Cәні мен салтанаты келіскен – әз-Наурыз
Еліміздің білім саласын дамыту бағытында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен 2021-2025 жылдарға арналған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет үшін бағдарлама аясында мектепке дейін және орта білім беруді дамыту реформасы өзекті болып отыр.
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында айтылған жаңа модельге сай «Ойын арқылы оқыту» қағидаты негізінде өзгертілген мемлекеттік стандарт туралы, «Үздіксіз білім берудің ең маңызды деңгейі – балабақшадағы тәрбиелеу мен оқыту. Зерттеулерге сәйкес, баланың интеллектуалды, әлеуметтік, эмоционалдық, физиологиялық дамуына балабақшалардың әсері орасан зор. Сол себепті балаларды ерте дамытудың жаңа моделі енгізілді» деп атап өткен болатын. Атап айтар болсақ, жаңа модельдегі негізгі міндет өз өзіне сенімді, төзімді, дені сау, ашық және креативті ойлайтын, еңбекқорлық пен білімге құштарлық құндылықтарын бойына сіңіріп балабақшадан тәрбиеленіп шығуды көздейді.
Осы орайда қазір барлық балабақшаларда жаңа стандартқа сай жаңа талаптар қойылып жатыр. Сондай-ақ балабақшаларда алдымен тәрбие мәселесіне жіті көңіл бөліп, ұлттық тәрбие, ұлттық педагогика неіздеріне сүйене отырып ұлттық құндылықты ұрпақ бойына сіңіру бойынша нақты жоспарлар жүзеге асырылып жатыр. Астанадағы жеке меншік «Саламат» балабақшалар желісі мемлекеттік жаңа стандартқа сай жұмыс жүргізуде мемлекеттік балабақшаларға да үлгі-өнеге боларлық тәжірибеге бай. Балабақша құрылтайшысы Гүлсара Нұрсейітқызы мемлекет енді қолға алып жатқан жаңартылған стандартқа сай жұмыс жүргізуді осыдан 10 жыл бұрын бастаған-ды. «Саламат» балабақшалар желісі құрылған күннен бастап, тек қана қазақ тілі, ұлттық ас мәзірі, ұлттық құндылық, бала үшін қажет комфорт, жауапкершілік және тазалық қағидасымен жұмыс істеп келеді.
Балабақша ұжымы биылғы Ұлыстың ұлы мейрамы – Наурызды ерекше көңіл күйде сән-салтанатпен атап өтті. Алты күн бойы, балабақшадағы алты топ ұлттық салт-дәстүрдің мәні мен маңызын ашып, мағынасын ұғу мақсатында арнайы бағдарламалар дайындап, ата-аналарды тәнті етті. Мектеп жасына толмаса да ұлттық өнер, әдет-ғұрыпты бойларына сіңіріп қана қоймай, асқан шеберлікпен көрермен назарына ұсынудың жөні бөлек. Домбыра шертіп, күй тартудан бастап, ою-өрнектің құпия тылсымынан сыр шерткен «Қош келдің, әз-Наурыз» атты алты күнге жалғасқан іс-шараның бір күні «Бесіктегі бала бес түлейді» деген тәмсілмен бесікке салу, бір күні тұсау кесу, бір күні арқан тарту, асық ату, «тыштыма» секілді салтпен таныстырып, ақпараттық-танымдық үйлесімділікке ұласты.
Сондай-ақ әр топ Гүлсара Нұрсейітқызы өзі тұсауын кескен «Шырақ», «Томирис», «Аяла», «Балауса» секілді бүлдіршіндердің атымен және «Алаш», «Асылмұра» деп аталды. Алты күн бойы «Саламат» жекеменшік балабақшалар желісіне тиесілі Әйтеке би және Қабанбай батыр көшесінде орналасқан балабақшаларының барлық балалары мен ата-аналар ат салысты. Балабақша құрылтайшысы, рухани тәрбие беруде бүлдіршіндердің анасына айналған Гүлсара Нұрсейітқызы Домалық ана, Ұмай ана сынды қазақ аналарының образын сомдап, балаларды жаңа келіп жеткен қоян жылы образында және 22 наурыз күн мен түннің теңелуінің мағнасын балаларға түсіндіру мақсатында кішкентай талантты бүлдіршіндердің сомдауында Ай мен Күн образын сәтті ойластырыпты. Жердің тоңы жібіп, алғашқы көк дүркіреп шыға бастаған кезде шыбық қадап, тал отырғызу – сауапты іс екенін жас санаға құя білу мақсатында ағаштың түбіне ақ құю дәстүрін де ұмыт қалдырмады. Бата беру, шапан жабу, ақ жаулық сыйлау секілді кәделі сәттер де ерекше бір талғаммен ойластырылыпты. Ән мен күйден әуелеген әуен, мың бұралған бимен көмкерілген салтанатты мерекеде қазақтың ұлттық ас мәзірінің алуан түрі, наурыз көже тіл үйірер дәмімен жиналған көпшіліктің көңіліне шуақ құйып, мәре-сәре күйге бөледі. Айқара ашылған құшақтар мен ақтарлыған ақ тілектер, ұлттық өрнек кестеленген, ою-қиюы ойылып, әсемделген алаша-кілемдер көне қазақтың жарасымды келбетімен астасып, талайды таң-тамаша етті. Тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланған балабақша тәрбиешілері мен кішкентай бүлдіршіндердің үстіндегі арнайы тігілген бүрмелі көйлек, оюлы шапан, бешпет, кәжікей – ұлттық киімдер Наурыз мейрамының сәніне сән қосып, шырайын кіргізді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, Гүлсара Нұрсейітқызының идеясына уыздай ұйыған ұжым бір cәттік көз арбаған әсерлі көріністер арқылы айнала дүниеге эстетикалық талғам, этикалық мән-мағына беріп, қазақ халқының өзіне тән өмір салтының мазмұнын бір ғана Наурыз мейрамының сценариіне сыйдыра білгендігімен таңқалдырды.
Мемлекеттік деңгейдегі кез келген мерекеден бастап, балабақшадағы әр бір жанның туған күнін символикалық маңызға ие деңгейінде тойлауды қалыпты дәстүрге айналдырған «Саламат» балабақша ұжымының игі ісі «для голочки» жағдайға бейімделген көптеген ұжымның ұнжырғасын түсіріп, ұятын оятса деген игі тілегіміз бар.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