Биыл жазда Астанада 242 мыңнан астам оқушы жазғы демалыспен және сауықтыру шараларымен қамтылады

Биыл елордада 242 мыңнан астам оқушыны жазғы демалыспен және сауықтыру шараларымен қамту көзделген. Жазғы демалыстың алғашқы екі кезеңінің қорытындысы бойынша 200 мыңға жуық бала түрлі лагерьлер мен жазғы жобаларға қатысып үлгерді. Қазіргі таңда жазғы демалыстың үшінші маусымы жалғасуда.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудағы басты міндет – әрбір оқушының каникул уақытын мазмұнды, пайдалы әрі қауіпсіз өткізуіне жағдай жасау. Осы бағытта әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан балаларға ерекше басымдық беріліп отыр.

Бүгінде 11 мыңнан астам бала жазғы демалыспен қамтылды. Оның ішінде 2 681 оқушы жергілікті бюджет қаражаты есебінен қала сыртындағы сауықтыру лагерлеріне кезең-кезеңімен жіберілуде.

Балалардың қауіпсіз әрі сапалы демалысы

Қала сыртындағы «Барап» балаларды сауықтыру лагері жазғы маусымда 1 600-ден астам баланы қабылдайды. Мұнда балалардың қауіпсіз әрі сапалы демалысын ұйымдастыру үшін барлық қажетті жағдай жасалған.

Лагерьде оқушылар спорттық, шығармашылық, мәдени-танымдық және зияткерлік іс-шараларға қатысып, таза ауада тынығып, жаңа достар тауып, өз қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алады. Лагерь жұмысы санитариялық талаптар мен қауіпсіздік нормаларын қатаң сақтай отырып ұйымдастырылған.

Сонымен қатар елорда мектептерінің жанындағы және бейіндік лагерьлер де оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған түрлі бағдарламаларды жүзеге асырып келеді.

Жаз – пайдалы әрі белсенді уақыт

Жазғы демалыс кезінде балалардың спортқа қызығушылығын арттыруға да ерекше көңіл бөлінуде. «Дидарлы жаз – 2026» жобасы аясында оқушылар спорттық жарыстарға қатысып, салауатты өмір салтын ұстануға дағдылануда.

Ал ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Атамекен» этно-лагерьлерінде балалар қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениеті мен ұлттық мұрасымен жақынырақ танысуда.

Бұдан бөлек, қосымша білім беру ұйымдарының базасында қысқа мерзімді клубтар мен тақырыптық лагерьлер жұмыс істеп, мыңдаған баланың жазғы демалысын мазмұнды өткізуіне мүмкіндік беріп отыр. Мұнда оқушылардың қызығушылығына қарай шығармашылық, спорттық, зияткерлік және танымдық бағыттар қамтылған.

Қауіпсіздік – басты басымдық

Балалардың қауіпсіздігі – жазғы демалысты ұйымдастырудағы басты басымдықтардың бірі. Осыған байланысты білім беру ұйымдары полиция, төтенше жағдайлар қызметі, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және денсаулық сақтау саласының мамандарымен бірлесіп, қажетті нұсқамалар мен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Барлық ұйымдарға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптары бойынша арнайы жадынамалар таратылып, жауапты мамандарға тиісті нұсқаулықтар берілді.

Жазғы демалыс – баланың тынығып қана қоймай, жаңа нәрсе үйреніп, қабілетін шыңдап, достар тауып, жарқын әсер жинайтын кезең.

Балалардың жарқын күлкісі мен қауіпсіз демалысы – ортақ жауапкершілік. Сондықтан әрбір оқушының жазғы каникулы қызықты әсерге, жаңа достыққа және пайдалы тәжірибеге толы болуы үшін елордада жүйелі жұмыстар жалғаса береді.

ПІКІР ЖАЗУ