АНАҒА АЛҒЫС!
АНАҒА АЛҒЫС!
Баласы үшін анасы бармайтын құрбандық бар ма? Ана болу – бүкіл өміріне кететін ұлы рухани күш пен ерен еңбек. Өз баласын бағып қағуда, ол ана өзін-өзі ұмытып барлық күш жігерін сарқа жұмсайды, бұдан оның жаны байи, нәрлене түседі. Ал баланың анаға деген махаббаты жеткіліксіз. Оны барынша құрметтеп, сыйлау әрбір баланың парызы. Кейбір балалар арасында, өз ата-анасын жөндеп сыйламайтын, еңбегінің қадірін білмейтін, айтқан тілін алмайтын балалар да кездесіп қалады. Мұндай бала өсе келе ата-ананың борышын өтемек түгілі, екі жүзді сұрқия адам болып шықпасына кім кепіл. Ылайым балалардың тәрбиесі адам қызығарлықтай болып өсе берсін дегім келеді.
Ана – үйдің берекесі, қыз баланың өнегесі, шаруаның несібесі. Ананың көзінен нұр төгіліп, жан-жағына шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл ананың құшағында мейір алып жүрген біз – алтын ананы мәңгі қастерлеп, еңбегін бағалап өтейікші!
Адам «адам” болғысы келсе, алдымен ананы қастерлей білуі керек деп түйемін. Дүниедегі ең жұмсақ нәрсе, ол – анамыздың аяулы алақаны, дүниедегі ең тәтті нәрсе, ол – анамыздың ақ сүті. Ұмай ананың ізін жалғап, Зере мен Ұлжандай ақылымен елге сыйлы, Ұлпандай ағайынның ұйытқысы, Қарашаштай тапқыр да, дана менің абзал анам. Иә, менің анам ең мейірімді, жанашыр, ақылды адам. Менің көңіл-күйімді қас –қабағымнан танитын алтын адам. Жақсы қылықтарыма сәбише шаттанып, менің аздаған жетістіктерімді таудай қылып жақсылыққа балайтын да менің асыл анашым.Мен анамды бар жаныммен жақсы көремін және аялаймын. Әрине мен оны дүниедегі ең бақытты адам еткім келеді. Барлық бақыт пен ғажап нәрселер анамның аяғының астында тұрса екен деп тілеймін, ренжітпей қадір тұтамын. «Анаға қарап қыз өсер», – деп тегін айтылмаған. Мен анам сияқты болғым келеді. Мені дүниеге әкеліп, аялап өсіріп отырғанына мың да бір алғыс айтамын. Мен оған шексіз ризамын.
Талшын КАПСАЛЯМОВА,
Қ.И. Сәтбаев атындағы МГ түлегі.
Алматы облысы, Ақсу ауданы.