Интернет алаяқтық және телефонға телінген балалық

Интернет-алаяқтық жаһандық мәселеге айналып отыр. Алаяқтық қоғамның жағдайына байланысты түрленіп, дамып, жаңа сипатта көрініс беріп жатады. Жуырда Ұлттық банк ата-аналарға ескерту жасады. Алаяқтар енді кәмелетке толмаған балаларды құрыққа түсіре бастады. Осыған байланысты Ұлттық банк ата-аналар мен мұғалімдерге арнайы ескерту жасады. Қазір кең таралған алаяқтық әдістер – фишинг пен спуфинг. Яғни, жалған сайттар мен қосымшалар арқылы балалардың жеке мәліметін, банк картасының деректерін және парольдерін ұрлауға тырысады. Ұлттық банк бұл кеңестер тек балаларға ғана емес, ересектерге де қатысты екенін ескертеді.
Алаяқтықтың бүгінгі таңдағы жаңа бір сипаты – ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, яғни интернет алаяқтық болып отыр. Яғни бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап, мүлкін жымқыру секілді жымысқы әрекеттерге барады. Бүгінде интернет алаяқтықтың ауқымы кеңейіп, әртүрлі интернет ресурстары мен әлеуметтік желілерді пайдалана отырып алаяқтардың арбауына түскен алданушылар саны күн санап өсуде. Стримдермен онлайн-ойындар балалар мен жасөспірімдер өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Өкінішке орай, оны алаяқтар белсенді қолданады: олар ойын аккаунттарын сату, ойын құрылғысын жалға беру және әлеуметтік желілердегі «сыйлықтар» деген сылтаумен балалардан ақша тартады. Жыл сайын Қазақстанда осындай жағдайлар тіркеледі және залалдың жалпы сомасы миллиондаған теңгені құрайды. Зерттеулерге сәйкес, Қазақстанда 10-12 жастағы балалардың 50 пайыздан астамы күн сайын 3 сағаттан аса экран алдында ойнайды. Қазіргі баланың балалық шағы бұрынғыдан өзгеше дейтініміз жасырын емес.
Шымкентте мектеп оқушысы алаяққа ата-анасының шотынан 2 миллион теңге аударып жіберген. Ол «Free Fire» мобильді ойынының жетілдірілген аккаунтын сатып алмақ болған. Free Fire — ұялы телефонда қол жетімді әлемге әйгілі тірі қалу үшін атыс ойыны. Free Fire — атақты мобильді экшн-ойын. Ол 2017 жылы ашылған және қазір Google деректері бойынша, әлемде ең көп жүктелетін ойын, сондай-ақ мобильді геймингте «Нөмірі 1 ойын» бәйгесін иеленген. Деректерге қарағанда ойынның танымал жанкүйерлері өте көп және атақты адамдармен коллаборациялары бар, мысалы, португалдық аңызға айналған футболшы Криштиану Роналдо, ресейлік музыканттар Элджэй, Jah Khalib және басқалар. 2020 жылы қазақ тілді аудиторияда Garena Free Fire деген ойын қатты танымал болды. Соңында ойыншы бәрін өлтіре келіп, жалғыз жеңімпаз атанады.
Шымкенттік 6-сынып оқушысы бөтен ер адамның ұсынысына қызығып, оның нұсқауы бойынша анасының банк картасын суретке түсіріп, карта деректері мен аударым жасауға арналған кодты жолдаған. Шотында ақшаның жоғалғанын байқаған анасы полицияға жүгінген. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталған.
Полиция ата-аналарға балаларына интернеттегі қауіпсіздік ережелері туралы жиі ескертіп отыруға кеңес береді. Бөгде адамдарға банк деректерін ешқашан хабарламау керектігін әрдайым еске салып жүрген абзал.
Баланы онлайн-алаяқтықтан қалай қорғауға болады
Қауіптер туралы айтыңыз: алаяқтар ойында немесе әлеуметтік желіде дос болып көрінгенмен, интернетте жасырынуы мүмкін екенін түсіндіріңіз. Нақты жағдайлар туралы міндетті түрде айтыңыз, себебі бұл балаларға қауіпті жақсы түсінуге көмектеседі. Жеке ақпаратты бермеуге үйретіңіз: ешкімге және ешқашан, тіпті ойындағы «таныстардың» өзіне банктік карта деректерін, құпиясөздерді, SMS-кодтарды, сондай-ақ фотоқұжаттарды немесе карталарды жібермеуге үйретіңіз.
Бала қолданатын банк карталарына шектеулер қойыңыз. Операциялар туралы хабарламаларды қосу артық болмайды — осылайша сіз ақша аударылып жатқанын бірден білесіз.
