Заманауи мектеп – кемел келешек кепілі

Алматы облысы Талғар ауданындағы «Мектепке дейінгі шағын орталығы бар № 41 жалпы білім беретін орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2017 жылы пайдалануға берілген. Заманауи үлгіде салынған білім беру мекемесінің жалпы жобалық қуаттылығы 310 орын. Ынтымағы жарасқан шағын елді мекен тұрғындарын қуанышқа бөлеген бұл мекемеде бүгінгі күні 809 бала білім алады. Мектебімізде биылғы оқу жылында 80 педагог жұмыс атқарады. Олардың көпшілігі жастар.
Мектептің миссиясы: «Өзінің және қоғамның мүддесінде өзін-өзі белсенді етуге дайын, өзгермелі даму үстіндегі ортада өмір сүруге бейім, бәсекеге қабілетті, білімді және құзіретті, шығармашыл, білімді тұлғаны дамыту және қалып-тастыру». Осы миссияны жүзеге асру мақсатында мектебіміздің педагогикалық ұжымы ерінбей, жалықпай, ізденіспен жұмыс жасаудамыз.


ХХ ғасырдағы белгілі қазақ ағартушысы Ж. Аймауытұлы «Қазіргі қазақ мектебіне қажеттісі – тек білім беруші мұғалім ғана емес, баланы өмір сүруге үйретуші ұстаз» — деген еді. Бұл сөздердің бүгінгі күні маңызы әлі де жойылған жоқ. ХХІ ғасырда ғылым мен білім қарыштап дамып, еліміз жаһандық білім кеңістігіне шығатын ғасыры болады деп күтілуде. Демек, бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен білім беріп қана қоймай, оны дүнежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, қатаң бәсекелестік жағдайында өмір сүріп еңбек етуге әзірлеуі тиіс. Бұл мәселеде нәтижеге қол жеткізу мұғалімнің өзінің жан-жақты біліміне, дүниетанымының, ой-өрісінің кеңдігіне тікелей байланысты. Өз пәнінің шеңберінде ғана қалып қойған мұғалім балаға білім, тәрбие беруде биік мақсаттарға жете алмайтыны анық. «Сабақ беру үйреншікті жай шеберлікті емес, ол үнемі жаңадан жаңаны табатын өмір» — деген, Ж. Аймауытовтың тағы бір сөзін келтіре отырып, қазіргі мұғалім бейнесін бедерлей түсетін ұстаздар шығармашылығына тоқталғым келеді. Әр оқушының бойындағы бар шығармашылық көздерін ашу, жаңалық деген ұмтылыстарына дем беріп отыру арқылы біз өзіміздің қоғамдағы негізгі миссиямыз – адамзат баласын жаңа сапаға көтеруді табысты шеше алатынымыз сөзсіз.
Ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы кезінде «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді» деген болатын. Ол үшін әрбір педагог әрбір баланың ойынан шығып, қажеттілігін қанағаттандыра білуге дайын болуы шарт. Өйткені қазіргі мектеп жасындағы балалар қай сыныпта оқыса да, қай жаста болса да өзінің кім болатынын, қандай адам болатынын армандайтын және өмірден өз орнын табуды басты мақсат деп санайды, сондай-ақ өзінің айналасынан дұрыс бағдар беретін ақыл-кеңес күтеді. Сондықтан оқушының рухани өсуіне жағдай туғыза алатын, өзгермелі қоғамның өзгерістеріне бейімделе алатын, өз әрекетіне өзгеріс енгізе алатын педагогтер ғана бүгінгі қоғамның мүддесі мен әр баланың мүддесінен шыға алады. Ойы жүйрік, ақылы жетік, бәсекеге қабілетті, өзгерістерге бейім жеке тұлғаны тек жаңа тұрпатты педагог қалыптастыра алады. Мұғалім әдістемелік кеңестерді, нұсқауларды тек тыңдау арқылы ғана қабылдайтын болса, дайын үлгілерге, сабақ жоспарларына, әдістемелік құралдарға тәуелді болудан басқа жол жоқ. Ал қоғамның өзекті мәселелеріне өзі «жақын барып», «қолмен ұстап көріп», санасында саралауды меңгерсе, оған үйреншікті жағдайдан ауытқу, жаңаша жол іздеу, шешім қабылдау қиынға түсе қоймайды.


