Бала жанының бағбаны

30-наурыз, сағат 11:00 де Мемлекеттік орталық Музейдің кинозалында көрнекті ақын, мақал-мәтелдер маршалы, балалар әдебиетінің атасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Халық жазушысы» Мұзафар Әлімбаевтың (1923-2017) туғанына 100 жыл толуына орай «Бала жанының бағбаны» атты музейлік сабақ өтті. Музейдің арнайы маманы Нагүл Асылбекованың ұйымдастыруымен өткен кездесуге қалалық 19-мектептің ұстаздары мен оқушылары қатысты. Олар ақын аталарының өлеңдерін жатқа оқып, ақын сөзіне жазылған әндерді айтты. Музейлік сабаққа республикалық «Балдырған» журналы редакторының орынбасары Бағдат Мәжит пен «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы қонақ болып қатысып, оқушылармен сыр бөлісіп, Мұз-аға туралы тереңінен айтып берді. Кезінде «Балдырған» журналында Мұз-аға 28 жыл қызмет етіп, Бас редактор болған. Ал, «Мөлдір бұлаққа» ақ батасын берген болатын.
Айдана Байтұрсын

ПІКІР ЖАЗУ