Кәсіпкерлікке қадам басқан балалар

Кәсіпкер балалар — бұл жасөспірімдер немесе балалар өздерінің идеяларын жүзеге асырып, шағын бизнестер ашып, табыс табуға тырысатын ерекше құбылыс. Мұндай балалар кәсіпкерлікті ерте жастан бастап үйреніп, өз қабілеттерін дамытады, жауапкершілік пен тәуелсіздікке бейімделеді. Балалардың кәсіпкер болуының артықшылықтары: Біріншіден, ерте жастан қаржылық сауаттылығы дамиды, ақшаның құндылығын түсінеді, жоспарлау, үнемдеу, инвестиция жасау негіздерін меңгереді. Екіншіден, шығармашылық және инновация. Яғни жаңа идеяларды ұсынады, шығармашылықпен ойлауға бейімделеді. Үшіншіден, жауапкершілік пен еңбекқорлыққа үйренеді. Жеке бастамасы үшін өзі жауап береді. Еңбек ету арқылы жетістікке жету жолын үйренеді. Төртіншіден, коммуникация мен көшбасшылық қабілеттері дамиды. Кәсіп жүргізу кезінде адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйренеді. Көшбасшы болу қасиеттері қалыптасады.
Балалардың кәсіпкер болуы — болашаққа салынған инвестиция. Олар тек ақша табуды емес, өз-өзіне сенуді, мақсат қою мен сол мақсатқа жету жолын үйренеді. Қоғам үшін де бұл пайдалы, белсенді, жаңашыл және жауапты ұрпақ қалыптасады.
Бұрынғы кезде мектеп оқушылары жазғы каникулда шөп шауып, көктемде қой төлдетуге қатысатын. Оларды еңбекке баулу осылай жүретін. Бүгінде заман басқаша. Елімізде кәсіпкер болғысы келетін жас көп. Тіпті мектеп оқушылары да жетерлік. Бірақ олар заң бойынша 18 жасқа толмай кәсіпкер атана алмайды. Заң жүзінде кәсіпкер атанбаса да, сабақтан тыс уақытын тиімді пайдаланып, қаражат тауып жүрген оқушылар бар. Біз олардың кейбіреуімен тілдескен едік.
Шебер қыз
Мектеп қабырғасында жүріп-ақ табыс тауып жүрген оқушылардың бірі —Анель Даулетқызы. Оның тіккен көйлек-жейделері бүгінде туыстары мен құрбыларының арасында сұранысқа ие. Он жасынан бастап қалалық оқушылар сарайындағы арнайы үйірмелерге барып, өзінің тігіншілік қабілетін ұштап алған жас дизайнер бүгінде тігіншіліктің арнайы курсын бітіріп алған. Сабақтан қолы қалт етсе, тігін машинасына отырады.
— Ата-анам бұл ісіме ешқашан қарсы келген емес. Олар керісінше мені үнемі қолдап отырады. Бүгінде сабақтан сәл қолым босаған кезде арнайы тапсырыс бойынша түрлі көйлектер тігіп жүрмін. Анам сыйлық ретінде тігін машинасын да сатып әперді. Менің бұл сүйікті ісім сабағыма еш кедергісін келтірмейді. Біліміңді арттыру үшін сабақтан тыс уақытта баратын арнайы курстардың маңызы зор. Ал мен бұл мақсатта математика мен ағылшын тілі сабақтарына барамын. Олар ақылы. Бұрын керек ақшаны үйден сұрайтын едім. Қазір отбасыма салмақ салмауға тырысамын. Дегенмен менің тапқан табыс көзімді анам үнемі бақылап, ақшаны қайда жұмсап жатқанымды сұрап отырады, — дейді жас тігінші.
Кейіпкеріміздің негізгі ісі — әйелдер киімін тігу. Дегенмен, дизайнерлік өнерден кенде емес Әсем түрлі тастардан әшекей бұйымдарын да әзірлей алады. Он саусағынан өнер тамған Әсемнің тіл үйренуге деген құлшынысы да жоғары.
