Жыр алыбы – Жамбыл

Ұлы ақын, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай Қостанай облысы Амангелді ауданына қарасты Құмкешу ауылдық кітапханасында «Жыр алыбы – Жамбыл» атты әдеби кеш өткізілді.
Тағылымды кеш барысында оқырмандарға Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылық жолы кеңінен таныстырылды. Ақынның елдік пен ерлікті, адамгершілік пен отансүйгіштікті дәріптеген жырларының мән-маңызына тоқталып, оның қазақ әдебиеті мен халық руханиятындағы орны туралы айтылды.
Кешке қатысушылар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, шығармаларынан үзінділер орындады. Сондай-ақ Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандарға ұсынылған әдебиеттер таныстырылды.
Жамбылдың жалынды жырлары – халқымыздың баға жетпес рухани қазынасы. Ақынның өнегелі шығармалары жас ұрпақты елін, жерін сүюге, адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеумен қатар, ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын арттыра түседі.
Жамбыл жыры – халықпен бірге жасай бермек!
Бақытгүл Князова,
Қостанай облысы, Амангелді ауданы
Құмкешу ауылдық кітапханасы