Осы мақсатты жүзеге асыруда мектебімізде ұстаздардың топта жұмыс істеу дағдысын, өзара ынтымақтастығын дамыту үшін шығармашылық жобалар жолға қойылған. Педагогикалық ұжым мүшелері 5 шығармашылық топқа бірігіп, жоспарлы жұмыс жүргізіп келеді. «Самғау», «Ғибрат», «Болашақ», «Smart», «Creativ action» шығармашылық топтарына біріккен ұстаздар сабақтан тыс уақыттарда өздерін-өздері дамыту мақсатында қызықты іс-шаралар ұйымдастырып, жас ұстаздарға үлгі болып жүр. Мәселен, облыстық білім басқармасының мұрындық болуымен Райымбек ауданы Нарынқол ауылында ұйымдастырылған облыстық семинарда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қабылбекова Мөлдір «Саралау тапсырмаларын сабақ үдерісінде ұйымдастырудың тиімді жолдары» тақырыбында шебер-сынып өткізіп, өзінің іс-тәжірибесімен бөлісті.
«Біз біреудің ақылымен ақылды болмаймыз», — деген белгілі ойшылдың сөзін жандандырар болсақ, орайын тауып ойландыруға үйрету, мұғалімнің жан-дүниесін, ішкі құрылымдарын жаңа деңгейге көтеріп, келбетін кескіндейтіндігіне дау жоқ. Талантын таңдауға, шығармашылығын шыңдауға үйренген ұстаздың қоғамға берері де мол болмақ. Білім, тәрбие жолы- ұзақ жол. Мұғалімнің қателігі қоғам үшін өте қауіпті, керісінше, оның нәтижелі еңбегі бүкіл ұлттың, Отанымыздың, өркениеттің тағдыры, оның ізгілікті істері ұзақ жылдарды ортаға салып жемісін берері сөзсіз. ХХІ ғасыр – бәсекелестік ғасыры, олай болса, кемелденген қоғамның кемел азаматтарын тәрбиелеудегі біліміміз бен білігімізді, қажыр-қайратымызды аямай еңбектену, оқушы дарынын дамыту – ұстаз парызы десек, мектебіміздің дарынды өрендері өздерінің жетістіктерін көрсетіп, биіктерден көрініп келеді. Атап айтқанда, Республикалық «Аламан бәйге» кітап жарысына қатысып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып І орын алғаны үшін 8-сынып оқушысы Ізбасар Елдар мақтау қағазымен марапатталып, 10000 теңге сыйақыға ие болды.
Мектебімізде музыка пәні мұғалімі, консерватория түлегі Есқожа Шолпанның жетекшілігімен «STAR» домбырашылар ансамблі құрылды. Талантты ұстаз өз шәкірттерінің дарынын дамытуда талмай еңбектеніп, өз нәтижесін беруде. Мәселен, Тараз қаласында өткен «JANARGAN QAZAQSTAN» халықаралық өнер байқауында 7-сынып оқушысы Тергеубаев Абзал жеке аспапта орындаудан І орын алса, Қазақ радиосының «Шалқар» ұлттық бағдарламасының ұйымдастыруымен өткізілген «Тайжарыс» радиобайқауында «Өнер-Ай» домбырашылар ансамблі І орын және «STAR» домбырашылар ансамблі бас жүлдені иеленіп, Қазақ радиосының тікелей эфирінде «Жанартау» бағдарламасына қатысып, сұхбат берді.


