Хадистер

«Күмәнді нәрседен бойыңды аулақ салып, күмәнсіз болғанын таңдағын. Расында, шыншылдық жан тыныштығына бөлейді. Ал өтірік көңілге күмән ұялатады.»

«Қайда жүрсең де, Алладан қорқып, бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан сақтан! Әрбір күнәнің артынан уақыт оздырмай оны жуып-шаятын жақсылық жаса! Адамдармен қарым-қатынаста көркем мінезді бол!»

«Адамдардың көбі қадір-қасиетін біле бермейтін екі нығмет бар – денсаулық пен бос уақыт.»

«Екі жүзді адамның үш белгісі бар: сөйлегенде өтірік айтады; уәде берсе орындамайды; аманатқа қиянат жасайды.»

«Мейірімділік танытпаған, мейірімге бөленбейді.»

«Адам баласының ата-анасына тіл тигізуі үлкен күнә. Біреудің әкесіне тіл тигізсе, ол да оның әкесіне тіл тигізеді. Сондай-ақ, анасын балағаттаса, ол да оның анасын балағаттайды.»

«Ең үлкен жақсылық әкесі дүниеден өткен соң да оның жақсы көрген достарымен жақсы қарым-қатынаста болу.»
«Кешірімді бол. Жақсылыққа үнде, надандардың сөзіне көңіл аударма.»

«Жақсы жолдас пен жаман жолдас әтір сатушы мен ұстаханадағы көрік ұстайтын ұста тәрізді. Әтір сатушыға жақын болсаң, хош иістерінің бірін сыйға тартар, яки одан әтір сатып аларсың. Тіпті болмаса, аңқыған хош иістен ләззат аласың. Ал көрік ұстайтын ұстаға жақын болсаң, үстіңдегі киіміңді күйдіріп аласың, я болмаса жағымсыз иістен тұншығасың.»

«Адам баласы досының дінінде болады, сондықтан әрқайсың кіммен достасатынына айрықша мән берсін.»

«Дүниеге құмар болма, сонда Алланың сүйіспеншілігіне бөленесің. Ел-жұрттың қолына қарап телмірме, сонда адамдар да сені жақсы көреді.»

«Адам баласы еш уақытта өзінің қарны секілді жаман ыдысты лықа толтырған емес. Әсілінде, адамға әлденіп алу үшін аз ғана тағам жеткілікті. Ал егер оған міндетті түрде ішіп-жеу керек болса, асқазанының үштен бірін тамаққа, үштен бірін сусынға толтырсын. Қалған үштен бір бөлігін еркін тыныстау үшін бос қалдырсын.»

«Нағыз байлық – дүниенің ағыл-тегіл көптігі емес. Нағыз байлық – жан сарайының байлығы.»

«Барлығың да бақташы cекілдісіңдер және барлығың қоластыларыңдағылар үшін жауап бересіңдер. Ел билеуші – бақташы, ол – халқы үшін жауапты. Ер адам – отбасының бақташысы, ол – өз отбасы үшін жауапты. Әйел – күйеуі көтерген шаңырақтың бақташысы және сол шаңырақ үшін жауапты. Қызметші – қожайынына тиесілі мал-мүліктің бақташысы және сол үшін жауапты. Қысқасы, барлығың да бақташы сияқтысыңдар және өздеріңе бағынышты жандар үшін жауаптысыңдар.»

«Қайсыбірің болмасын аяқ киімін киерде алдымен оң аяғынан бастап кисін. Ал шешкенде сол аяқтан бастасын. Осылайша, оң аяқтағы аяқ киімінің сыңары алдымен киіліп, соңынан шешілетін болсын.»

«Алдымен «Бисмилләһ» деп айт. Содан соң оң қолыңмен, өз алдыңнан же.»

«Астында көлігі бар адам жаяу адамға, жаяу адам отырған адамға, қатарында кісі саны аз топ өздерінен әлдеқайда қарасы мол топқа бірінші болып сәлем береді.»

ПІКІР ЖАЗУ