Qaisar Games чемпиондары анықталды

Астанада ерекше спорттық шара III Qaisar Games чемпиондар ойындары өтті. Бұл ойындарға қатерлі ісікті жеңіп шыққан және ауыр диагноздарды еңсерген балалар қатысты. Чемпиондар ойындарына Қазақстанның барлық өңірінен жас спортшылар жиналды. Бағдарламада жеңіл атлетика, жүзу, мини-футбол, үстел теннисі, шахмат және ұлттық ойындар асық ату мен тоғызқұмалақ бар. Сондай-ақ шығармашылық шеберлік сабақтары мен ата-аналарға арналған оқыту сессиялары қарастырылды.Бұл сайыс жүлделерді үлестіруді емес, балаларға сенім сыйлап, достықты нығайтып, өмірге қайта бейімделуге мүмкіндік береді. Әр жарыс күні қайсарлықтың, үміттің және болашаққа деген сенімнің көрінісі.
«Жыл сайын шамамен 1500 бала онкологиялық аурумен күресіп жатады. Оның 300-ге жуығы бірінші сатыдағы диагноз алады.
Ондай қиындыққа тап болғанда әрбір адам күйзеліске түседі. Бірақ, біз барлығын жеңіп шығамыз. Оның бәрі біздің қоғамның жемісі деп білемін», – деп UMC басқарма төрағасының орынбасары Әйгерім Ағабекқызы ақжарма тілегін айтты.
Ойындардың ашылу салтанаты Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында өтті. Шараға қатысушылардың қуанышты жүздері, ата-аналардың мақтанышқа толы көздері мен жанкүйерлердің ыстық қолдауы ерекше әсер қалдырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жобаның мақсаты ауыр сырқаттан айыққан балалардың толыққанды өмірге қайта оралуына жағдай жасау. Медициналық емнен кейінгі ең күрделі кезең – әлеуметтік бейімделу. Дәл осы жерде спорт пен шығармашылық балаларға өз күшіне сенуге, жаңа достар табуға көмектеседі.
QAISAR GAMES балалардың жеңісін ғана емес, ата-аналардың төзімін, дәрігерлердің еңбегін, қоғамның қамқорлығын паш ететін үлкен мереке.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Qaisar Games – медаль үшін жарыс емес. Бұл ойындардың басты миссиясы – емнен кейінгі кезеңде балаларға психологиялық, физикалық және әлеуметтік қолдау көрсету.
Бұл балалар диагноз туралы емес, рухтың күші туралы. QAISAR GAMES әр балаға толыққанды өмір сүру құқығын бекітеді. Оқуға, ойнауға, армандауға, – дейді «Феникс» қорының директоры Ләйла Түсіпбаева.
Сондай-ақ қор директоры бұл ойындар қатерлі дертті жеңген немесе бауыр, бүйрек, жүрек секілді ағзаларын ауыстыру отасын өткерген балаларға арналған.
Бұл жарыс балалар үшін кәдімгі спорттық турнир емес, оларды қуантып, өмірге деген құштарлығын арттыратын мереке. Мұнда балалар өз құрдастарымен танысып, араласып, әлеуметтік дағдыларын дамытады және жеңістеріне қуанады, – деді ол.
Чемпиондар ойындары Қазақстанда үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Алғашқысы 2019 жылы, екіншісі 2023 жылы өткен. Биыл 167 бала қатысты. Олардың дені Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан келген. Қатысушылардың жасы 5 пен 17 жас аралығында. Әр бала дәрігердің рұқсатын алып барып жарысқа жіберілді.
Ойындарда 10 спорт түрі қамтылған. Әрбір бала өзінің қалауына сай жарысқа қатыса алды. Кейбір сайыстарға жас шектеулері қойылды, мысалы, атудан 12 жастан бастап қатыса алды. Бірақ жалпы талаптар қатал емес, басты мақсат – балалардың спорт арқылы қуанышқа бөленуі, – дейді Ләйла Түсіпбаева.
Ойындардың бастамашылары – университеттің медициналық орталығының психологтары, әлеуметтік қызметкерлері мен тәрбиешілері. Олар халықаралық тәжірибені зерттеп, осындай жарыстардың өзге елдерде табысты өтіп жүргенін байқаған.
Біздің балалар да осындай мерекеге әбден лайық, – деп атап өтті қор басшысы.
ҚР құрметті спорт қайраткері, Спортшылар одағының мүшесі Дамир Сатыбаев III Qaisar Games – чемпиондар ойындарының маңыздылығы туралы пікірін білдірді.
Оның айтуынша, онкология бұрын өлімге әкелетін диагноз ретінде қабылданса, бүгінде балалардың өмірін сақтап қалу мүмкіндігі артып отыр. Алайда науқастан айыққаннан кейін арнайы оңалту жүйесі жеткілікті дамымаған.
Осындай жарыстар балаларға жалғыз емес екенін сезінуге көмектеседі. Олар бір-бірімен танысып, жаңа достар табады, өмірдің спорт арқылы жалғасатынын көреді. Бұл ата-аналарға да үлкен қолдау, өйткені олардың балалары аурудан кейін де бақытты өмір сүріп, дами алатынын дәлелдейді, – дейді ол.
Сатыбаевтың айтуынша, чемпиондар ойындары спорттық жарыстан гөрі мерекелік сипатқа ие.
Мұнда балалардың басым бөлігі ұзақ уақыт емделіп, ауруханада жатып шыққан. Сондықтан жарыстарда үлкен физикалық жүктемелер жоқ. Олар эстафета, жүзу, атудан жарысады, бірақ бастысы – бұл кездесудің достық пен қуаныш әкелуі, – деді спорт қайраткері.
Спортшылар одағы екі жыл қатарынан «Феникс» қорымен серіктестік орнатып, ойындарды ұйымдастыруға қолдау көрсетіп келеді.
Біз мұндай бастамалардың жыл сайын өтуін қалаймыз. Бұл – нағыз өмірге құштарлықты оятатын шара. Әрбір балаға қуаныш сыйлау – біздің парызымыз, – деді.




