Сұр көбелек

Рахметолла Райымқұлов 1913 жылы 11 мамырда Ташкент облысы, Бостандық ауданы, Қараманас ауылында дүниеге келген. Төрт кластық білім алып, 1929 ж. Ташкент қаласындағы қазақтың педагогикалық техникумына түседі. Оны 1933 ж. бітіреді. 1933 ж. Ташкент облысының Жоғары Шыршық ауданында кезінде өзі төрт кластық білім алып кеткен мектепке мұғалім болып барады. Сол жылдары Жоғары Шыршық аудандық «Алға» газетінде уақытша редактор қызметін қоса атқарады.
1935-36 оқу жылында Ташкенттегі педагогикалық институтта оқиды.
1937 ж. Алматыдағы Қазақтың Коммунистік Журналистер институтына ауысып, оны 1939 ж. бітіріп шығады.1939-1941 жж. «Сталин жолы» (қазіргі «Қазақстан әйелдері») журналына жауапты секретарь болады. 1941 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде тілші. 1941-1946 жж. Ұлы Отан соғысына қатысады. 1946-1949 жж. «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, жауапты секретарьдың орынбасары болады. Осы жылдары қосымша Қазақтың С.М.Киров атындағы университетінің журналистер факультетінде студенттерге дәріс оқиды. 1949-1953 жж. Полиграфия және баспасөз қызметкерлері Кәсіподағы Республикалық Комитетінің председателі болып екі рет сайланады. 1953-1961 жж. Жазушылар Одағының органы — осы күнгі «Жұлдыз» журналына ауысып, онда жауапты секретарь болып істейді. 1961-1971 жж. «Қазақ әдебиетінде» бөлім бастығы. 1971 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағы жанындағы көркем әдебиетті насихаттау бюросы директорының орынбасары болып істейді. Осы жылдары «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жұлдыз», «Простор», «Жалын», «Ара» журналдарының редакциялық алқаларының мүшесі болады.
«Жасыл белес», «Түйелі адам» повестері, «Қара жорға», «Болаттың сынығы» романдары, бірнеше әңгімелер жинағы және екі томдық, үш томдық таңдамалы шығармалар жинағы басылып шыққан. «Ашынған жандар» Қ.Исабаевпен бірге, «Мөлдір аспан», «Бұған сенбе — ертегі», «Әкесінің арқасында» пьесалары жарияланған. 1959-1960 жж. облыстық және республикалық жастар театрында «Ашынған жандар» спектаклі қойылған. 1972 ж. «Мөлдір аспан» атты екі актілі драмасы радио театрында қойылған. Тәжік, өзбек, ұйғыр, латыш әдебиетінен бірнеше шығармаларды қазақ тіліне аударған. Р.Райымқұлов С.Айнидің «Бұқара» трилогиясының екі кітабын, Ж.Бұғыбаевпен бірге Мирмухсиннің «Үміт» романын тәржімалаған. Ю.Мухлисовтың «Махаббат» новелласын ұйғыр тілінен қазақшаға аударған.
Өзінің де «Түйелі адам», «Көкжал», «Уәде», «Сұр көбелек» сияқты бірнеше туындысы орыс тіліне аударылған. «Уәде», «Жасыл белес», «Түйелі адам», «Бұрылыстар», «Балдақты адам», «Болаттың сынығы», «Қара жорға» секілді хикаяттары, әңгіме-повестері, романдары, екі және үш томдық таңдамалы шығармалар жинақтары жарық көрген. Бірнеше орден, медальдармен марапатталған. Р. Райымқұлов 1978 жылдың 18 маусымында қайтыс болды.

 

СҰР КӨБЕЛЕК

Алғаш мектеп табалдырығын аттағанда небәрі алты жаста едім.
Мектеп деп отырғаным – мешіт. Қыста сол мешітте, жазда елмен бірге жайлауға шыққан молданың алты қанат киіз үйінде отырып оқимыз. Біз үшін о да мешіт, молданың емес, Алланың үйі.
