрде апарып, сурет салуға баулып, қабілетін жетілдіруге күш салып тұрыңдар!» деп өтінуі де тегін болмаса керек. Осылайша Нүрия 2023 жылдың қысында «ДАРИЯ» өнер-білім орталығының ұйымдастыруымен өткен «ҒАЖАЙЫП ҚЫС» атты республикалық байқауына бейнелеу өнері аталымы бойынша қатысып, қаланың қабат үйлерін салып, жеңімпаз атанғаны үшін I дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ мектеп жасына дейінгі балалардың музыкалық-шығармашылық «Пай, пай, балақай!» байқауының «Хор әндері» номинациясы бойынша аудандық кезеңнен III орын алып, МКҚК «№ 14 балабақшаның» түлегі Мұхаметқалиқызы Нүрия үздік деп танылып грамотамен марапатталды. Біз кішкентай балапанның алда бірінші сынып табалдырығын аттаған кезден бастап өзі айтқан «мен салған суреттері» жаңа сипат алады деп сенеміз.
Суреттерде: М. Нүрияның диплом алған, марапатқа ие болған сәттері және жетекшісінен тәлімін алып жатқан кездері. «Ғажайып қысқа» арнап салған қабат үйлері бейнелеуі. Одан өзге де сызбалары.

Болат Әкежан

ПІКІР ЖАЗУ