Қазіргі таңда лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік, жастар арасында кең тараған мәселеге айналып отыр

«Лудомания» терминінің түп мағынасына келсек, «лудо» — ойын, «мания» — ессіздік дегенді білдірді. Яғни, бұл — «ойынға есі кету» деген сөз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны құмар ойындарға әуес адамдардың дерті екенін дәлелдеді. Шынында да, қазіргі таңда ойынға құмарлық қоғамның дертіне айналып барады.
Лудоманияның жастар арасында кең таралуының басты себептері – ойындардың интернет арқылы қолжетімділігі, оңай ақша табуға деген қызығушылық және бос уақытын тиімді өткізбеу. Әсіресе, онлайн казинолар мен букмекерлік кеңселер жастар арасында тәуелділікке шалдығу жағдайларын жиі туғызуда.
Бүгінде елімізде “лудомандардың” саны көбейіп барады. Біз осы орайда өңіріміздегі ахуал мен құмар ойынға әуестеніп кеткен жастармен, олардың ата-аналарымен, сондай-ақ мамандармен әңгімелескен едік.
Лудоман: «Қарызымнан көлігімді сатып құтылдым»
Ақтөбе қаласының тұрғыны, 38 жастағы Жасұлан Айтқалиев (кейіпкердің өтініші бойынша есімі өзгертілді — автор.) көп жыл вахталық әдіспен өңірдегі мұнай компанияларының бірінде жұмыс істеген. 2021 жылы жұмысы қысқарып, біраз уақыт үйінде екі қолға бір күрек таппай отырып қалған. Басқа жұмыстың реті болмаған соң, такси жүргізушісі болып табыс тапқан. Сөйтіп жүргенде, таныстарының ықпалымен құмар ойын ойнауға әуестенген.
Бұрын, тіпті, құмар ойындар туралы жарнамаларға мән беріп қарамайтын едім. Қалай тұрақты жұмысымнан айырылдым, солай оңай ақша табудың жолын ойластыра бастадым. Бұрыннан жақсы араласатын жолдас жігіттің айтуымен ең алғаш рет 2021 жылдың мамыр айында спорттық ойындарға бәс тіге бастадым. Басында 2000-5000 теңгеге бәс тіксем, кейін таксиден түскен барлық ақшамды салдым. Осылайша жарты жылда 600-700 мың теңге пайдамнан қағылдым. Әрине, басында мұның соншалықты жаман нәрсе екенін түсінбедім. Бір мезгіл такси жүргізсем, бір мезгіл букмекерлік кеңседе отыратын едім. Үйдегілерге жұмыста екенімді айтып, қашқақтап жүрдім. Менің құмар ойынға әуестігім осылай басталған еді, — дейді кейіпкеріміз.
Жасұлан — отбасында ерке өскен жігіт. Екі қыздан кейінгі үйдің кенжесі. Ата-анасының қолдауымен 27 жасында үйленіп, екі балалы болған. Адал еңбегімен тапқан қаржысын жинап, қала шетіндегі Ақжар-1 ауылынан жер үй салған. Осы үйде бүгінде ата-анасымен тұрып жатыр. Алайда келіншегі отағасының құмар ойынға әуестеніп кеткенін біліп, екі баласымен төркініне кетіп қалған. Қазір ол отбасын қайтару үшін бар күш-жігерін салып, еңбектеніп жүргенін айтады. Өкініштісі сол, баласының жаман әдетке бой алдырғанын естіген анасы жүрек талмасына шалдыққан. Қазір Жасұлан анасы мен әкесін өзі бағып отыр.