Бұл үйдің табалдырығын аттағанымша оқып жүрген балалардың, оның ішінде өз ағам Қияқбайдың әрбір сөзі, жүріс-тұрысы мен үшін соншалықты қол жетпейтін ұстындай көрінетін. «Осылар сияқты болсай, осылар ұстаған қалам-қағаздары мен кітаптарындай мүліктер менде де болса» дейтінмін ішімнен. Қастарына барып бәрін ұстап көргім келетін. Бірақ олар көбіне қасына жуытпайтын. «Тиме, кірлетесің, бүлдіресің» деп зекіп те тастайды кейде. Қолымды жайнап тұрған шоққа созған жандай шошып кетіп тартып аламын да, кітапқа әуесім арта түсіп, көз алмай қараймын. «Шіркін-ай, қашан өсер екенмін. Тезірек үлкейіп, мешітке барып молдадан сабақ алатын күндер болар ма екен?»
Кейде Қияқбай кітаптарын менің бойым жететін жерде қалдырып, өзі ойнап кетеді. Сол шақта күнім оңынан туады. Қияқбайдың кітап дорбасын алып еркін-ақ ұстаймын, көремін. Әр кітаптың басынан түсіп, ең соңғы бетіне дейін аударып, «оқып» шығамын. Әліпті таяқ деп білсем де оқығыш-ақпын. Ернім ерніме тимей күбірлеп, бір беттен соң бір бетті аударып тастаймын. Бір күні сондай белшемнен батқан қызық үстінде отыр едім, әлдекімнің зекіген сөзінен шошып кетіп, қолымдағы кітапты тастай бере жалт қарасам Қияқбай екен.
– Қап бүлдірдің-ау. Кітап десе осы не сайтаның бар, ә? Мынауың не? – деп тұр ол.
Байқаймын, онша ашулы емес. Сонысын сезе қойдым да, жалына тіл қаттым.
– Тәте, айтшы, кітаптарыңның аттары бар ма?
Қияқбай менің дөрекі сұрағымды, одан соң қиылып тұрғанымды қызық көрді ме, әйтеуір, жымиып күлді де, бір-бірлеп айта бастады.
– Ал, мынаны не дейді? – деп ала мұқабалы бір кітапты көрсеттім. Өзін сондай ұнататынмын.
– Мұны «Шар кітап» дейді. Ал, «Шар кітапты» оқысаң, әр кітапты оқисың. Білдің бе? Сен оны, қарашы, теріс ұстап отырсың. Ендігәрі тиетін болсаң өкпелеме, таяқ жейсің.
– Тимеймін, – деп уәде бердім. Бірақ ішімнен «Шар кітап» деп күбірлеп тұрмын. – Мұны оқыған кісі әр кітапты оқи ма?
– Сөйтеді.
– Маған үйретші? Қәне, қалай оқиды өзін, ә, үйретші?
– Әуелі мұрныңды тазалап сүртіп алсаңшы, мұны оқымай-ақ.
Жеңіммен мұрнымды бір сүйкеп, төмен түсіп бара жатқан шалбарымды жоғары көтеріп қойып, Қияқбайға жақындай түстім.
– Мұрнымды сүрттім, тәте. Міне, қарашы, тап-таза. Енді оқышы, қане оқышы?
Тәтем кітаптың бір бетін ашты да, шұбыртып кетті. Ынтызарым ауа тыңдап тұрмын. Бірақ түкке түсінбедім. Күндегі естіп жүрген сөзімізге мүлде ұқсамайды. Біраз судыратқан ол дереу кітаптың бетін жапты да, маған қарап:
– Қалай ешнәрсе ұқтың ба? – деп сұрады. Мен «түсіндім» дегендей, басымды изедім.
– Е, адам болады екенсің, – деп мәз бола күлген тәтем қобырап шашылып жатқан кітаптарын жинастырып шығып кетті…
Келесі жылы мені молдаға әкемнің өзі алып барды.
