Болашағынан үміт күттіретін Аният!


Бүгінгі жас ұрпақ — ертеңгі елдің тірегі. Солардың қатарында талабы таудай, жүрегі таза, арманы биік жас жеткіншек — Шыңғыс Аният Айдынұлы.
Аният 7 жаста. Биыл 2-сыныпқа аяқ басты. Ол Жамбыл облысы, Абай ауылында тұрады. Табиғаты көркем, еңбегі мен тіршілігі қатар жүретін ауылда ер жетіп келе жатқан Аният — зерек те еңбекқор бала. Жас болса да, оның бойынан талай жақсы қасиеттер байқалады. Небәрі 3 жасында пантерная гимнастикамен айналысса, 5 жасынан бастап еркін күреске қатысып келеді. Спорт арқылы шынығып, ерік-жігерін дамытып жүрген балақай жаттығуға ынтамен барып, жарыстарға қатысуға асығады. Аниятың тағы бір қыры — шығармашылық. Ол бос уақытында түрлі суреттер салып, қиялындағы дүниелерді қағазға түсіреді. Сонымен қатар, ән айтқанды ерекше жақсы көреді. Дауысы әуезді, сезімге толы. Үйде де, мектепте де ән салып, жақындарын қуантады. Болашақта сахнаға шығуды армандайды.
Велосипед тебу, табиғатта серуендеу – сүйікті хоббиі. Үйде де қарап отырмайды — ата-анасына көмектесіп, іні-қарындастарына үлгі болып жүр.
Ауыл баласына тән еңбекке ерте араласу — Аниятқа да жат емес. Жаз мезгілінде атқа мініп, Нұрдаулет ағасына қой бағуға көмектеседі. Малдың жайын түсініп, нағыз ауыл тіршілігінің шынайы бейнесін ерте жастан бойына сіңіріп келеді.
Тағы бір сүйікті ісі — жаз айларында “Мөлдір бұлақ” журналын оқу. Балаларға арналған танымды мақалаларды қызыға оқып, кейіпкерлердің өмірінен өзіне үлгі алады. Бұл – оның кітапқа, білімге деген сүйіспеншілігін көрсетеді.
Ұстазының айтуынша, Аният мектепте де үлгілі оқушы. Сабаққа белсенді қатысады, тәртібі жақсы, достарымен тіл табыса біледі. Үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық танытып жүрген тәрбиелі бала.
Осындай көп қырлы, өнерге де, еңбекке де бейім балақайдан болашақта еліне адал қызмет ететін үлкен азамат шығады деген сенім мол.