Баланың қандай сайттарға кіретінін тексеріңіз: оған ресми сайттарды жалған сайттардан ажыратуды үйрету маңызды — сайттардың мекенжайларын бірге тексеруді ұсыныңыз. Сонымен бірге браузерде ата-ана бақылауын немесе қауіпсіз режимді орнатыңыз. Баланың цифрлық өміріне қатысыңыз: оның интернетте не ойнайтынын және кіммен сөйлесетінін біліңіз. Алдау әрекеті болса, не істеу керектігін: хат-хабарлар мен скриншоттарды сақтау, ересектерге дереу айтып беру және полиция мен қолдау қызметіне бірге хабарлау қажеттіңіз үйретіңіз. Ойындардың көптігі сонша, қайсысының қалай әсер ететінін білмей қаламыз. Бір қарағанда жай ойын көрінгенімен, арғы түбінде психологиялық ауыртпалық жатқанын түсінуіміз керек. Мобильді ойындар балаларымыздың болашағы үшін қауіпті.
Құмар ойын элементтері және микротранзакциялар
Loot box – жәшік ішінен қандай сыйлық шығатыны белгісіз, сонысымен құмар ойындарға адамның азартын оятады. Келесі кезеңіне өту үшін ақы төлеу баланы ақша жұмсауға итермелейді. Онлайн-казиноға ұқсас механика виртуалды ставкалар арқылы тәуелділік қалыптастырады. Мысалы, Free Fire, Genshin Impact, FIFA Ultimate Team ойындарын айта кетейік. Бұл ойындар арқылы баланың кез келген нәрсеге тәуелділігі ашылуы әбден мүмкін екенін ойлағанымыз жөн.
Шектен тыс агрессия мен зорлық-зомбылық
Қан, қатыгездік, кісі өлтіру әрекеті көп ойындар адамның агрессиясын күшейтуі мүмкін. Олар тыйым салынған немесе қылмыстық әрекеттерді насихаттайды. Мысалы, Mortal Kombat, Call of Duty, GTA, PUBG ойындары ең қауіпті қосымшаларға жатады.
Психологиялық әсері және тәуелділік
Баланың миына ұзақ әсер ететін әсерлі графика, марапаттау жүйелері адамды тәуелді ете бастайды. Оның соңы ұйқысыздыққа, зейіннің нашарлауына, агрессияға алып келуі мүмкін. Мысалы, Candy Crush, Roblox (жекелеген серверлер), Clash of Clans ойындары деп айтсақ болады.
Қауіпті онлайн-қауымдастықтар және кибербуллинг
Бейтаныс адамдармен еркін сөйлесуге мүмкіндік беретін ойындар алаяқтар мен зиянды контентке жол ашады. Ол жерде ойыншының кибербуллингке ұшырау қаупі жоғары. Мысалы, Roblox, Among Us, Discord арқылы байланысатын кез келген ойын.
Шынайы өмірге қауіп төндіретін ойындар
Қауіпті тапсырмаларды орындауға итермелейтін ойындар. Олар, әдетте, шынайы өмірде біреуге зиян келтіруді немесе қауіпті әрекеттерге баруға үгіттеуі мүмкін. Мысалы, Blue Whale (Көк кит), Momo Challenge, Jonathan Galindo.
Бұл ойындардың әсері балаңыздың мінез-құлқының өзгеруіне әкеп соқтырады. Ал ондай жағдайдың алдын алу үшін маманның ақыл-кеңесіне жүгінуіміз керек. Бәрі тым кеш болмай тұрғанда балаңызға шектеу қойып, назар аударғаныңыз өзіңіз үшін маңызды.
Ойын кезінде аккаунт сатып алу
Алаяқтар Free Fire мобильді ойынында «керемет мықты» аккаунт сатамыз деген сылтаумен оқушылардан үлкен мөлшерде ақша тартады. Мысалы, Шымкентте алтыншы сынып оқушысы алаяқтың басшылығымен әжесінің банктік картасын суретке түсіріп, барлық конфиденциалды деректерді, соның ішінде CVV/CVC-ді жайып берген. Немересінің аңғалдығына байланысты әйел екі миллион теңгеден астам шығынға ұшырады. Алаяқ ұсталды.
Ойын аккаунтын «тегін» беру
Алаяқтар жасөспірімдерді TikTok-тағы стримдер арқылы іздейді және өзінің ойын аккаунтын тегін беруді ұсынады. Оның орнына олар ересектердің біреуінің банктік картасының деректерін айтуды, сондай-ақ ставкалар қабылдайтын сайттарға ақша аударуды сұрайды. Осындай алаяқтық арқылы Ақмола облысында алаяқ аңғал жасөспірімнен 1,1 млн теңге алып, содан кейін байланысқа шығуды тоқтатқан.
Ойын құрылғысын «жалға беру»
Ойын құрылғысы құнының қымбат болуына байланысты мұндай қымбат затты бәрі бірдей сатып ала бермейді, сондықтан оны жалға беру қызметі кеңнен қолданыла бастады. Өкінішке орай, бұл мүмкіндікті алаяқтар тез пайдаланып қалды: мәселен, Түркістанда алаяқ жарнамалар сайты арқылы жас жігіттен PlayStation-ды жалға алып, оны қайтармаған. Құрылғының құны 350 мың теңгені құрады. Полиция алаяқты қолға түсірді, құрылғы иесіне қайтарылды. Алаяқтықтың тағы бір әдісі бар, онда қаскүнемдер ойын құрылғыларын өздері ұсынады, бірақ жалдау ақысын алған бойда ізін суытады. Нәтижесінде жасөспірімдер ақшасыз әрі құрылғысыз қалады.
