«Мөлдір бұлаққа» — 22 жыл

2002 жылы «Qazaqstan dauiri» (Бұрынғы «Қазақстан-Заман») газетінің аясында жас зиялыларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналы жарыққа шықты. Содан бері әне-міне дегенше жиырма екі жыл өте шығыпты. Тәуелсіздігіміздің оныншы жылы жарыққа шыққан журнал тәуелсіз елдің перзенттеріне тоқтаусыз қызмет етіп келе жатыр. Егемендік алғанға дейін «Балдырған», «Ұлан», «Ақжелкен» секілді бірнеше ғана балалар газет-журналдары болса, дербестігіміздің шарапаты арқасында балаларға арналған бірнеше басылым өмірге келді. Біздің басылымда тәуелсіздіктің төл тумасы. Күн сайын өсіп келе жатқан жас мемлекетіміз үшін басылым көптік етпейді. Әр басылымның өз оқырманы, өз тұтынушысы бар. Кім қаншалықты қызмет ете алады, соншалықты нәтиже көрінетіні анық.

 

Журналдың ең басты ерекшелігі жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу. Мемлекетшілдік көзқарасты сәби шағынан бастап санасына сіңіре отырып ертеңгі елдің қожалары өздері екенін сездіру. Онан ары мемлекетті құраушы негізгі қазақ ұлтын түп қазық ете отырып, ұлттық құндылықтар мен ұлттық менталитетті жүректеріне сіңіру. Жастық шақ – ең үлкен байлық, оқығанын ұғатын, үйренгенін меңгеретін, мақсатына жететін ғажап шұғылалы кезең. Ендеше сондай бір мүмкіндікті пайдалана отырып білім алуға, биіктерге ұмтылуға жетектеу журналдың тағы бір басты міндеті. Ұрпақ тәрбиесі жөнінде әл-Фараби бабамыз айтып кеткен «Тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат алып келеді» деген қағиданы терең түсініп, күллі жұмыстың басына тәлім-тәрбиені қоя отырып, білім беру дәуір талабы, уақыттың қажетілігі. Журналдың оқушыларға жетуінің де осындай өзіндік сыры бар.
Отбасындағы ата-ана тәрбиесінің деңгейі әр алуан, мейірімі мол болғанымен мүмкіндігі шектеулі. Ұстаздар оқулықтың аясында сабақ өтеді. Қосымша балалар басылымдарын, әдебиет пайдалана бермейді. Оқушы мектеп пен университеттен бар білімді алып, мол қазынаны қамтып шыға алмайды. Баланың сауаты ашылып, көкжиегі кеңейген сайын, үйренгеннің үстіне үйреніп, білгеннің үстіне біле түскісі келеді. Ол үшін кітапқа жүгінеді, газет оқиды, журнал парақтайды. Өйткені Хакім Абай атамыз «Артық білім кітапта» деп, айтып кеткен. Данышпандар «Кітап оқу тоқтаған жерде, ойлауда тоқтайды» деген екен. Ойсыз адам жайылып жүрген малмен тең, адам мен малдың айырмашылығы да санасында, оның ішкі руханиятында. «Кітап бетін ашпаған ұрпаққа болашақта есік ашпайды».
Газет-журнал тек қана ақпарат тарату үшін, ақпаратпен қоғамды қамту үшін ғана жарық көрмейді. Ол білім бұлағы, таным мен тағылымның өрісі, тіпті көркемдіктің көкжиегі. Солай болғандықтан да, «Мөлдір бұлақ» журналы өз жауапкершілігін сезіне отырып, ұлттың келешегіне қызмет етумен келе жатыр. Басты оқырманы мектеп жа-сындағы тәрбиеленушілер болғандықтан, шәкірттердің шығармашылығына басымдылық беріп, жасампаздығын жетілдіруді көздейді. Оқушылардың жазған тақпақтарын, эсселерін, салған суреттерін, ой-пікір сәлем хаттарын басып шығарып шабытына шабыт қосып, «Бұлақ көрсең көзін аш» деген өнегелі жолмен балалардың жолын ашу, жолдасын білім ету. Осымен ғана шектеліп қалмай, ұстаздар ұлағатын, ата-аналар кеңесін, ұлы адамдар өмірін, ғылым-техниканың жаңалықтарын жатпай-тұрмай іздеп тауып, жарыққа шығарып отырамыз. Журналда жүзден аса айдар, тұрақты мінберлер бар. Ел ішіндегі жаңалықтар мен әлемдегі таңғажайыптар туралы да сыр шертуді ұмытпаймыз.
«Мөлдір бұлақтың» кешегі балғын оқырмандары бүгінгі елдің үміт артар таянышы, сенімді тірегіне айналды. Балғын басылымның «Жас тілшілері» бүгінгі қарымды қаламгерлер дәрежесіне жетті. Олар егеменді еліміздің ақпарат кеңістігінде аянбай тер төгіп келе жатыр. Арғысын айтпағанда, жас тілшілер қатарында қалам тартып жүрген үш түлек былтырдың өзінде жоғары оқу орындарына грантқа түсіп білімдерін жалғастырып жатыр. 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына, 2021 жылы Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына, 2022 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жыл-дығына, 2023 жылы Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына байланысты эссе жазудан байқау өткіздік. 2024 жылы балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай байқау өткіземіз.
«Мөлдір бұлақ» 2002 жылдың ақпан айында жарық көріп, «Қазақстан-Заман» газетінің аясында шығып тұрды, алғашқы Бас редакторы Сумейра Абжы болды. Онан кейінгі басылымның басшысы журналист Раушан Кәрішалова. 2005 жылдың қараша айынан 2018 жылға дейін журналға ҚР «Мәдениет қайраткері» Кучукова Жанастан Тұрсынқызы бас редактор болды. 2018-2021 жылдар арасында ҚЖО-ның мүшесі, ақын, «Серпер» сыйлығының иегері Саят Қамшыгер Бас редактор болып қызмет етті. Онан кейінгі кезек бізге нәсіп болды. Журналдың 5, 10, 15 жылдығы кезінде Қазақстан журналистер одағының арнайы депломымен марапатталды. 2006 жылы «Алтын жұлдыз» сыйлығын алды. Міне, 2024 жылдың басын Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевтың қолынан Алғыс хат алудан бастадық.
Міне, біз журналдың 22 жылдығына қадам бастық. Алда тың тақырып, озық ойлармен өздеріңізді қуанта береміз деген ойдамыз. Көзқарасыңды байытып, шығармашылық белсенділігіңді арттырып, біліміңді тереңдете түсу үшін «Мөлдір бұлақ» журналына жазылуың қажет. Кітапқа, газет-журналға дос болғанның өмірде бос болғаны жоқ.

Дәулетбек Байтұрсынұлы,
«Мөлдір бұлақ» журналының
Бас редакторы

ПІКІР ЖАЗУ