Бұл бір жұрт жазғы жайлауға шыққан кез еді. Күллі әлем құлпырып тұр. Айнала жұпар аңқиды. Аяқ астындағы жер емес, әдейі төсеп тастаған зер барақ кілем сияқты.
Бала оқытатын молданың үйі басқа үйлерден сәл оқшаулау тігілген. Шоқша сақалды қара молдаға әкем тура былай деді:
– Сүйегі менікі, еті сенікі, мола-еке!
Қара молда әнтек қысықтау келген көзімен маған қарап отырды да, қомсынғандай:
– Оқимын дейсің, ә? Осы сенің атың кім еді? – деді.
– Мен бе, мен «Шар кітаппін!»
Үйдегілер ду күлді. Жіңішке жез мұртын ширатып, менің әрбір қылығымды бақылап отырған әкемде жүзі жайнап күліп қапты. Бетім дуылдап кетті. Жылауға шақ қалғандаймын. Қияқбаймен баяғы бір әңгімемнен кейін үйдегілер мені осылай «Шар кітап» деп кеткен. Әттең, қазір өзі жоқ. Әйтпесе, онымен…
Жан-жағыма қарадым. Түу, ана шүйке бас Тоғызбекті қара. Ішегін басып аунап қапты. Жылап жіберер едім, сол аяқ-қолы шидей ыржақайға мазақ болармын деген ой келді ме, әйтеуір, қатая қойдым.
– Шын аты Рахат, молдеке! – деп отыр әкем.
– Жаңағы Қияқбай тәтемнің қойған аты, – деп Тоғызбекке ала көзіммен қарап тұрдым. Ол өзі менен бірнеше жас үлкен және тым сүйкімсіз сумақай еді. Кебежеден нан ұрлап жегені үшін шешесінің үнемі қарғап, сілеп, кейде ұрып та алатынын білемін. Көрші үйлердің сөресінен құрт жымқырып кететін әдеті тағы бар. Қазір кісімсіп қалғанын қара?
– Е, Рахат, қандай жақсы ат. Қане отыршы мына жерге? – деп молда қасына шақырды.
Бүгін апам таңертең ғана пісіріп, ақ орамалға орап берген бірнеше қаттама нанды молданың алдына қойдым да, оған қоса әкем берген, қанша екенін білмеймін, біраз ұсақ ақшаны алақанына салдым. Молдекең қолын жайып күбірлеп бата қылды. Одан соң молда әкем әдейі жасап ала келген алақандай тақтай бетіне сия қаламмен «әліппе» жазып берді де, бірнеше рет қайталап оқытып, енді соны жаттап, біліп ал деп, балалардың ең шетіне отырғызды. Әкем мені тастап кетіп қалды. Класс дейтін класымыз сол. Үлкеніміз де, кішіміз де молда үйінің ішіндеміз. Қаз-қатар шөкелеп отырып әркім өзінше, өз сабағын бар даусымен оқып жатырмыз. Сырттан тыңдаған адам тек қалың орманды басына көтере шуылдаған әрқилы құстың үнін естігендей ғана әсерден бөтен ұғары жоқ еді.
Бимен деген ұзын бойлы бір жігіт молданың көмекшісі екен. Сол ғана ұстаздың оң жағында сызылып отыр. Кейде екеуі күбірлеп сөйлесіп те қояды. Бір кезде молда бізді Бименге тапсырды да, басына сәлдесін жылмита орап тысқа шығып кетті. Соңынан қайда баратынын бақылап қайтқан балалар оның жақын жердегі бір төбенің бауырында тоғыз құмалақ ойнап отырған ауыл қарттарына барып қосылғанын айтып келді. Бимен бізге шуылдатып азырақ оқытты да, ерік берді.
– Балалар, түс болды, шаршаған шығарсыңдар, ә? Далаға барып дем алыңдар. Бiрақ ұзап кетпеңдер, ә? Ұрысып,төбелесуші болмаңдар, онда ауыр жазалаймын, ә! – деді.