Мектебімізде әдебиетті жан-тәнімен сүйетін, өзінің шығармашылық қабілетін шыңдап түрлі әдеби оқуларға қатысып, жетістіктерге жетіп жүрген шәкірттер де баршылық. Талғар ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Жыр алыбы – Жамбыл» атты жас ақындар сайысында 9-сынып оқушысы Қадылбекқызы Кәусар ІІ орын, «Мұқағали оқуларында» 8-сынып оқушысы Асқарқызы Сезім І орын, Жетісудың жыр дүлдүлі шығармашылығына арналған «Ілияс оқуларында» 7-сынып оқушысы Ерболатқызы Сәуле өз шығармашылығы бойынша ақынға арнау өлеңімен І орын, «Қадыр оқуларында» ақынға арнау өлеңімен 8-сынып оқушылары Кайсар Сағындық, «Кейбір жырым дән ұшырып қырманда, кейбір жырым бақташы боп жұр маңда» ән байқауында Тұрсын Нұрлыайна, «Сөздің бәрі құдіретті» көркем сөз оқу бөлімінен Ерғали Бибіәсия ІІ орын, «Әбіш оқулары» байқауында Шәріпхан Ерасыл «Ә.Кекілбаев шығармаларынан иллюстрациялық суреттер» бөлімі бойынша ІІ орын, «Ә.Кекілбаев шығармаларын мәнерлеп оқу» бөлімі бойынша Жетпісбай Арайлым ІІІ орын иеленіп, аудандық білім бөлімінің мақтау қағазымен марапатталды.
Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген «Жыл оқушысы» байқауына қатысқан 9-сынып оқушысы Жетпісбай Арайлым ІІ орын, Кемелтанушылар сайысында «Шағын детективті әңгіме жазу» номинациясы бойынша ІІІ орын, Бауыржан Момышұлы оқуларының ауандық кезеңінде ІІ орынды иеленіп, мақтау қағазымен марапатталды.
Мектебімізде химия пәні мұғалімі Жорабаева Динара Жұмаділдақызының жетекшілігімен «Ғылымға алғашқы қадам» үйірмесі жұмыс істейді. Мектеп оқушыларын зерттеу жұмыстарына баулу және жаратылыстану ғылымдарының қыр-сырын зерттеуге үйрету мақсатын көздеген үйірме оқушыларды жетістіктерге жетелеп, марапаттарымен қуантуда. Атап айтсақ, «Дарын» ғылыми зерттеу жобалар сайысының аудандық конференциясында Әбибулла Сая І орын, Мұхтарбек Іңкәр ІІ орын алса, Түркістан қаласында өткен Халықаралық «Жас ғалым» ғылыми конференциясына қатысқан Мұхтарбек Іңкәр, Өрісман Іңкәр, Сабыр Сағи, Көптілеу Жансая, Жетпіспай Арайлым, Жомартқызы Таңшолпан, Көшербай Гүлім жүлделі орындармен оралды.
«Шоқан және Экология» тақырыбында өткен жас ғалымдардың Республикалық ғылыми форумына қатысқан Мұхтарбек Іңкәр (100.000 теңге сыйақы алды), Қалас Әлішер (150.000 теңге сыйақы алды), Қадылбек Кәусар мен Матайхан Мирас «Жас ғалым» номинациясын жеңіп алып, сертификатқа ие болды.
Оқушылардың өнерге деген көзқарасын оята отырып, талантты оқушылардың қатарын көбейту, өңірге деген көзқарасын ояту және жастардың бойындағы Отанға деген елге деген махаббаттарын арттыру мақсатында ұйымдастырылған мектеп оқушылары арасындағы аудандық «Берекелі күз» байқауында «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша 7-сынып оқушысы Жумалип Ұлан ІІІ орын, «Би» жанры бойынша «Наз» бишілер тобы І орын, «Қолөнер» номинациясы бойынша 5- сынып оқушысы Сейдақпар Айару ІІІ орын, Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылығына 33 жыл толуына орай ұйымдастырылған ауған соғысы әндерінің ән және мәнерлеп оқу байқауында «Мәнерлеп оқу» номинациясы бойынша 9-сынып оқушысы Байбосын Диас ІІорын, «Жас суретші» номинациясы бойынша Сейдақпар Айару І орынды жеңіп алды. Салауатты, саламатты өмірді сақтау үшін мектепте баскетболь, валейбол, футбол, стол теннис, тоғызқұмалақ, шахмат, асықату, ережесіз жекпе-жек, бокс… секілді 13 спорттық үйірме жұмыс істейді.
Мектебімізде оқушылардың логикалық және сыни ойлауын, коммуникативті мәдениетті және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамыту, тәуелсіз шешім қабылдауға және қоғамның болашақ көшбасшысы ретінде жеке тұлғаның қалыптасуына ықпал ету мақсатын көздейтін «Парасат» дебат клубы жұмыс істейді.
Клуб мүшелерінің қатысуымен «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», «Қашықтықтан оқудың пайдасы мен зияны», «Интернет кітапты алмастыра ала ма? («Оқуға құштар мектеп жобасы» аясында), « Қазіргі күнгі әжелер мен бұрынғы әжелердің рөлі», «Қазақ халқының дәстүріндегі ұл мен қыз тәрбиесі» тақырыбында ұйымдастырылған пікірсайыстар оқушыларды өзіндік ой-пікірлерін ортаға салуға, азаматтық қоғамның белсенді мүшесі болуға, жан-жақты дамыған азамат болып қалыптасуына септігін тигізіп отыр.


