Тәтті кітаптар фестивалі

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мен дамытудың ерекше сәнді, мерекелі-берекелі әдісіне айналған «Тәтті кітаптар» фестивалі дәстүрлі түрде жыл сайын ақпан айының соңғы аптасында ұйымдастырылып келеді. Фестивальдің мақсаты – шаңырақтарда топтық рух пен кітап оқуға деген қызығушылықты қалыптастыру, оқушыларды қазақ, орыс және шетел әдебиетінің төл туындыларымен жақын таныстыру және «100 кітап» жобасына енетін шығармаларды насихаттау арқылы өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру.

Мектеп кітапханасы ұйымдастыратын осынау ерекше фестивальге 7-12 сынып оқушылары мен олардың ата-аналары қатысады. Фестивальге дайындық кезеңінде әр шаңырақ оқушылары алдымен фестиваль тақырыбына сай кітаптардың бірін таңдап, шығармамен жан-жақты танысады. Кейін ата-аналарының көмегімен шығарма мазмұнына сай «жеуге жарамды торттарды» дайындап, оларды фестиваль барысында кітап желісін сипаттайтын шағын көрініспен көпшілікке таныстырады. Оқушылардың шығармашылық еңбегі мен жеуге жарамды торттардың тағамдық құндылығы арнайы әділ қазылармен бағаланып, фестиваль жеңімпаздары анықталады. Жеңімпаз шаңырақтар мектеп директоры атынан сәйкес дипломмен марапатталады.


Тәтті кітаптар фестивалі – бұл кітап мерекесі, мектебіміздегі өте маңызды оқиға! Ол мектебіміздегі барлық кітапқұмар оқырмандарды біріктіреді. Биылғы фестивальдің тақырыбы «Кітапты сүйіп оқы, көңілге түйіп оқы» деген ұранмен «Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларына ұсынылған 100 кітап» жобасына енген кітаптарға арналды. «Шаңырақтар», «Батыр Баян», «Ана жүрегі», «Қажымұқан», «Томирис патшайым», «Көксерек», «Маленький принц», «Хоббит», «451 градус по Фаренгейту», «Цветы для Элджернона» және т.б танымал кітаптарды таңдап, аталған шығармалар бойынша шағын өнерлерін (ән, өлең, би, костюмді қойылымдар) көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.


Мектеп мұғалімдерінен тұратын қазылар алқа-сы оқушылардың шығармашылық еңбегін жоғары бағалап, жеңімпаздарды анықтады. Мектеп директоры Жұмабекова Шырын Салкенқызы фестивальге қатысушы барлық шаңырақ оқушыларына, жетекші педагог-ұйымдастырушы-кураторларға алғыс білдіріп, әдеттегідей жеңімпаздарға Гран-при және 1, 2, 3 орындар бойынша дипломдар табыстады. Фестиваль соңында мерекелік сезімге толы барлық қатысушылар «жеуге жарамды» кітаптардың көрмесінде естелік суретке түсті.


Назарбаев Зияткерлік мектептерінде кітап оқу үрдісін жетілдіруге арналған іс-шаралардың түрлі белсенді әдістерін ұйымдастыру ұстаздар, мектеп әкімшілігі мен ата-аналар арасында үлкен қолдау тапқан. Мектеп қоғамдастығының әр мүшесі тәрбиелік мәні мол іс-шараларға ерекше жауапкершілікпен, зор ықыласпен белсенділік танытады. Кітап – ғылым, тілсіз тәрбиеші. Кітапты балаларымыздың өмірлік сырлас досына айналдыру өз қолымызда!

Ғаббасова Бұлбұл Ойратқызы,
педагог-кітапханашы,
Көкшетау қаласы, ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебі

ПІКІР ЖАЗУ