Осыны айтты да, Бимен молданың орнына көсіле жатып аяғын созды. Біз ұядан ұшқан балапандай сыртқа жүгіре-жүгіре шықтық. Дала тамылжып тұр. Шаңсыз, бұлтсыз аспан ғажап бір көріністе екен. Тас төбеден қараған күн тіпті ыстықта емес. Оқта-текте елп еткен жібек жолмен ойнағандай. Бастарын шұлғып қап теңселіп тұрған көк майса үстінде асыр сап ойнап жүрміз. Замат Тоғызбек екеуміз кездесіп қалдық.
– Ей, Шар кітап! – деп мені нұқып қалды ол. Онымен де қоймай, сойдақ тістерін ырситып күліп, мазақтап тұр. Жылтыраған көзі мен екі елі келер-келмес тар маңдайында, бір-ақ уыс бет-аузында масаттанған мақтаныш бар.
– Ия, мен Шар кітаппін. Ал сен кімсің?
Тоғызбек бұрынғысынан бетер дарақылана түсті. «Шар кітап болғаныңа сенің…» деп балағат сөз айтты. Шыдай алмай кеттім.
– Кебежеден нан ұрлайтын ұры! – деп тілдедім.
Екеуміз айқаса түстік. Тоғызбек үлкендігін істеп мені домалатып ұра бастады. Астында жатсам да қарап қалмадым. Қолыма қайдан түскенін білмеймін, қойдың ит мүжіген, әбден қурап біткен, омыртқасы іліге кеткені бар емес пе. Тоғызбектің қақ шекесінен төндіріп жібергенімде қан бұрқ етті. Өзімнің де зәрем қалмай жүрегім зырқырап қоя берді де, жеген таяғымның бәрін ұмытып, не істерімді білмей, жалтақтап тұрып қалдым. Мықтым безілдеп, қан саулаған маңдайын қос қолымен басып төңбекшіп жатыр.
– Не болды, ойбай, не болды саған? – деп, Тоғызбектің менімен жасты інісі Кенжебек көбелек қуып ойнап жүрген жерінен ентіге жүгіріп келді. Өзі нағыз жынды, сотқар қу болатын. Қан қақсап жатқан ағасының үстіне үйіріле құлап, шыр-пыр болып жүр. Маған қарап жұдырығын түйіп: «Ұрғанның әкесін көрсетермін» дейді ол кіжініп.
Менде үн жоқ. Өзге балалар да не істерге білмей, Тоғызбектің төңірегіне үймелеп қалған.
Осы кезде үйден еріне басып Бимен шықты. Көкқұтандай сорайған арық жігіт еді. Қазір иілген доға сияқты бүкшиіп, ербиген үлкен екі құлағы тікірейіп, бізді шақырып тұр. «Ал енді, Шар кітап, осымен оқуың да біткен шығар» деп, еңсем түсіп, салбырап келемін. Әзірейілдей зіркілдеген Бимен қарсы алдына шөкелетіп отырғызып қойды.
– Сен өзің, ә… – дейді ол жіңішке шіңкілдек даусын мән бере созып. –Тентек екенсің ғой. Құдайдың үйінің табалдырығын аттамай жатып біреудің басын жардың, ә?
Мыңқ етер менде әл жоқ. Төмен қараған басымды көтеріп алуға да шама келер емес.
– Өзін қараңдаршы-ай, былқетпейді, ә. Қандай қайсар едің, ә?
Үш-төрт бала үйдің сыртында Тоғызбектің маңдайын жуып жүр. Олардың не айтып жатқандарын естіп қалдым.
– Ой, шылым бас-ау, – дейді біреуі. – Түкте болмапты ғой?
– Әшейін, сәл ғана тырнап кетіпті, – дейді екіншісі. – Осыған да жылап, жер-көкті басыңа көтеріп жүрсің бе, ой, шылым бас!
– Ойнап жүргенде не болмайды.
– Ойнағанға жылаған таз болады деген!
