«МЕНІҢ АТЫМ – ҚОЖА» қуыршақ театрында

Балалардың шығармашылық, қызығушылық қабілетінің, көркемдік талғамының дамуының бірден бір жолы – театр. Театр әр балаға қуаныш, қызық, ұмытылмас әсер сыйлайды. Балалар тілін дамытуда, олардың өмірге деген көркемдік көзқарастарын қалыптастыруда театрландырылған қойылымдар ерекше рөл атқарады. Балалардың көркемдік талғамын, қиялын дамытады.
Мемлекеттік қуыршақ театры Бердібек Соқпақбаевтың әлемге танылған «Менің атым – Қожа» шығармасын тұңғыш рет қуыршақ бейнесінде сахналап, көрермен назарына премьерасын ұсынды. Премьера аясында Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Алиевке, сондай-ақ еліміздің руханиятына өшпес із қалдырған ұлт қаламгерінің қызы – Самал Соқпақбаеваға арнайы шақыру табысталды.
Қазақ балалар әдебиетінің алтын қорынан ойып орын алған классикалық туынды – ұлт руханиятының мәңгілік құндылықтарын дәріптейтін шығармалардың бірі. Халықтың сүйікті кейіпкеріне айналған Қожа бейнесі сахна төрінде қуыршақ өнерінің тілімен жаңаша сипат алып, кішкентай көрерменнің жүрегіне жол тартты. Қойылымның режиссері – Еркебұлан Қабдыл. Ол өз еңбегінде шығарманың басты идеясы балалықтың шынайы әлемін, өжеттігі мен аңғал тазалығын сақтай отырып, қазіргі заман баласына түсінікті әрі тартымды түрде жеткізуді мақсат еткен. Инсценировка авторы Дамир Амантай көрерменге әдебиет пен театрдың түйіскен тұсында жаңа көркемдік шешім ұсынады. Оның драматургиялық нұсқасы Қожаның ішкі жан дүниесін, арман-қиялын және өмірге деген көзқарасын қуыршақ театрының поэтикасына үйлестіріп, шығарманың рухын терең ашады. Жетпіс жылға жуық уақыт өтсе де, қаймағы бұзылмаған Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесі бүгінгі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Бұл туынды арқылы талай буын ізгілік пен кереғарлықтың, еркіндік пен еркеліктің аражігін ажыратып, адамдықтың ақ жолын таңдауға үйренді. Қуыршақ театры сахнасына лайықтап, қайта түрлендірген инсценировка авторы – жас драматург Дамир Амантай, ал спектакльдің режиссері – қуыршақ театры өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, түрлі жанрдағы спектакльдерді сахналап жүрген Еркебұлан Қабдыл.
Еркебұлан Қабдыл: «…Жаңа спектакльде көрерменге бұрыннан таныс Қожаның бейнесі жаңаша қырынан ашылады. Оның тентектігі мен еркелігінің астарында жатқан адамгершілік, қамқорлық және таза сезім нәзік түрде көрініс табады. Қожаның Жанарға деген риясыз сүйіспеншілігі, Жантасқа деген жанашырлығы мен әділдікке ұмтылысы арқылы шығарманың басты идеясы – балалық пен адамдықтың үйлесімі – сахнада көркем қуыршақ тілімен әсерлі баяндалады…» — дейді режиссер.
«Менің атым Қожа» – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан қазақ әдебиетінің қазынасы. Бұл туындының қуыршақ театры сахнасында жаңаша түрленуі – ұлттық мәдениет пен заманауи өнердің тоғысуының айқын көрінісі. Спектакль жас көрерменге өмірдің мәнін, адамдық пен ізгіліктің құндылығын ұқтырып, жүрекке жылылық ұялатады. Қойылымның бейнелік әлемін қалыптастырған суретші Юлия Чернова балаларға таныс ауыл тіршілігін, мектеп өмірін және Қожаның еркін мінезін бейнелейтін сахналық кеңістік пен қуыршақ кейіпкерлерді көркем шешіммен ұсынды. Музыкалық әрлеуді композитор Нұрсұлтан Төреәли орындаған. Оның әуендері оқиға желісін сезіммен өріп, Қожаның көңіл күйін әуез арқылы жеткізеді. Ал қойылымның би қимылдарын балетмейстер Ринат Билибаев сахна ырғағына үйлестіріп, көріністерге серпін мен ойындық сипат берді. Қазақ балалар әдебиетінің алтын қорына енген Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» туындысы тұңғыш рет қуыршақ театрының сахнасында жаңаша сипат алып, көрерменмен қайта қауышты. Шығармашылық құрам: Режиссер: Еркебұлан Қабдыл. Инсценировка авторы: Дамир Амантай. Суретші: Юлия Чернова. Композитор: Нұрсұлтан Төреәли. Балетмейстер: Ринат Билибаев. Рөлдерде: Ерсұлтан Тезекбай –Қожа, Дәулет Бақыт – Сұлтан, Қаламқас Бекенова – Жанар, Ернар Оралов – Жантас, Ханшайым Серікова – Майқанова, Мадияр Ұлдахан – Сәйбек қарт, Жұмағұл қарт.
Мерейлі 90-шы маусымдағы өнер ордасының кезекті премьерасы – әдеби мұраны заманауи сахна өнері арқылы насихаттаудың бірегей үлгісі. Көрермен Қожаның күлкі мен қайшылыққа толы балалық әлеміне еніп, оның ой-санасының қалыптасу жолына куә болды. Қойылым тек балаларға ғана емес, ата-аналар үшін де әсерлі болды, өйткені әрбір ересек көрермен өз балалық шағын, алғаш жасаған қателіктер мен арман-қиялдарын Қожаның бейнесінен қайта табқандай болды.
Алмат Амангелді, Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры: «Біз үшін Бердібек Соқпақбаевтың шығармасын қуыршақ театры сахнасына шығару – үлкен жауапкершілік. Бұл туынды әр буынның жүрегіне жол тапқан. Енді сол рухани мұраны қуыршақ өнері арқылы жаңғыртып, жас көрерменге жеткізу – біздің басты мақсатымыз».
Қуыршақ театрында Бердібек Соқпақбаевтың “Менің атым Қожа” спектаклінің премьерасы өтуіне орай Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №33 балалар кітапханасы арнайы кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеде қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың өмірі мен шығармашылығына, сондай-ақ оның ең танымал туындысы “Менің атым Қожа” шығармасына арналған кітаптар мен материалдар қойылды.
Гауһар Тұрсынқожа