— Болашақта мықты педагог болуды армандаймын. Сөзіне ісі сай маман болу үшін — үнемі ізденіс қажет. Мен барымша оқып, оқығанымды көңіліме тоқып жүрмін. Ал тігіншілік — менің қосымша табыс көзім. Былайша айтқанда, хоббиім деуге болады. Дегенмен болашақта қаламызда «Анель» дизайнерлік киімдер салоны ашылып жатса, еш таңғалмаңыз, — дейді Анель.
Әсемдікке құмар Жібек
Жібек Абай да өзге замандастары секілді қаршадайынан сұлулық сыры әлеміне кіріп, аз да болса табыс тауып жүрген балалардың бірі. Жібек — тырнақ бояудың шебері. Заман талабына сай, бүгінде маникюр жасайтын өнім түрлері көп. Сондай-ақ тырнақ сәндеудің жаңа технологиялары да күн санап көбейіп келеді. Соңғы кездері тырнақты гельді лакпен бояу сәнге айналды. Бұл лактың ерекшелігі, ұзақ уақыт тұрады. Үнемі үй тірлігімен айналысатын нәзік жандыларға керегі де осы еді. Жібек осы әдісті меңгеріп алған. Ал іске қажетті лактар мен құралдарды сатып алпы отырады.
— Тырнақ бояп, оны түрлі дизайнда сәндеп жүргеніме үш жылдай уақыт болды. Алқашқы кезде қиындау болатын. Қазір қолым үйреніп, тұтынушыларымның саны көбейді, — дейді Зере. Айтуынша, алғашқы клиенті анасы мен әпкесі болған.
— Каникул кезінде салонға барып, қосымша табыс тауып жүрдім. Алғашқы ақшамды да, кейінгілерін де анама беремін, — дейді Зере.
Балалар кәсіпкерлігі
Балалар мен жасөспірімдердің кәсіпкерлікке тартылуы Қазақстанда да, әлемде де жандануда. Мысалы 2025 жылғы 12 қаңтарда Түркістанда алғашқы «Балалар бизнес‑жәрмеңкесі» өтті. 6–15 жас аралығындағы 100‑ге жуық бала өз бұйымдарын көрсетті, нарықтық қатынас пен қаржылық дағдыларын сынап көрді. 3 наурызында «Атамекен» ҰКП балалар демалысы саласындағы кәсіпкерлерге лицензиялау шаралары мен талаптарды күшейту мәселесін көтерді.
19–21 мамыр аралығында Алматыда қыз‑студенттер арасында «Бизнес Аруы‑2025» байқауы өтті. Бұл жоба жастардың бизнес‑дағдыларын дамытуға бағытталған.
2024–2026 жылдарға арналған жол картасында балалар технопарк, шығармашылық орталықтар ашу ұсынылды. Оларға кәсіпкерлік элементтер енгізу де жоспарланған.
Қарағандыда әлеуметтік бағыттағы кәсіпкерлік жобаларға (мәселен, ерекше балаларға бағытталған) грант бөлінді. Балалар орталықтары құрылып, әлеуметтік мәні бар кәсіптер дами бастады. Қазақстанда жәрмеңкелер, STEAM‑орталықтар мен грант бағдарламалары белсенді дамуда. Әлемдік тәжірибе мен Қазақстандағы жаңалықтар балалар мен жастардың кәсіпкерлік мәдениетін көтеруге ықпал етеді.
Әділет Қабиденұлы
БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ…
Еуропаның кейбір елдерінде жастарға 18-ге толмай тұрып-ақ кәсіпкерлікпен шұғылдана беруіне мүмкіндік жасалған. Мәселен, Чехияның азаматтық кодексі 16 жасқа толған баланың жеке кәсіпкер ретінде тіркелуіне, жылжымайтын мүлік сатып алуына, банкпен келісім жасасуына 2014 жылдан бастап рұқсат еткен.