«Періште алтын көрсе, жолдан таяды» деген қазақтың нақыл сөзі рас екен. Мен де жеңіл ақша табуды көздеп, алды-артыма, отбасыма қарамай, букмекерлік кеңселерді жағалап кеттім. Екі жылға жуық уақыт қалтамдағы барлық ақшамды осы кеңселерге бәс тігіп, салдым. Бірде ұтылсам, бірде ұттым. Алайда ойынқұмарлық мені көп нәрседен айырды. Алдымен, отбасымнан, анамның денсаулығынан, сондай-ақ темір тұлпарымнан айырды. Олай дейтінім, әйелім менің «жүрісімді» біліп, үйден кетіп қалды. Оған басты себеп — тапқан ақшамды үйге апармай, тек ойынға сала бердім. Екі балама екі жылдың ішінде бір оқу құралын әперген емеспін. Ал екіншіден, менің осындай жаман әдетке түскенімді естіп, анам қатты ауырып қалды. Бірнеше ай ауруханада жатты. Құны шамамен 7-8 миллион теңге тұратын көлігімді де ақша керек болып сатып жібердім. Көліксіз қалған соң таксиді де қойдым. Осылайша жұмыссыз, ойынқұмар, жатыпішер еркекке айналдым, — дейді Жасұлан.
Біз әңгіме арасында кейіпкерімізден «Ойынға бәс тіккенде қандай сезімде боласыз? Одан қандай пайда бар?» деп сұрағанымызда ол қысқаша ғана жауап берді.
Ол жерде кез келген адам өзіне есеп бере алмайды. Ойынға бәс тігіп үйренсеңіз, тек ұту мен жеңіл ақша табуды ойлайсыз. Тіпті, есің кеткелі соншалық, өміріңді, отбасыңды, басқаны ойлауға мұршаң болмайды. Тамақ ішсең де, ұйқтасаң да, қалай да келесі ойынға бәс тігу үшін ақша табуды ойлап отырасың, — дейді ол.
Ең қуаныштысы, Жасұлан қазір өзінің қатесін түсінген. Отбасынан айырылып, қаржысы таусылған соң есін жиғанға ұқсайды. Әрине, кейіпкеріміз іштей өзін кінәлағанымен, сырттай ештеңені елемеуге тырысады. Ол бойындағы қорқынышын жеңген тәрізді. Дегенмен әлі де болса психологтың көмегіне жүгінгісі келеді.
Сұрап білгеніміздей, Жасұлан үлкен әпкесінің көмегімен лудоманияның «құрығынан» әрең құтылған. Дегенмен жасы қырыққа таянған жігітке әлі де болса қолдау мен көмек керек-ақ. Сөзге жоқ, сабырлы, бет-бейнесі келіскен жігіттің «хикаясы» — осы.
Алайда бұл бір ғана адамның тағдырынан үзінді. Ал елімізде жыл сайын Жасұлан сияқты мыңдаған адам лудомания дертіне шалдығып, құмар ойынға әуестеніп кетеді. Олардың қазіргі өмірі не болып жатыр? Қарызынан пәтері мен көлігін сатып құтылып жатқандары қанша, құмар ойынның «құрығынан» құтыла алмай, өз-өзінің өмірін қиып жатқандары қаншама? Міне, осы тұста адамның тағдыры талқыға түседі.
Ақтөбелік психолог Ардақ Жұмағалиеваның айтуынша, адам бойында лудомания дертінің алғашқы белгілерінің пайда болуы о баста отбасында қабылданған дұрыс емес сенімдер және түсініктерден туады. Яғни, ата-аналар балаға ақша барлық мәселені, соның ішінде адамдармен қарым-қатынасты дұрыстайтын басты құрал екенін айтып, оны бойына сенім ұялатып өсіреді. Екінші себеп — жалғыздық. Адам өзін қоғамға керексіз сезінгенде, адамдардан өзін төмен сезініп, байланыс орната алмағанда, эмоция және орта іздеу мақсатында ойын алаңдарына баруды әдетке айналдырады. Соның салдарынан көп жағдайда құмар ойынның құрбаны болады.