Мектебімізде 2022-2023 оқу жылында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында жұмыс қолға алынды. Оқу сауаттылығы қазіргі қоғамдағы өмірге дайындық үшін ең маңызды көрсеткіштерінің бірі ретінде қарастырылады. «Оқу мәдениеті – өзін-өзі жетілдіру және өзін-өзі тәрбиелеу дағдыларын қалыптастыру факторы» деген түйін сөз бекер айтылмаса керек. Білім берудегі кітап оқуға үйрету мәселелері әрдайым маңызды болғанымен, оқу сауаттылығын дамыту тапсырмасы еліміздің  мемлекеттік білім беру стандартын жүзеге асыратын заманауи мектеп үшін жаңа сала болып табылады. Жоба аясында «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы ұйымдастырылып, ата-аналар көмегімен көптеген құнды кітаптар кітапхана қорына қорына тарту етілді. Мектебіміз бойынша жүзден аса бала республикалық балаларға арналаған «Мөлдір бұлақ» журналына жазылды. Бұл балалар мен ата-аналардың сүйіп оқитын жұралына айналып отыр.
Мектепке алғаш қадам басқан бүлдіршіндердің кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында 1-сынып жетекшісі Қалибек Айсұлу «Әліпбидің атасы Ахмет Байтұрсынұлы» тақырыбында ертеңгілік дәріс өткізді және сынып бөл-месінде «Оқуға құштар сынып» бұрышын ұйымдастырып, ата-аналар алғысына бөленді.
«Бір сынып – бір кітап» бағыты бойынша 10-сынып оқушылары Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романының сюжеттік желісі бойынша сахналық көрініс ұйымдастырып, оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыра түсті.
Кітапқұмар жеткіншектерміз әр ай сайын жаңа оқу аптасын сүйікті кітаптарымен, сүйікті авторларымен, сүйікті кейіпкерлермен кездесетіндеріне дəн риза. Зор ықыласпен бар ынтасымен түсініп оқып, өздеріне ұнаған тұстарын достарымен бөлісуде.
Салауатты өмір салтын қалыптастыруда ұйымдастырылған спорттық үйірмелер жұмысы өз нәтижесін берді. Джиу-джитсудан Талдықорған қаласында өткен облыстық чемпионатта 9-сынып оқушысы Ыбырай Темірлан І орын, Қарағанды қаласында өткен Қазақстан чемпионатында ІІІ орын, Алматы қаласында өткен Халықаралық чемпионатта І орынды иеленіп мақтау грамотасымен марапатталды.
Аудан мектептері арасында ұйымдастырылған «Мектеп лигасы-2023» командалық жарысында мектебіміздің қыздар және ұлдар командасы волейболдан І орынды жеңіп алса, мектеп оқушылары спартакиасында «Үміт сөресі» жарысына қатысып Бегімбайқызы Балнұр ұзындыққа секіруден ІІ орын, Қуанышбаев Данияр І орынды иеленді. Баскетболдан мектеп командасы 2, 3 орындарға ие болды. «Тоғызқұмалақ» үйірмесіне қатысушы оқушылар да аудан көлемінде өткізілген жарыста жүлделі орындарға ие болып, мектеп мерейін көтерді. «Каратэ» үйірмесі мүшелері Муслим Жансеит, Каби Имран, Барлыбек Мирас түрлі облыстық, республикалық сайыстарда өз өнерлерін көрсетіп, жүлделі орындарға ие болып жүр. Спорттық сайыстар бойынша мектебіміз аудан мектептері арасында 9 спорт түрі бойынша жетістіктерге жетіп, 1-лиганың 1-орнынан көрініп келеді.
Ойымды қорытындылай келе айтарым, бүгінгі мектеп – ертеңгі болашақ кепілі. Бұл ретте әрбір мектеп ұжымына, ұстаздар қауымына артылар сенім жүгі ауыр екені шындық. Алдында отырған әрбір шәкіртін аялап, әрбіреуін «өзінің жалғызы» деп танитын ұстаздар – бүгінгі күннің баға жетпес байлығы болары анық. Сөзімді данышпан Д. Дидроның сөзімен аяқтағым келеді: «Жақсы ұстазға қандай қасиеттер тілеуге тиіспіз? Өзінің оқытатын пәнін терең білуді, адал да сезімтал жан дүниесі болуын тілейміз». Демек, біздер, ұстаздар қауымы, терең білімімізбен, адалдығымызбен, сезімтал жан дүниемізбен шәкірт жүрегіне жол таба білейік!

Күнсақалова Жанаргүл Баймажіқызы,
Алматы облысы, Талғар ауданы, Еламан ауылы, №41 жалпы білім беретін орта мектептің директоры

ПІКІР ЖАЗУ