Қаржылық сауаттылық – табысты болашақтың кілті

Қаржы мәдениеті бала кезден қалыптасуы керек. Бүгінгі таңда ересектердің басым бөлігі өз қаржысын дұрыс басқаруда қателіктер жібереді. Бұл көп жағдайда қаржылық сауаттылықтың жетіспеуінен болады. Егер балаларды жастайынан ақша туралы дұрыс ойлауға үйретсек, олар болашақта ақылды, өз бетімен шешім қабылдай алатын, тұрақты қаржылық жағдайы бар азамат болып өседі. Қаржылық сауаттылық – тек бай болу емес, өмірді дұрыс жоспарлай білу. Ал оны бала кезден үйрету – болашақта сауатты қоғам қалыптастырудың негізі. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері жас түлек Жомарт Сарбалаев.
–Жомарт, қаржылық сауаттылық дегеніміз не деп ойлайсың?
–Меніңше, қаржылық сауаттылық – ақша табу, оны дұрыс басқару, үнемдеу және инвестициялау туралы білім мен дағды. Яғни, өз қаражатыңды тиімді пайдалану. Қаржылық сауаттылық – бұл адамның өз табысын, шығынын, жинағын және инвестициясын тиімді басқару қабілеті. Яғни, ақша туралы білім ғана емес, оны өмірде қолдана білу. Бұл тек бай болу емес, қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
–Бұл тақырыппен қалай қызыға бастадың?
–Бір күні анаммен бірге азық-түлік дүкеніне бардық. Ол маған чек арқылы қанша жұмсағанымызды, қай заттар маңызды екенін түсіндірді. Сол кезде ақшаның құндылығын түсініп, өзімді қаржы жағынан сауатты болуға үйреткім келді.
–Қаржылық сауаттылықты қалай дамытып жүрсің?
–Мен өзіме ай сайынғы «бюджет» жасап отырамын. Жол жүру, асхана, ойын-сауық және жинақ үшін бөлек жазамын. Сонымен қатар YouTube-тағы қаржы туралы видеоларды көремін және кейбір кітаптар оқимын.
–Қазірдің өзінде ақша жинап жатырсың ба?
–Иә, аз да болса жинап келем. Армандаған затқа жету үшін алдымен жоспар құрып, сол мақсатқа ақша жинау маған ұнайды.
–Қаржылық сауаттылықты мектепте оқыту керек пе?
–Әрине! Ақшаны дұрыс басқаруды бала кезден үйренген дұрыс. Бұл болашақта қарызға батудан, қажетсіз шығындардан сақтайды деп ойлаймын. Қазір әлемде көптеген елдер мектеп қабырғасынан бастап қаржы негіздерін оқытады. Мысалы, несие деген не, банк картасын қалай қолдану керек, ақша үнемдеудің жолдары деген сияқты қарапайым тақырыптар балаға түсінікті тілде жеткізілуі қажет. Бұл – өз болашағына деген жауапкершілікті ерте қалыптастырады.
–Өте жақсы. Қаржы саласында қызмет жасағың келе ме?
–Иә, экономика немесе бизнес саласында оқып, кейін жеке кәсібім болғанын қалаймын.
– Бұл дағдыны неге жастар ерте меңгеруі керек?
– Өйткені жастар – ертеңгі экономикалық белсенді буын. Қазірден бастап өз қаражатына жауапкершілікпен қарауды үйренбесе, болашақта қаржы қиындықтарына тап болуы мүмкін. Сонымен қатар ерте үйренген дағды әдетке айналады.
– Өзің қаржылық сауатты болу үшін не істейсің?
– Ай сайын жеке бюджет құрып отырамын: кіріс-шығысты жазып, шығындарымды талдаймын. Қажетсіз нәрселерге жұмсамай, жинақтауға тырысам. Сонымен қатар инвестиция негіздерін үйреніп жүрмін – шағын сомамен фондтық нарықты зерттей бастадым.
– Қазіргі жастардың қаржылық сауаттылық деңгейіне қандай баға берер едің?
– Айтарлықтай артып келеді. Қазір жастар ақша табу, жинау, инвестициялау сияқты тақырыптарға қызығушылық танытып жатыр. Бірақ әлі де болса «шұғыл қажеттілік емес» деп қарау басым. Ақпарат көп болғанымен, нақты әрекетке келетіндер аз.
– Соңғы кеңесің қандай болар еді?
– Ақша – құрал. Оны басқаруды үйренсең, өмірің әлдеқайда жеңіл болады. Қарапайым нәрседен бастау керек: есеп жүргізу, үнемдеу, жоспарлау. Қаржылық сауат – бұл тек экономика мамандарына емес, әр адамға керек өмірлік дағды.
–Әңгімеңе көп рахмет!
Сұхбаттасқан Әділет Қабиденұлы
Маман пікірі
«Қаржылық сауаттылықты балаларға үйретудің маңызы зор»
Айгүл Төлеуқызы – экономист, қаржылық сауаттылық бойынша кеңесші
Неге балалық шақта бастау маңызды?
Балалар тез қабылдайды және үлгіге еліктейді. Олар ата-анасының ақшаға деген қарым-қатынасын бақылап, соны өз өмірлеріне сіңіреді. Мысалы, егер ата-ана ақшаға абай болып, жоспарлы жұмсаса, бала да соған бейімделеді. Ал егер отбасы жиі қарыз алып, жоспарсыз өмір сүрсе – балада да дәл сондай мінез қалыптасуы мүмкін.
Қандай дағдыларды үйрету керек?
1. Ақшаның құнын түсіндіру. Бала ақша оңай келмейтінін, оны еңбекпен табу керектігін білуі тиіс.
2. Жинақтау дағдысы. Қалтасына түскен әр тиынды бірден жұмсамай, бір бөлігін болашаққа сақтауды үйренуі қажет.
3. Бюджет құру. Апталық немесе айлық ақшасын қалай жоспарлау керектігін үйрету.
4. Таңдау жасауды үйрену. Ақшаны бір затқа жұмсап, екіншісінен бас тартуға мәжбүр болу – қаржылық шешім қабылдаудың бір түрі.
Балалармен қалай жұмыс істеу керек?
– Балалармен ойнап отырып үйреткен тиімді. Мысалы, дүкен ойыны, «қаржы викторинасы», арнайы жинақ банкісі.
– Қалта ақшасын беріп, оның бір бөлігін міндетті түрде жинауға үйрету керек.
– Қаржы туралы ертегілер немесе жасөспірімдерге арналған кітаптар оқу – тағы бір жақсы тәсіл.

ПІКІР ЖАЗУ