Етікшілік те өнер

Әр елдің экономикалық, әлеуметтік дамуына үлесін қосып, алға қара адымдауына маңдай терін төгетін — әр саланың мамандары. Соның ішінде көптеген мамандық иелерінің еңбегі басшылық тарапынан еленіп, марапаттауларға ие болып жатады. Мысалы, ұстаз, дәрігер, әнші мен әртіс, экономист пен өнертапқыш, ұшқыш пен ғарышкер деп айта беруімізге болады. Аталған мамандықтардан басқа ешқандай ұжымы жоқ, еңбегін бұлдамайтын, көпшілік те оны елей бермейтін адамдар бар. Олар кімдер деген сұраққа жауап іздемекпін.
Күнде «Аяқ киім жөндеу» деген жазуы бар дүңгіршектің жанынан өтемін. Қашан қарасам да есігі адамға толы. Бірде өзімнің де аяқ киім жөндетуіме тура келіп, оның жұмыс орнына келдім. Кезек күтіп қалдым. Адамдардың бірі кілт жөндетсе, бірі пышақтарын қайратып жатыр. Олар кете бере үлкен шамаданын сүйретіп студенттер кезекте тұр. Сабыр сақтап, енді кім келеді екен деп күтіп тұра бердім.
—Қызым, бағанадан бері күтіп тұрсың ғой. Бұйымтайыңды айта ғой, — деді.
—Мен аяқ киімімді жөндетейін деп едім. Мені сіздің шеберлігіңіз таң қалдырды,- дедім бірден.
—Студент екеніңді көріп тұрмын. Етігіңді жөндетуге ақшаң болмаса, кейін әкеліп бересің, біз де студент болғанбыз.
Мына кісі қандай мақтаншақ дедім ішімнен. Өзі студент болса, онда неге мына жұмыста отыр?
—Аға, сіз шынымен де студент болдыңыз ба?
—Е, қызым-ай! Тұрмыс адамға не істетпейді. Әкеңмен жасты адамның студент болдым дегені саған бір түрлі естіліп тұр ма? Кезінде спорт мамандығын даярлайтын жоғары оқу орнын бітірдім. «Спорт шебері» деген атағым да бар. Бала-шаға өсіп жатыр, немерелер бар. Өз мамандығым бойынша айлық жалақы аз болды. Мұсылман қауымында балалардың санын айтпайды дейді ғой. Оларды оқытып, ел қатарына қосу үшін менің айлығым түк болмай қалды. Енді не істемек керек? Етікші кәсібін үйреніп алдым.
—Ағай, мына жерден көп ақша табасыз ба?
—Айлық күтпейсің, үйде қаражат бітіп қалса, біреуден қарыз сұрамайсың. Дүкенші таныстарыңнан ұяла-қызара қарызға азық-түлік алмайсың. Күнделікті наныңа жетеді.
Ағай әңгімесін айтып, ісмерлігімен айналыса берді. Ал, мен оның қанша түрлі іс білетінін санап отырмын. Бірер сағаттың ішінде төрт мыңдай ақша тапты. Жұмыс орнын жалға алғаны үшін төлейтін ақшасы бар, тапқан табысының салығы бар. Коммуналдық қызмет түрлерінің төлемі бар, барлығын алып тастағанда кәдімгідей пұлы қалтасында қалады.
Сырттай қарасаң, өте лас жұмыс. Мұндай жұмыстардың қатарына еден жуушы, аула сыпырушы, такси жүргізушісі, электр жөндеуші сияқты мамандық иелерін атауға болады. Адал еңбек. Қиыншылығынан да, ауыртпалығынан да қашпаған адамдардың еңбегін бағалап, оларды құрмет тұту қоғамның еншісінде.
—Ағай, сіздің осы кәсібіңізді жалғастыратын шәкіртіңіз немесе ұлдарыңыз бар ма?
—Дәл бүгін ешбір ата-ана ұл-қызының өзі істеген жұмысына келгенін қаламайды. Балам менен асып түссе екен, қалаған мамандығы бойынша еңбек етіп, жемісін көрсе екен деп тілейді. Өйткені, сен де, мен де жарқын болашаққа сенеміз.
—Қалай ойлайсыз, жастардың барлығы заманауи бизнес орталықтарындағы офистерде жұмыс істесе, жаңа ғана екеуіміз әңгімелеген еленбейтін мамандық иелері болмайды ма?
—Қызым, біздің айтып отырған жарқын болашағымыз, сол еленбейтін мамандық иелерінің де жұмысын жеңілдетіп, олардың орнының лайықты екенін белгілеп береді деп сенемін. Сол кезде қазіргідей, кейбір адамдар менсінбейтін, басқалардан төмен санайтын мамандық иелерін кемсітпей, өздерімен қатар санап, құрметтейтін дәрежеге жетеміз. Одан мен де үміттімін, — деді.
Шынында да, қара жұмыстағы адамдардың еңбегі нағыз мақтауға, құрметтеуге лайық екенін біздің оқырмандарымыз да біліп, ержетсе екен деген ниеттеміз.

Т.ИБРАГИМОВА

ПІКІР ЖАЗУ