Сыпыра

Құрметті оқырмандар! Нұрғали ОРАЗ – жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен М.Қашқари сыйлығының лауреаты. Үстіміздегі жылы шыққан «Алтын ұрпақ туралы аңыз» атты кітабы өте қызықты. Назарларыңа осы кітаптан тұрақты түрде үзінді беріп отыруды жөн көрдік. Алдымен Қырғыз елінің астанасы Бішкекке барғандағы осы бір шағын жазбасын ұсынамыз.

 

Сыпыра – тау бөктеріндегі этноайыл екен. Қаладан онша қашық емес. Ол айылдың иесі бүкіл Қырғызстанға белгілі «Шоро» фирмасының президенті – Табылды Егембердиев мырза көрінеді. Біз мұнда келгенде Наурыз мерекесінің той-думаны дүрілдеп өтіп жатыр екен. Қызылды-жасылды киінген көпшілік сондай көңілді. Алдын ала дайындалған ұлттық ойындар бағдарламасы бойынша ұйымдастырылған жарыстардың біразы – «Аркан тартыш», «Жоолук таштамай», «Жаа ату», «Уч тапан», «Макал-лакап айтыш», «Качма топ» өз мәресіне жетіп те үлгеріпті.
Ал «Бозо ичмейдің» жаңа ғана аяқталған кезі екен. Оны қызықтаған жұрт қыран-топан боп күліп келе жатыр. Жол-жөнекей мәнісін сұрағанымызда бізді қарсы алған қырғыз жігіттері: «Боза ішуден жарысқанда бір ақсақал жастардың бәрін жолда қалдырып, алты кесені бір-ақ төңкеріпті. Сосын «Тағы да ішейін бе?» деп сұраған екен, Тәкең риза болып, 3000 сом сыйлығын қолына ұстатыпты», – деп жымиды. «Ал жастардың жеткен межесі неше кесе болыпты?» «Ой, олар бес кеседен қайтыпты. Пай-пай, кесе болғанда да, жай кесе емес, ішіне бір литрден артық сусын сиятын сапар кесе ғой!» «Мәссаған, сонда әлгі ақсақал алты литр боза ішкен бе?» «О-ой, одан да көп!»
Біз бозаның хикаясын тыңдап тұрғанда Тасшайнар да өзінің өнерін көрсетіп, жұрт қошаметіне бөленіп үлгеріпті. Ол дүниежүзілік Гиннестің рекордтар кітабына ену үшін тісімен түрлі-түрлі өнер көрсететін жігіт екен. Өткен жылы «Манас» әуежайында «Ту – 134» ұшағын сүйрепті. Ал бұл жолы онша-мұнша ұсталар кемпірауызбен кесе алмайтын жап-жаңа металл түникелерді тісімен дар-дар айырыпты. «Қазақстаннан келген қонақтар үшін бұл өнерімді тағы да көрсетер едім, бірақ Қырғызстанда түнике таусылып қалыпты», – деп әзілдеп күліп тұр. Әйтсе де, біздің ортамыздағы жас жігіт Ерболатты орындыққа отырғызып, тісіменен көтеріп алғанда, бәріміз риза болып, ду қол шапалақтадық.
Ел ішінде Тасшайнар атанып кеткен шомбал денелі, қараторы балуан жігітке Табылды мырза бір тай сыйлады. Енді біз тас үйге қарай беттедік. Этноайылдың бұл да бір ерекшелігі екен. Тастан соғылған бір-екі бөлмелі шағын үйлердің әрқайсысы бір-бір кафенің міндетін атқарып тұр. Дастархан мәзірі негізінен ұлттық тағамдардан құралыпты. Сусын ретінде мақсым көжесі, қымыз, таң, шай, шырын ұсынылып жатыр.
– Мен алғаш бизнесті осы мақсым көжені сатудан бастағанмын, – дейді біраздан соң біздің ортамызға келіп, әңгіме-дүкен құруға кіріскен Табылды мырза езу тартып. – Несін жасырайық, бала күнімізде жоқшылықты көп көрдік қой. Бір таба нанға зар болған күндер де өтті басымыздан… Мен өзім Сусамырда туып-өскем, руым Саяқ. Кейде мына балалар менің әңгімеме күліп, Саяқтар сөзге шешен, әзілқой, тапқыр болады ғой десіп жатады. Болса болар, тоқсаныншы жылдардың бір қиын күнінде дәу қазанмен мақсым қайнаттым. Маған көже дайындаудың жөнін үйреткен шешем ғой. Ал енді мұны базарға апарамын, сатамын деген сөзімді естіп, шошып кетті. «Үйбай-ау, бұны кім алады? Мақсым ішетін заман баяғыда өтіп кетті емес пе?!» дйді. Сөйтсе де, көже дайын болған соң, көп бөгелген жоқпын. Бірден базарға тарттым. Әлгі бір фляга мақсымым түс мезгіліне дейін өтіп кетті. Тағы бар ма деп сұрап жүрген жұрт көп!..
Тәкеңнің қызық Әңгімесін тыңдай отырып, мақсымның дәмін біз де татып көрдік. Жұғымды, жақсы сусын екен. Тәбет ашатындай бір тәуір қасиеті бар сияқты. Дастархан үстінде қырғыз-қазақ бауырлар бір атаның балаларындай шүйіркелесіп, біраз хикаяның басын шалып тастадық. Бір қызығы, біздің арамыздағы тіл айырмашылығы мүлде байқалмайды. «Мына мақсымның қызуы жоқ па?!» – деп күліп, достарымызға қараймыз.
Сол бір сәтте Ш.Айтматов атындағы мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, жас драматург Қайрат Иманалиев: «Қазақ ауылдарына жақын Талас ауданында туып-өскен Байділда Сарноғаев деген бір шоң ақынымыз бар. Сол кісі бірде:
Қазақ айтад «қанша» деп,
Қырғыз айтад «канча» деп.
«Ш» менен «Ч» болбоса,
Айырма жоқ анча көп, – деп жырлаған екен. Біздің жағдай солай боп тұр емес пе», – деп, бәрімізді ду күлдірді.
Қырғызстандағы Еуразия Диалогы платформасының жігіттеріне – Ескендірге, Мұхаммедке, Жақсылыққа алғысымызды айтып, бата беріп, сыртқа шықтық. Тау бөктерінің салқын самалы бетімізден желпіп, қойны-қонышымызды аралап өтті. Көктем айының жанға жайлы бір лебі сезіледі. Алқаракөк аспандағы жұлдыздар күміс танадай жарқырайды.

Нұрғали ОРАЗ, жазушы

ПІКІР ЖАЗУ