Тәуелсіздік – ұланымын

Тәуелсіздік – әр халықтың ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы. Ол – ата-бабамыздың қаны мен тері, күресі мен қайраты арқылы келген қасиетті ұғым. Мен үшін Тәуелсіздік – жай ғана тарихи дата емес, ол – менің елге деген махаббатым, жүрегімдегі мақтанышым, болашағыма деген сенімім. Сондықтан мен: Тәуелсіздік – ұланымын, деп нық сеніммен айта аламын.

Қазақ халқы ешқашан азаттықтан бас тартпаған. Ел болу жолында талай зұлматты кезеңдерді бастан өткерді. Жоңғар шапқыншылығы, патшалық отарлау, кеңестік жүйе – мұның бәрі халқымыздың еркіндігін тұсаулауға тырысқан ауыр кезеңдер еді. Бірақ рухы мықты халық ешқашан сынбады. Абылай хан, Кенесары хан, Исатай мен Махамбет сынды батырлар ел намысын қорғап, ұрпағына еркіндік жолын аманат етті. Олардың күресі бүгінгі бейбіт өмірдің негізін қалады.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы – Тәуелсіздікке бастар соңғы әрі шешуші қадамдардың бірі болды. Жастардың ерлігі мен қайсарлығы бүкіл әлемге қазақ халқының еркіндікке деген ұмтылысын көрсетті. Сол күндері алаңға шыққан ұл-қыздар өз өмірін қатерге тігіп, ұлттық намысты қорғады. Олардың батылдығы Тәуелсіздіктің таңы атуына жол ашты. Біз сол ерліктің жемісін көріп отырған ұрпақпыз. 1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, әлем картасында дербес мемлекет ретінде орнықты. Бұл – халқымыз үшін тарихи әрі тағдырлы кезең болды. Тәуелсіз ел болу – үлкен бақыт қана емес, зор жауапкершілік. Өз тағдырымыз өз қолымызға тиді. Тіліміз, дініміз, дәстүріміз қайта жаңғырып, ұлттық құндылықтарымызды еркін дамытуға мүмкіндік туды.

Мен Тәуелсіз Қазақстанның ұланымын. Бұл сөз мен үшін үлкен мақтаныш әрі аманат. Себебі елдің болашағы – бүгінгі жастардың қолында. Біз білімді, саналы, отансүйгіш болсақ қана Тәуелсіздіктің тұғыры биік болады. Білім алу, еңбек ету, елге қызмет ету – әрбір жастың басты міндеті. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген сөз осыны дәлелдейді. Бүгінгі Қазақстан – дамып келе жатқан, әлемге танылған мемлекет. Елордамыздың еңселі болуы, ғылым мен білімнің дамуы, жастарға беріліп жатқан мүмкіндіктер – Тәуелсіздіктің айқын көрінісі. Осындай елде өмір сүріп жатқанымды мақтан тұтамын. Бұл мені алға ұмтылдырып, үлкен мақсаттар қоюға жетелейді.

Тәуелсіздік – тек өткеннің жемісі емес, болашақтың кепілі. Оны сақтау, қорғау – біздің борышымыз. Елге адал қызмет етіп, заңды құрметтеу, бірлікті сақтау арқылы ғана Тәуелсіздігіміз мәңгі болады. Мен өз Отанымды сүйемін, оның әр жетістігіне қуанып, әр қиындығына алаңдаймын. Себебі мен – Тәуелсіз елдің ұланымын. Тәуелсіздік – менің өмірлік құндылығым, ұлттық мақтанышым. Оны көздің қарашығындай сақтау – әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы. Болашақта қай салада жүрсем де, ел мүддесін жоғары қойып, Тәуелсіз Қазақстанның дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Себебі Тәуелсіздік – ұланымын деп айту – мен үшін ең үлкен мәртебе.

Әділет Қабиденұлы

ПІКІР ЖАЗУ