Адам саудасы – ең ауыр қылмыс

Адам саудасы – ғаламдық проблема. Адамды еркінен тыс мәжбүрлеп құлдыққа сату, ұрлау, құлдықта ұстау мәселесі дамыған елдердің өзінде әлі күнге дейін күрделі болып отыр. Кез келген нәрсенің пайда болу тарихы бар десек, адам саудасының да ежелден келе жатқан тарихы бар. Алғашқы қауымдық қоғам ыдырай бастаған кезеңде құл иеленушілердің дәуірі басталды. Соғыста қолға түскен тұтқындарды құлдыққа жегу, кейін оларды құлдыққа сату – адам саудасын қыздыра түсті. Алғашқы классикалық құл иеленуші қоғам ежелгі Вавилон, Мысыр, Грекия Рим империясында қанатын кең жайды. Ғұндар шапқыншылығына төтеп бере алмай V ғасырдың ортасында Батыс Рим империясы құлады. Бұл кезең тарихта құлдықтың жойылу кезеңі деп есептелінеді. Алайда V ғасырда маңызын жоя бастаған құл саудасы XVI ғасырда Батыс Еуропада капиталистік қатынастар дамып, жаңадан ашылған жерлерді жаппай отарлау нәтижесінде қайтадан жанданды. Америка құрлығының ашылуы құлдық саудасын тіптен өршітті. Құл саудасы Америка мен Африка құрлықтары арасында негізгі қатынас түріне айналды.

Кейін құл иеленуші қоғам ыдырап, ХХ ғасыр ресми түрде адам саудасынан арылды. 1981 жылы Мавритания адам саудасын заңсыз деп танып, құл иеленушілік жойылды. Бірақ, мұның бәрі қағаз жүзінде… Яғни құл иеленушілер заңды түрде жойылды дегенімізбен, кез келген елде әлі күнге дейін адам саудасының барын ешкім жоққа шығара алмайды. Әлемдік көлеңкелі нарықта қару саудасы – бірінші, есірткі саудасы – екінші орында болса адам саудасы үшінші орында. БҰҰ есебінше адам саудасымен айналысатындар жылына екі жүз миллиардқа жуық табыс табады екен.
Иә, адам саудасы, адамның еңбегін қанау, мәжбүрлеп жұмысқа жегу біздің елімізде де тіркелген. Еліміз бұл аса ауыр қылмыспен үздіксіз күресіп келеді. Көшпенді қазақ халқында еуропа елдеріндегідей классикалық құл иеленушілік болмағанымен, бүгінгі күні әлем елдері секілді адам саудасы біздің мемлекетімізде де күрделі мәселеге айналып отыр.

Адам саудасына тосқауыл бола ма?
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде «Құқық қорғау саласындағы тағы бір күрделі мәселе – адам саудасы. Бұған тосқауыл қою үшін арнайы заң қабылдау қажет» деген болатын. 31 мамырда Ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Саденов Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын таныстырды. Ержан Саденовтың айтуынша, заң жобасы 6 тарау және 22 баптан тұрады. Сонымен қатар заң жобасында шетелдік мигранттардың еңбек қатынастарын реттеу мәселесі қарастырылып, өзге де маңызды бағыттар қамтылған. Заң қолданысқа енгізілсе, адам құқығы туралы ережелер халықаралық стандарттарға сай болмақ. Адам саудасының алдын алу және аталған қылмысқа қарсы ымырасыз күресте әлемдік тәжірибенің маңызы зор.
Ресми дерек көздеріне сүйенсек, елімізде жылына адам саудасына қатысты шамамен 100-ден астам қылмыс тіркеледі екен. Ал БҰҰ мәліметіне сәйкес, әлемдегі адам саудасы құрбандарының 70 пайызы – әйелдер мен жас қыздар. Ал әрбір үшіншісі – балалар. Әлем адам саудасына тосқауыл қою үшін түрлі заңдар қабылдап, адам құқығы жөнінде конвенция, меморандум секілді құжаттар төңірегінде топтасып, бірлесе күресуде. Адам шыр етіп дүниеге келген күннен бастап, оның өмірін, денсаулығын, тыныштығын қорғау кез келген мемлекеттің негізгі міндеті. Өйткені мемлекеттің басты байлығы – адам және оның құқықтары. Сондықтан БҰҰ алғаш құрылған уақыттан бастап, адамды толыққанды қорғау бойынша заң қабылдады. «Адам құқығының жалпыға бірдей декларациясы» деп аталатын заң 1948 жылы 10 желтоқсанда қабылданса, 1959 жылы «Бала құқығы Декларациясы» қабылданды. Ал 1989 жылы 20 қарашада 61 ел қол қойған «Балалар құқығы туралы Конвенция» қабылданды. Қазір БҰҰ-ның «Балалар құқығы туралы Конвенциясына» 191 мемлекет мүше. Осы «Конвенция» негізінде Қазақстанда 2002 жылы тамызда «Балалар құқығы туралы» заң қабылданды. Заң шеңберінде бала құқығын қорғау мәселелері жыл сайын жетілдіріліп отырады.

