«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ТӘУЕЛСІЗДІК СИМВОЛЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

2026 жылғы тамыз-қазан айлары аралығында Қазақстанда мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қазақ тілін кеңінен насихаттау және өзге этнос өкілдерінің тіл мәдениетін дамыту мақсатында «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» республикалық байқауы өтті.
Байқау екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Бірінші кезеңде қатысушылар «Үздік цифрлық контент» жобасы бойынша бақ сынаса, екінші кезеңде «Қазақ тілін тиімді меңгеру әдістері» тақырыбында өз жобаларын ұсынды. Байқауға өңірлерде іріктеуден өткен, мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос өкілдері мен қазақ тілін құрметтейтін белсенді азаматтар қатысты.
Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған қатысушылар дипломдармен, алғыс хаттармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Бірінші орынды Атырау облысының өкілі Кабдулкаримова Полина Андреевна иеленді. Екінші орын Алматы қаласының өкілі Сурина Мария Алексеевна мен Шымкент қаласының өкілі Исмоилов Комилхон Бахтияровичке берілді. Ал үшінші орынға Ақмола облысының өкілі Әшімбек Милана Анатольевна, Ақтөбе облысының өкілі Хаджиева Милана Султановна және Қостанай облысының өкілі Блинова Алена Юрьевна лайық деп танылды.
Байқаудың өзге қатысушыларына да белсенділік танытып, мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосқаны үшін ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Аталған байқау мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, қазақ тілін үйренуге деген қызығушылықты арттыруға және қоғамдағы тіл мәдениетін дамытуға бағытталған. Сонымен қатар ол мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлін нығайтып, азаматтардың қазақ тілін меңгеруге деген ынтасын арттыруға ықпал етеді.
