Олимпиада қайдан шыққан ойын?

11bet_f11Жас достар, 2008 жылдың тамызында төрткүл дүниені дүбірлетіп өткен «Бейжің –2008» Олимпиадасы әлі естеріңде болар? Қытай астанасы Бейжіңнің «Құс ұясы» стадионында өз алауын жаққан Олимпиада қандай керемет болды! Бұл спорт тойын әлемдегі миллиардттаған халық тамашалады. Спорт — елдің де, мемлекеттің де намысын қайрайтын, танитын, мерейін тасытатын сын. Әсіресе, төрт жылда бір айналып келетін олимпиадалық ойындардың жөні бір бөлек. 
Бүгінгі әңгімемізде сендерге Олимпиада тарихы туралы айтпақпыз. Амал қанша, ежелгі Олимпия ойындары қашан және қай жерде өткені әлі күнге жұмбақ. Әйтсе де, кейбір тарихи деректерге сүйенсек, алғашқы Олимпия ойыны біздің заманымызға дейінгі 776 жылы Грекияда өткізілгені белгілі. Бұдан соң біздің заманымызға дейінгі 394 жылы Рим королі Хомидидің бұйрығымен тоқтатылған. Арада бірнеше ғасырдан кейін, яғни ХІХ ғасырдың аяғында франциялық әйгілі ағартушы Пьер де Кубертен бүкіл Еуропаға жорық жасап, Олимпиаданы қайта бастау туралы үгіт жүргізеді. 1894 жылы Францияда Олимпиада ойындарының түрі мен ережесі қамтылған алғашқы заң мақұлданып, Халықаралық Олимпиада Комитетін құрды. 1896 жылы тұңғыш рет Олимпиада спорт жарысы Грекияның Афины қаласында өз жаңа ғасырын ашты. Грекияда ғана өткізілетін Олимпиадалар соңғы ғасырда әлемнің әр шалғайындағы ірі қалаларда ұйымдастырылатын болды. Содан бері олимпиадалар төрт жылда бір рет өткізіліп келеді. Қазіргі олимпиадалық ойындар ертедегі Грекиядағы Олимпиада ойындарының негізінде жасалған.
Велоспорт, ескек есу, каноэ, футбол, баскетбол, дзюдо, нысана көздеу, су добы секілді спорт түрлері Олимпиадаларды қыздыра түсті.
Бүгінде спорт тарихына енген қызықты жарыс – қысқы Олимпиада ойындары алғаш рет 1926 жылы өткізілді.
Олимпиада белгісі – бес шығыршық. Түрлі-түсті бес шығыршыққа келсек: жасыл – Еуропаны, қара – Африканы, сары – Азияны, қызыл – Американы, көк – Австралияны бейнелейді. Бес құрлықты ажырамастай көрсеткен шығыршық елдер арасындағы достық пен бейбітшіліктің символындай болып келеді. Бұл белгіні осы заманғы Олимпиада ойындарын ұйымдастырушы Кубертен 1913 жылы жобалаған. Олимпиада ұраны – тіпті де тез, тіпті де асқақ, тіпті де күшті болу. Халықаралық Олимпиада Комитетінің туы – төрт бұрышты, ақ түсті, жиексіз, ортасында сақина белгісі бар. Туды Олимпиаданың қайта өткізілгеніне 20 жыл толуына арналған 1914 жылғы Париж Олимпиадасында алғаш рет жобаланған. Олимпиада мақсаты – бейбітшілікті, достықты және ортақ алға ілгерлеуді насихаттау.
Халықаралық Олимпиада ойындарына жетекшілік ететін Халықаралық Олимпиада Комитеті ағылшынша LOC деп жазылады. Ал, алдағы Олимпиада 2012 жылы Ұлыбританияның астанасы Лондонда өтетінінен хабардар шығарсыңдар. Мүмкін, өздеріңнің араларыңда топжарған спортшылар болса, сол Олимпиадаға дайындалып жүрген шығар.
Еркін НҰРБАЙ.

ПІКІР ЖАЗУ