Үшінші себеп ретінде адамның өз-өзіне көңілі толмауы және күнделікті әрекеттеріне, жасап жатқан жұмысына қанағат тұтпауынан болады. Шынайы өмірде әркез жеңіске жету мүмкіндігі аз, ал ойында бастапқы уақытта жеңімпаз атануы адреналин сезімін сыйлайтындықтан, миы уланып, сол ойын алаңдарына жиі келуді немесе телефондағы сайттарда ұзақ кідіруді ойлап жүреді. Оңай олжаға еті үйреніп, тәуелділіктің туғанын байқамауы да мүмкін. Байқаса да, адамдардың 80 пайызы мүлде мойындамайды. Және ұтысқа қарағанда ұтылыстың көп болатынын тәуелді адам онша түсіне бермейді, — дейді психолог.
Оның айтуынша, ойынқұмарлықтың салдары көп: тума-туыспен, достармен, отбасымен қарым-қатынастың нашарлауы, ажырасу және кейбір жағдайда суицид жасауға итермелейді.
Лудомания дертін жеңу үшін адам өз-өзімен күресуі керек. Әр адамның құмарлық деңгейіне байланысты 6 айдан бастап бірнеше жылға созылатын психолог немесе психотерапевт (асқынған жағдайда — психиатр) маманның көмегіне жүгініп, үнемі байланыста болу мәселені оңтайлы шешуге ықпал етеді. Бірақ ескеретін жайт ойынқұмар адамның өзгеруге, бұл дертпен күресуіне шынай ниеті болуы қажет. Егер біреулер мәжбүрлесе, көп адам бұл дерттен айыға алмайды, — дейді Ардақ Жұмағалиева.
Ол Ақтөбе қалалық отбасын қолдау орталығында жұмыс істейді. Көп жағдайда ересектерге қабылдау жүргізеді. Оның ішінде отбасындағы дау-жанжал, ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынас, ерлі-зайыптылардың бір-бірін түсініспеуі, міне, осы мәселелер бойынша психолог жан-жақты жұмыс істеп, ақтөбеліктерге тегін кеңес береді. Ашылғанына бірнеше жыл болған бұл орталық, негізінен, аз қамтылған, мұқтаж, көп балалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға көмек көрсетеді.
Ардақ Жұмағалиеваның жеке тәжірибесінде құмар ойынға әуестеніп, зардап шеккен азаматтар көбі мал-мүлкінен, отбасынан айырылған. Психологиялық жағынан өз-өздерін жоғалтқан. Оларға жан-жақты көмек керек. Жалғыз психолог немесе психотерапевт лудоманға көмек бере алмайды.
Мұндай жандарға қоғамның қамқорлығы, түсіністігі, жақын адамдарының жанашырлығы, сондай-ақ мамандардың көмегі керек. Егер ер адамдар жан-жақты қолдауды сезінсе, көп жағдайда қалыпты өмірге қайтып келеді. Бірақ ол үшін адамның ерік-жігері мықты болу керек, — дейді психолог.
Тәжірибелі психолог лудомания дертімен қоғам болып, ел болып күресу керектігін айтады. Егер елімізде заң тұрғысынан шектеулер немесе жаза қарастырылатын болса, онда көп адам, оның ішінде жастар мұндай жаман әдетке әуес болмаған болар еді…
Үкімет неге «қауқарсыз»?
Расында, елімізде құмар ойын ойнау, ойын-сауық құру, тағы басқа бизнес түрлеріне тыйым салынбаған. Тіпті, ешқандай шектеу жоқ. Осыны жастар барынша тиімді пайдаланып-ақ жатыр. Қазір әлеуметтік желілерді ашып қалсаңыз, ойынға бәс тігу, несие алу, депозиттер беру, тренингтен өту, ақшаны көбейту үшін оқу курстарын оқу, т.б. түрлі жарнамалар қаптап жүр. Осының бәрі қазақ жастарын жеңіл ақша тауып, құмар ойынға әуестенуге тәрбиелейді. Өкініштісі сол, мұндай дарақылық пен заңсыздыққа «тәйт» деп жатқан адам жоқ. Әрине, Президент пен Үкімет басшысы бұл мәселені жиі-жиі көтеріп жүр. Дегенмен заң жүзінде тиімді іс-шаралар жүргізілмеген соң бәрі бекер.