Елімізде бала құқығы қалай қорғалады?
Бүгінде елімізде 15 халықаралық құжат, 4 кодекс және 15 заң балалардың құқығын қамтамасыз етеді. 120-дан астам ҮЕҰ бала құқығын қорғау бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр. Былтырдан бері 20 Өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл балалардың проблемаларын шешуге көмек көрсетуді қолға алды. Негізінде бала отбасында, ата-анасының қамқорлығында өсіп, тәрбиеленеді. Әсіресе, қазақ қоғамында, қазақ халқының ұлттық таным-түсінігінде отбасының маңызы зор. Отбасы институты ақсап, ұлттық құндылықтар әлсіріген тұста бала тәрбиесі де қолдан шығып кететінін күнде көріп жүрміз. Сондықтан елімізде әлеуметтік саясатқа аса мән беру үрдісі қалыптасты. Әлеуметтік саясат алдымен ана мен баланы қорғауға басымдық береді.
Ресми деректерде Қазақстанда халықтың үштен бір бөлігі – балалар деп көрсетілген. Қазіргі санаққа сәйкес елімізде 6,6 млн бала бар. Жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Еліміздің ертеңі – өскелең ұрпақты қолдау, қорғау, тәлім-тәрбие мен білім беріп, ғылымға балу, сауатты, салауатты, зерделі, зейінді ұрпақ екені белгілі. Естеріңізде болса, былтыр елімізде Балалар жылы жарияланып, балалар құқығын қорғау мен сақтауға қатысты біршама жұмыстар атқарылды. Балалар жылында тұңғыш рет баланы қорқытудан (буллингтен) қорғау құқығы бекітілді, тиісті алдын алу ережелерін әзірлеу бойынша құзырет енгізілді. Бұл қудалауға ұшыраған балаларға уақтылы ескертуге және қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, биыл Білім беру ұйымдарының психологиялық қызметінің бірыңғай қағидалары қабылданды. Елімізде балалардың әл-ауқатының индексі алғаш рет әзірленді. Әр бағытта лайықты өмір сүру жағдайларына, білімге, денсаулық сақтауға, инфрақұрылымға, зорлық-зомбылықтан қорғауға және әлеуметтенуге қол жеткізуді көрсететін ең маңызды индикаторлар таңдалды.
Сонымен қатар көп жылдардан бері ЮНИСЕФ Қазақстанда ұлттық және жергілікті деңгейде балалардың әл-ауқатының мониторингі жүйесін құруға қолдау көрсетіп келеді. БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстан Республикасындағы өкілі Артур ван Дизеннің айтуынша, бұл мониторингі жүйесі объективті көрсеткіштер негізінде балалардың мүддесі үшін шешім қабылдауға көмектеседі. Сонымен қатар орталық және жергілікті атқарушы органдар Балалардың әл-ауқатының индексін жұмыс құралы, мәселелік сұрақтарды көрсететін компастың бір түрі ретінде пайдаланауына болады. Балаға келер қауіптің алдын алу, балалар саудасының жолын кесу, балаға көрсетілетін зорлық-зомбылыққа тосқауыл қою біртұтас қоғамның міндеті. Балаларды балабақша, мектеппен қамтамасыз ету, әлеуметтік-тұрмыстық кемсітушіліктен қорғау, зорлық-зомбылық, қатыгездік, буллинг, кибербуллинг мәселелерінің алдын алуға отбасынан бастап, мемлекеттік деңгейде жауапкершілік артып отыр. Қазақтың біртуар ұлы, Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Балам деген ел болмаса, елім деген ер қайдан болсын!» деген өсиетін ескерсек, алдымен «балам» деп еміреніп, еркелетсек, сенім артып, тәлім мен тәрбие беріп, білім мен ғылымға баулысақ, жарқын болашағымыздың кепілі – жас ұрпақ. Сондықтан мемлекеттік деңгейде балаға деген қамқорлық, балаға деген сүйіспеншілік күн тәртібінен түспеуі керек.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