Балалардың сөз сыңайы осындай. Тоғызбектің басы жұдырықтай ғана, тіпті кіп-кішкене болғандықтан оған «шылым бас» деген лақап тағылып, солай аталып та кеткен.
– Мынауың бас емес, қағанақ екен ғой!
– Шертіп қалса пақ етіп жарылып, содан кейін дереу-ақ біте қоятыны қызық екен?
Сырттағы мына сөздерді естіген сайын тіріліп келемін. Еңсемді көтеріп, балалар жаққа қараймын. Бимен дамулла оларға даусы шаңқ ете айғайлады.
– Болдыңдар ма, келіңдер мұнда, ә?
Дабырлап балалар кірді.
– Дамуллеке, түк те болмапты, әшейін… – дейді бір бала қысыла шиық-шиық күліп.
– Мен тіпті шекесі ойсырап, ойылып қалған екен десем… – дейді және бір дауыс.
Шылым бастың маңдайына қарадым. Расында да сонша жер тепкілеп ойбайлайтындай дәнеме жоқ. Қаны тиылған. Сол жақ қасының үстінде тырнақ орнындай-ақ сызық тұр. Соған бола сонша қан қақсағанына өзі де бетін басып мырс-мырс күле берді.
Қабағын түйіп алған Бимен ғана тұнжырап отыр.
– Алланың атымен сөйлеймін, ә? – дейді ол тырнаның мойнындай ұзын мойнын қоқилана соза түсіп. – Бұл үйде қазір молда жоқ. Оның орнында қалған менмін, ә! Тас төбемде құдайдың өзі қарап тұр. Екі иінімде екі періште аузыма сөз салып, Алла Тағаламның бұйрығын орында деп сыбырлап отыр, ә! Айыптыларды жазала дейді, ә!
Бір мен ғана емес, жас шәкірттер тегіс еңселері түсіп, бастарын төмен салып мүлгіп қалған. Бименнің ақыры «ә» мен бітетін әрбір сөзі төбемізден құдық қазғандай шым-шым батады. Ал, бәріміздің желкемізден қарап тұрған құдай менің көз алдыма еңгезердей біреу боп елестейді. Ол біз отырған үйдің түңлігінен түксиген қабағын түйе, үнсіз қарап отырған сияқты. Әлдеқандай бір ауыр салмақ мені езіп, жерге батыра түсіп, жаныштап бара жатқандай. Бименнің иықтарына жайғасып алған періштелерді көргім келді. Бірақ басымды көтере алмаймын. Апырмай, олар Бименге не айтып жатыр екен? Алдымен құдайдың үйінің табалдырығын аттамай жатып тентектік жасаған мына құртақандай бала шәкірт – мені жазала деп тұрған-ақ шығар!
Осындай ойлар өзімді әбден есеңгіретіп тастады. Қыбыр етуге мұршам жоқ. Дәл осы кезде үйге Кенжебек кіріп келді. Шаңқылдап, мені әлі балағаттап жүр. Манадан бері оның даусы естілмеп еді, қайдан келді екен?
– Мен саған маңдай жарғанды көрсетейін? – дейді ол тызылдап.
Мұныммен жер сүзгендей боп отырған менің оң жағыма қарай кеп қалғанын білмеймін. Қолында бір қасықтай қу сүйек. Оның бір ұшы найзаның сүңгісіндей үшкір. Тістеніп, дір-дір еткен Кенжебек:
– Енді қайтер екенсің. Қолға түстің бе? Мынамен ана жылтыраған көзіңді ойып аламын қазір. Білдің бе, иттің!… – деп, найза сүйегін дәл көзімнің тұсынан сумаң-сумаң еткізеді. Есім шығып кетті. Сол кезде Бименнің дауысын есіттім.
– Ах, бәтшағар-ай, ә ? – дейді тамағы қырылдап.
– Жоқ, Дамулла. Мен мына істік сүйекті әдейі үйден барып әкелдім.