Үкімет демекші, былтыр Мәжілістің жалпы отырысында депутат, «Amanat» фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев елімізде құмар ойынның жарнамасына шектеу қоюды сұрап, салаға жауапты министрлерге депутаттық сауал жолдаған болатын. Ол, тіпті, өз сауалында жаға ұстатарлық деректер келтірген. Мәселен, депутаттың айтуынша, қазір елімізде 350 мыңнан астам адам лудоманияның «құрығына» іліккен. 2019 жылмен салыстырғанда өткен жылы құмар ойындар мен бәс тігу көрсеткіші 40 есеге көбейген. Соның салдарынан былтыр 157 мыңнан астам қылмыс жасалса, оның 20 пайызы — құмар ойынға құныққандардың еншісінде. Ал республика бойынша бір жылда суицид жасаған 3676 адамның әрбір бесіншісі осы лудомания дертіне шалдыққан. Ең сорақысы, бүгінде елімізде әрбір ажырасқан он отбасының жетеуі құмар ойынға әуестікпен байланысты. Қарап отырсақ, бұл — өте қорқынышты статистика. Демек, осы дерттің кесірінен қаншама отбасы, ата-аналар мен балалар зардап шегіп жүр.
Депутаттың осы сауалынан кейін бұрынғы Премьер-министр Әлихан Смайылов Мәжілісте Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет лудоманияға қарсы күреске бағытталған тиісті нормаларды әзірлегенін айтқан еді. Тіпті, бұрынғы Үкімет басшысы букмекерлік кеңселерді, лотереяларды және онлайн казиноларды жарнамалауға тыйым салынатынын, құмар ойындарға қатысуға рұқсат беретін жас деңгейі 25 жасқа дейін көтерілетінін жеткізген болатын. Алайда одан бері ешқандай шара қабылданған жоқ. Бұл мәселеге байланысты биыл жыл басында «Amanat» партиясының депутаттары Үкіметке тағы сұрау салып, лудомания туралы заң жобасы Үкіметте неге 1,5 жылдан бері қабылданбай келе жатқанын айтып, сынға алған еді. Ал өткен аптада Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов лудомания жайлы заң жобасы жақында Мәжіліске келетінін жеткізді. Бірақ ол да нақты қай күні бұл мәселеге нүкте қойылатынын тарқатып айтпады.
Суицид: Ойынқұмарлардың үлесі қанша?
Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Шынар Ершілік — лудомания тақырыбын зерттеп жүрген жандардың бірі. Ол бұл мәселені облыс көлемінде өткен басқосулар мен жиындарда жиі көтеріп жүр.
Оның айтуынша, құмар ойынға құныққандардың көбі тығырықтан шығар жол таппай, ақыры суицидке барады. Соңғы жылдары өңірде осындай оқиғалар көбейген.
Құмар ойынға әуес жастардың саны жыл өткен сайын көбейіп барады. Бұл мәселемен енді қоғам болып күреспесек, кейін кеш болады. Қазірдің өзінде оңай жолмен ақша тапқысы келіп, ойын ойнап, кейін қарызға белшеден батқан жастарымыз бар. Мысалы, мен танитын адамдардың арасында дәл осы лудоманияның құрығына ілініп, соның салдарынан өз-өзіне қол жұмсағандар бар. Ішкі істер органдары бұл мәселе бойынша ақпарат айтпайды. Алайда облыс көлемінде лудоманиядан зардап шегіп жатқандар көп. Бір ғана мысал, соңғы жылдары менің таныстарымның арасында 4-5 адам ойынқұмарлықтан зиян шегіп, көз жұмды. Олардың дені — ауылдан қалаға келген жастар. Жеңіл ақша табуды ойлап, ойын автоматтары мен букмекерлік кеңселерді торуылдады, нәтижесінде қарызға батты, көп қаржыны таппайтынын біліп, бұл өмірмен қоштасты. Міне, лудоманияның ақыры жастарымыздың өмірін қыршынынан қиып жатыр, — дейді ол.