Жалған сайттар арқылы фишинг
Интернет алаяқтықтың бір түрі – фишинг. Бұл – интернет пайдаланушының жеке мәліметтерін (логин мен пароль) жасырын алу. Қаскүнемдер алдымен танымал брендтердің немесе банктердің атынан жаппай электронды хаттар таратады. Алаяқтар ойынға арналған цифрлық заттарды төмен бағамен сатып алу туралы ұсыныстармен жалған сайттар жасайды. Ойындағы «достарға» сенетін балалар сілтемелерге өтіп, ата-аналарының банктік карталарының деректерін енгізеді, содан кейін шоттардағы қаражат жоқ болады.
Негізі, айта кететін нәрсе, электрондық адресіңізге өзіңізге қатысты емес, сіз білмейтін мекенжайлардан келген хаттарды ашпаған жөн, ашқан күннің өзінде ол жерде көрсетілген сілтемелерге кірудің қажеті жоқ. Ондайларды мүмкіндігінше сол келген бойында жойып отыру керек және міндетті түрде вирусқа қарсы бағдарламаларды қолданған жөн.
Еліміздің банктері мен байланыс операторлары алаяқтықтың жаңа түрі туралы мәлімдеме жасап отырады.
Төмендегідей қарапайым шараларды сақтау интернет-алаяқтардың құрбаны болмауға мүмкіндік береді:
— Расталмаған сату көздерін пайдаланбаңыз:
— Кез келген жағдайда сіздің банк карталарыңыздың және шоттарыңыздың мәліметтерін ешкімге бермеңіз, әсіресе интернет арқылы байланысқан кезде:
— Интернет жүйесі арқылы келген сілтеме бойынша өткен кезде мекенжай жолына, яғни акция жүргізетін ұйымның не компанияның ресми атауының дұрыстығына назар аударыңыз;
— Әлеуметтік желілердегі өз профильіңіздің дербестігін баптауларда байланыс деректерін (қызметтік және жеке телефон номерлерін)көпшілікке қол жетімді етпеген жөн. Мобильдік нөмерді (бизнес-аккаунт) көрсету қажет болған жағдайда, жеке және жұмыс номерлерін бөлу қажет, яғни жеке номерді туыстармен және жақындармен байланысу үшін ғана пайдаланған дұрыс.
— Есептік деректеріңізді үнемі тексеріп көп факторлы аутентификация пайдаланылатын сенімді порольдерді қолданыңыз;
— Браузерде, операциялық жүйеде және мобильдік құрылғыларды пайда болатын түрлі терезелермен хабарламаларға қатысты абай болыңыз;
— Банк карталарының деректерін сақтап, картаның сыртқы жағындағы 3 санды CVV/CVC-кодын ешкімге айтпаңыз сондай-ақ банктен келіп түсетін СМС-кодты ешбір жағдайда бейтаныс адамға айтпаңыз;
— Интернетке қол жеткізудің ашық қоғамдық Wi-Fі-нүктелеріне сенбеңіз;
— Жеке деректерді, жеке куәлік деректерін, банк карталарының деректерін және тағы басқа мәліметтерді қамтитын құжаттарды, банк карталарының көшірмелері мен фотосуреттерін ешкімге жіберменіңіз және таратпаңыз;
— Интернетте, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы жасалатын күмәнді мәліметтерден бас тартыңыз:
— Интернет-порталдар арқылы мүлікті сатып алу кезінде ешқашан алдын ала келісім жасамаңыз:
— Төлем жүйелерімен белгісіз тұлғаларға ақша аудармаңыз:
— Автомобилдерді, басқа қалаға арналған қосалқы бөлшектерді сатып алғанда, достарыңыз бен таныстарыңызға айтып, сатушымен кездесуге және сатып алынған өнімді тексеруді өтініңіз.
— Бопсалаушылардың телефон бойынша талаптарын орындамаңыз;
және жеке деректерімізді алаяқтардың ықпалынан қорғай аламыз. Интернет алаяқтар қазір елдің ақшасын интернет-мессенджерлер арқылы үптеп кетуге тырысады. Қаржы жобаларын ұсынып, өзін брокермін деп таныстыратын алаяқтар да қаптап кеткен. Қазіргі кезде инвестициялық жобаларға қатысты алаяқтық жиілеген. Азаматтар жинаған ақшаларын қаржы жобаларына саламыз деп сан соғып жатады. Одан өзге әлі алмаған тауарына немесе қызметке ақша жіберіп, алданып жатады. Ақпараттық сауаттылықты дамыту және сақтық шараларын қолдану арқылы ғана біз өзімізді қорғай аламыз.
Г.Тұрсынқожа

ПІКІР ЖАЗУ