Жасырып тығып қойған жерімнен зорға таптым. Бас жарғанды көрсетем бұл Шар кітапқа!
Бимен ашулану орнына қиық-қиық күледі. Кенжебекке өзінің сол сиқымен жел бере түскенін ойлайтын ол жоқ сияқты. Әлде иықтарында отырған періштелерінің аузына салған Алла сөзі сол болғаны ма екен? Алла олай айтпаса керек.
Кенжебек өршелене дікең-дікең етеді. Қолындағы қаруы жанарым алдына келіп-келіп қайтады. Мен түгілі, өзге балаларда да үн жоқ. Әне тиді, міне тиді деп отырмын. Ағып түскен көзімді көріп қалғандай да боламын. Кенжебектің қолы бетіме жақындаған сайын денем шымыр-шымыр етіп, көзімді жұмып-жұмып аламын. Сонда да бас көтерер шама жоқ.
– Әй, қойсаң, ә? – дейді Бимен тағы да қырылдап. Бірақ даусында бұйрық, қорқыта, үркіте айтқан салмақ аз. Тентек Кенжебек тісін қайрап кіжіне түседі де, менің бетіме істігін бырш еткізіп сұғып алуға сәл-сәл-ақ қалғанда қолын тартып алады.
– Тоқта, ә? Қане бәрің де маған қараңдар, ә?
Басымды көтеріп Бименге қарадым. Ол үйдің ішінде далбаңдап ұшып жүрген үлкен сұр көбелектен екі көзін айырмай отыр екен. Аузы ашылып, сонша бір қызыққа батқан жандай тамашалап қапты.
– Осыны, ә, – деді Бимен ұзын кеңірдегін соза түсіп. – Кімде-кім ешбір жеріне зиян еткізбей ұстап ала алса, сол құдайдың нағыз сүйген құлы болып есептеледі. Кәне, Кенжебек, әуелгі кезек сенікі болсын, ә?
Жылтыраған көп көздер көбелекке ауысты. Өліп тірілгендеймін. Қазірше жанымды алып қалған көбелекке мен де күлімсіреп қараймын. Көбелек біресе кебеже үстіндегі жүкке, біресе желбау, басқұрға қонады.
– Әркімге бір-бірден-ақ кезек беремін. Қолды бір созғанда ұстай алмағандарыңа екінші кезек жоқ. Періштелерім солай деп отыр, ә?
Жүк үстінде әдемі сұр-ала қанатын қағып-қағып қонып отырған көбелекке қарай Кенжебек бара жатыр. Жүрісі білінер емес. Тышқан аулаған мысық сияқты аяқ басқаны да білінбейді. Әне, оның епті қолы жылжып, көбелекті шап беруге сәл-ақ қалды. Ойпырым-ай, құдайдың сүйген құлы осы Кенжебек болғаны ма екен? Егер ол көбелекті ұстай қалса, онда мен көзіммен қоштаса беретін де шығармын!
Тым-тырыс, ішімізден дем алып отырмыз. Жүрегім лүп-лүп етеді. Кенжебектің саусақтары көбелектің ашылып, жабылып тұрған қанатына жетіп-ақ қалды. Әне, ол шап берді. Көбелек далбаң етіп ұшып кетеді. Иә, бақ!
Балалар ду күлісті. Мен де мәзбін. Кенжебек:
– Қап, құдай-ай, қор қылдың-ау! – дейді тістеніп. Көздері шатынап үй ішінде қай жерге қонарын білмей жүрген сұр көбелекке ызалана қарап қалған.
– Кезегің бітті, ал енді Тоғызбек, сен ұста, ә?
– Дамулла, тағы да бір рет, ер кезегі екіге дейін деген! – деп Кенжебек Бименге жалына бастады.
– Жоқ, құдай екі сөйлемейді. Періштелерім солай деп отыр, ә!
Бимен соңғы сөзімен бәрімізді және тиып тастады. Орнынан сойған түлкідей ыржиып Тоғызбек тұрды. Ол жұдырықтай басы қалтаңдап, әлі ұшып жүрген көбелекке тырнаның аяғындай жіңішке ұзын қолын созады.