Депутаттың айтуынша, Ақтөбе облысында да өзге өңірлердегідей ойын автоматтары мен букмекерлік кеңселер ашық жұмыс істейді, оларды тексеріп, жауып жатқан ешкім жоқ. Өңірдегі депутаттар бұл мәселені жиі-жиі көтеріп, сұрау салғанымен, бұл мәселеге тосқауыл қойылмай отыр.
Ойын құмарлықтың негізгі себебі — жеңіл ақша табуға әдеттену, қанағатсыздық пен тәуелділік. Сондай-ақ қазір жастар бұл жолға бір-бірін шақырады. Түбі немен аяқталатынын білмейді. Меніңше, қандай проблема болса да, оның алдын алу маңызды. Сондықтан алдағы уақытта заң шығарушы органдар осы мәселенің алдын алуы керек. Қуанатын жайт, биыл жыл басында Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік қызметі бірлесіп, еліміз бойынша лотоклубтарға тексеріс жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде 120-дан астам осындай кеңселер жабылды. Алайда бұл жұмыстар әлі де аздық етеді. Бүгінде Мемлекет басшысының өзі осы мәселеге басты назар аударып отыр. Меніңше, Президентіміздің тапсырмасы орындалып, барлық өңірлерде жүйелі жұмыстар жүргізілсе, бұл мәселе жойылады, — дейді Шынар Ершілік.
Депутаттың айтуынша, елімізде лудомания нашақорлық сияқты әлеуметтік құбылыс ретінде қоғамда қатаң айыпталуға тиіс. Жастармен әлеуметтік желілер арқылы жан-жақты әрі ақпараттық жұмыстар жүргізілуі керек. Ең бастысы, бұл мәселені Үкімет назарға алып, тиісті шаралар қабылдауы қажет.
Біз Ақтөбе облыстық полиция департаментіне хабарласып, лудомания мәселесіне құқық қорғау органдары тарапынан қандай да бір зерттеу, мониторинг жүргізілетінін-жүргізілмейтінін, облыста ойынқұмарлықтың салдарынан суицидке барған азаматтардың санын сұраған едік. Алайда департамент мамандары бұл мәселемен айналыспайтынын жеткізді. Тіпті, баспасөз қызметі облыста өткен жылы қанша адам өз-өзіне қол жұмсағаны жайлы ақпаратты беруді бас тартты. Бұл сонда нені білдіреді? «Ауруын жасырған өледі» демекші, қоғам болып осы мәселенің алдын алудың орнына статистиканы жасырғанымыз қалай? Біз бұдан не ұтамыз?
Осы тұста айта кету керек, Wisevoter есебінің деректеріне сәйкес, 2023 жылғы жағдай бойынша Қазақстан суицид статистикасы бойынша 178 елдің ішінде 19-орында (100 мың тұрғынға шаққанда 17,6) тұр.
«Жастар рухы» жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Әлішер Тыныштықтың айтуынша, дәл қазір бұл мәселені шешуде алдымен оның салдарымен емес, себебімен күресу маңызды.
Қарап отырсақ, өңірлерде лудомания дертіне шалдыққандар туралы статистика жоқ. Бұл мәселемен ешқандай орган айналыспайды. Ал қоғамда жылдан-жылға бұл дертке шалдыққан жастардың саны азаяр емес. Бұл құбылыстың астарына үңілетін болсақ, басты себеп — жастардың оңай ақшаға құмарлығы. Осы мәселеде қазір кейбір блогерлер мен соңғы уақытта көбейіп кеткен букмекерлік кеңселердің жарнамаларының ықпалы зор. Жастар ашық жарнамалаудың нәтижесінде осындай жаман әдетке бой алдыруда. Меніңше, бұл мәселені шешу үшін жастарға жағдай жасау керек. Жұмысқа орналастыру, баспанамен қамту мәселелерін шешуге тиіспіз, — дейді ол.

ПІКІР ЖАЗУ