Мамандық таңдау – маңызды іс

Мамандық таңдау — бұл жай ғана «кім боламын?» деген сұраққа жауап беру емес. Бұл — өзіңнің болашақтағы өміріңнің сценарийін жазу. Әр адам өз өмірінің авторы десек, мамандық — сол шығарманың басты тақырыбы.
Кейде біз бұл таңдауды жеңіл қабылдаймыз. «Достарым қайда барады?», «Ата-анам не дейді?» деген ойлар бізге әсер етеді. Бірақ шын мәнінде, әркімнің өз өмірі өзіне керек. Біреудің арманы — сенің арманың болмауы мүмкін. Сол себепті өз жолыңды табу — батылдықты талап ететін шешім.
Менің ойымша, мамандық таңдауда ең маңызды нәрсе — өзіңді түсіну. Сен нені жақсы көресің? Қандай іспен айналысқанда уақыттың қалай өткенін байқамай қаласың? Қай кезде өзіңді тірі, шабытты сезінесің? Міне, осы сұрақтардың жауабы сені дұрыс бағытқа жетелейді. Егер адам сүйікті ісімен айналысса, ол тек жұмыс істемейді — ол дамиды, шабыттанады, тіпті бақытты болады.
Бірақ тек қызығушылық жеткіліксіз. Қазіргі әлем өте жылдам өзгеруде. Бүгін танымал мамандық ертең қажетсіз болуы мүмкін. Ал кейбір жаңа мамандықтар қазірдің өзінде пайда болып жатыр. Мысалы, IT, жасанды интеллект, цифрлық маркетинг сияқты салалар жыл сайын дамып келеді. Сондықтан тек жүрекке емес, ақылға да сүйену маңызды. Яғни, «маған ұнай ма?» деген сұрақпен қатар, «бұл болашақта сұранысқа ие ме?» дегенді де ойлау керек.
Бұл мәселеге дамыған елдер де ерекше мән береді. Мысалы, АҚШ-та жастарға еркіндік пен жеке қызығушылыққа басымдық беріледі. Көптеген студенттер бірден нақты мамандықты таңдамай, алдымен әртүрлі пәндерді оқып, өз бағытын кейін анықтайды. Бұл — өзіңді тануға уақыт беру деген сөз. Ал Жапонияда жауапкершілік пен тұрақтылық маңызды. Көп жастар болашақта сенімді жұмыс беретін, қоғамға пайдасы бар мамандықтарды таңдауға тырысады. Мұнда еңбекқорлық пен кәсібилік жоғары бағаланады. Оңтүстік Кореяда білім мен мансапқа өте үлкен мән беріледі. Көп жағдайда жастар бәсекеге қабілетті болу үшін беделді университеттер мен жоғары сұраныстағы мамандықтарды таңдайды. Бірақ соңғы жылдары бұл елде де «өз қалауыңды тыңдау» идеясы біртіндеп дамып келеді. Мамандық таңдау мәселесі бойынша Ұлыбританияда ұстаным маған ұнады, себебі оқушылар мектептен бастап белгілі бір бағытқа бейімделеді. Олар ертерек мамандыққа жақын пәндерді таңдап, сол салада терең білім алуға тырысады. Бұл жүйе нақты мақсат қоюға көмектеседі. Осы мысалдардан байқайтынымыз — әр елдің өз ұстанымы бар. Бірақ бәрін біріктіретін бір ортақ нәрсе бар: адам өз қабілетін түсініп, соны дамытуға ұмтылу.
Шынымды айтсам, мен де кейде күмәнданамын. «Мен мамандықты дұрыс таңдаймын ба?», «Қателесіп қалмаймын ба?» деген ойлар кез келген адамда болады. Бұл — қалыпты жағдай. Өйткені маңызды шешімдер әрқашан қорқынышпен бірге келеді. Бірақ дәл осы күмән бізді ойлануға, ізденуге, өзімізді тереңірек тануға итермелейді.
Мамандықты бірден таба салу міндет емес. Бұл — процесс. Кейде адам қателеседі, бағытын өзгертеді, қайтадан іздейді. Бұл да дұрыс. Себебі әрбір қадам — тәжірибе, әрбір таңдау — сабақ.
Мамандық таңдау — бұл жай ғана шешім емес, бұл — өзіңді табу жолы. Жоғары сынып оқушыларына айтарым: асықпа, өзіңді тыңда, зертте, қателесуден қорықпа. Себебі ең дұрыс таңдау — бұл сенің жүрегің мен ақылың келіскен таңдау. Ал сондай таңдау сені тек табысқа ғана емес, шынайы қанағат пен бақытқа жеткізеді. Мамандық таңдаудан қателеспейік, достар!
Шукурла Алтынай
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы
«ALTYN ADAM» инновациялық мектебінің
11 «А» сынып оқушысы
Жетекші Төлешова Г.Б.