– Қонсын, қонсын бір жерге, ә? – дейді Бимен.
Көбелек керегенің бір басына қонды. Тағы да қонатын кезек қағып отыр. Тоғызбек қорбаң-қорбаң етіп жақындай берді. Бірақ көбелек оның ербеңдеген қолынан қорқып сол бойда-ақ ұшып кетті. Үй ішіндегі көңілді күлкі қайта дуылдады.
– Өзің тым епсіз екенсің ғой, ә? Отыр! Ендігі кезек… – деп, Бимен көзімен біздерді сүзе қарап, аз-кем отырды да, – сен қалайсың, ә? – деді маған.
– Ұстап көрсін, дамулла, ұстап көрсін!
Кенжебек пен Тоғызбектен басқа балалар осылай деп шулап жатыр.
– Тұра ғой орныңнан. Менің періштем де бақытын сынап бақсын деп отыр. Көбелекті қолға түсірсең күнәң да жеңілдейді, ә?
Соншалық сақтықпен орнымнан көтерілдім. Бүгінге дейін бұл іспетті көбелектердің талайын ұстағанмын. Тіпті әп-сәттің арасында-ақ олар қолымда жүретін. Даланың ыстығына шыдамай үйдің қою көлеңкесіне келетін мұндай көбелектер аңқау да болады. Тек айлаң болсын!
Өзіме-өзім берікпін. Қане, пәлем, бір оңтайлы жерге қонып көрсінші! «Оның үстіне, – деймін ішімнен, – екі көзің сау болып, келешекте осы құдайдың үйінде оқимын десең, мүлт жіберме? Егер ұстай алмасам!…»
Көбелек көзімді қыздырып үй ішінде олай да, былай да ұшып жүр. Тіпті қонатын ойы жоқ сияқты. Мен бір орында қаққан қазықтай сілейіп тұрмын. Мен ғана емес, үйдегілердің бәрі құлаққа ұрған танадай селт етпей отыр. Тезірек бір ыңғайлы жерге қонса екен! Бимен бұйрығын өзгертіп, басқа біреуді жұмсап қоймаса жарар еді!
Іштей қаупім осы. Бір сәт буындарым дірілдеп, жүрегім лобылып кетті. Солай тұрғанымда көбелек манағы Кенжебек ұстай алмай қалған жүк үстіне кеп қонды. “Ал, Шар кітап, жайшылықта шебер-ақ ең. Көрсет енді өнеріңді”.
Жүріп барам ба, жүзіп барам ба, өзімде білмеймін. Кірпік қақпай қадалған көзім ғана емес, бүкіл тұлғам бір-ақ мақсат үшін жұмсалған. Ол-көбелек. Демімді ішіме тартып алғам. Бас бармағым мен сұқ қолым жалпылдап тұрған қанатқа жетті. Сол кезде көбелек қанаттарын біріктіре жұма қойды. Мен де шап бердім. Көбелек қолымда. Оның енді тек аяқтары ғана жыбырлайды. Балалар у да шу болды да қалды. Ентіге дем алып Бименнің алдына жетіп бардым.
– Мінекей көбелек, дамулла! Алыңыз!..
Бимен көбелекті қолына алды.
– Қандай әдемі-ай өзі, ә? – дейді ол қырылдай күліп. – Сен енді, Рахат, күнәңді ақтадың. Періштелерім солай деді. Қане, молда-патшалар, енді алаңдамай сабақтарыңды оқыңдар, ә?
Үйдің іші баяғы ызыңдаған әр түрлі әнге қайта толды. Тоғызбек пен Кенжебек бұдан кейін маған ләм деген жоқ. Білім табалдырығын аттаған бірінші күнім осылай өтті де, үйге көңілді оралдым.

Рахметолла РАЙЫМҚҰЛОВ

ПІКІР ЖАЗУ